Халқымыздың асылынан артық қастерлеп үкі таққан, жалғызындай аялап қақ төріне ілген ең қымбат һәм ең сүйікті музыкалық аспаптарының бірі – домбыра. Сан ғасырлық тариыхты жеткізуші, өткен мен бүгінгі күннің арасын жалғаушы құдіретті аспаптан шыққан күй баһадүр батыр бабаларымыздың үні іспетті.
Қазақтың Қадырының «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауында үлкен мән бар. Жуырда күймен жанды баураған әдемі де әсерлі кештің куәсі болдық. Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы Ханзада Самиғалиқызы шәкірттерінің «Домбыра дастан» атты есеп беру концерті жоғары деңгейде өтті. Домбыраның шанағынан күй төккен әсем шараға аталмыш мекеменің қызметкерлері, ата-аналар және ұстаздар қауымы қатысты.
Кеш шымылдығы 11 оқушыдан құрылған шағын ансамблдің орындауындағы Абай атамыздың «Торы жорға» атты күйімен түрілді. Одан әрі ансамбль Б.Әбеновтің «Желдірме», Сүгірдің «Ыңғай төк», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін бабына келтіріп тартты. Заңғар Батыр, Әмина Өмірзақова және Меруерт Хамза үшеуі бірге «Ілме» атты халық күйін орындады.
Облыстық, республикалық байқауларда бәйгенің алдынан келіп жүрген өнерлі өрендер Дінмұхаммед Сиықов, Гүлсая Өмірзақова, Томирис Нағымова, Ақбота Қадырқұлова, Айымгүл Мергенғалиевадан құрылған квинтет «Ғасырлар тоғысында», «Қолбасшы», «Кербез сұлу», «Талас», «Бейбітшілік» атты күйлерді орындап, көрермендерге тамаша көңіл күй сыйлады.
Құрманғазы бабамыздың «Байжұмасын» шебер ойнаған Дінмұхаммед Сиықов көпшілікке «бәрекелді!» дегізді. Асыл Мергенғали, Нұрәлі Арматұлы, Ертөре Бақытқалидан құралған трио «Испан биі» атты шығарманы өз деңгейінде жеткізе білді. Концерт өз мәресіне жеткен тұста ата-аналар ойларын ортаға салып, Х.Самиғалиқызына ризашылықтарын білдірді.
- Бұл сыныптың оқушыларынан үлкен үміт күтеміз. Өнерлерің үстей берсін. Алдынғы буын домбырашылардың ізін басады деген сенімдеміз. Жас домбырашылардың көрсеткен өнеріне тәнті болып, бір серпіліп қалдық. Осы оқушыларды тәрбиелеп, бар білгенін үйретіп келе жатқан Ханзада Самиғалиқызына үлкен алғысымды білдіремін. Өнерлі де өрелі шәкірттерің көп болсын, сеніміңді ақтай берсін!, - деді Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің директоры Нұралы Ихсанов.
Күй – ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың асыл мұрасы. Оның өміршеңдігінің өлшемі уақыт талғамайтын, кезең, дәуір шаңдағында қалып қоймай, әр заманның рухани тілегіне сәйкес, жоғары интеллектуалдық парасаттылығымен табындырып, өзгеше өрнегімен таразыланады. «Жаңақалаға барып күйшімін деме» деген ел аузындағы нақылды ұялмай айтатындай күйшілеріміз, домбырашыларымыз көп болғай.
Жанайдар Болатбекұлы
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz