5.11.2021, 10:29
Оқылды: 61

Тағы да бала тәрбиесі туралы

Оқыс уақиға, кесапат келеңсіздік, көлденең апат дегендердің ішінде балаларға байланысты жағдайларды естігенде, қабырға қайысады. Педофилия,  суицид,  терроризм... қойшы, әйтеуір, балаларды торыған қатер көп.  Мектепке де қорқа-қорқа жіберетін болды жұрт осы күні балаларын.

8

Басқа-басқа, астанадағы Назарбаев  зияткерлік мектебінде болған жағдай көп нәрсеге көзді ашып қарау керегін тағы да бір рет қатаң ескертті.

«Оқу-тәрбиені қатырып жатырмыз» деп берілетін  есеп көп, ақпарат ағыл-тегіл.

Қорытынды қайсы?

Бір қате бары анық,  тек сол қай жерден кетті? «Күтілетін нәтиженің»  орнына күтпеген нәтижелерге ұшырап қала беретініміз несі?  «Тәрбие»  атты күрделі де нәзік, ұзақ мерзімді процестің доңғалағы кері айналып, теріс  жаққа кетіп бара жатқан сияқты көрінеді   кейде...

Өзіңіз қараңызшы, мектептердегі ірілі-ұсақты төбелестер,  балалар арасындағы әлімжеттік, қоқан-лоқы мен ақша талап ету, мұғалім мен оқушы арасындағы түрлі келіспеушіліктер, педофилия,  суицид, тағы не, Құдай-ау,  баласы мектеп жасындағылардың жүрегін суылдататын, былайғы жұртты да бей-жай қалдырмайтын ахуалдар күн сайын құлақ қа шалынып,  көзге көрініп жатады. Әсіресе әркімнің «өз мінбері»  бар  әлеуметтік желілер күшінде тұрған мына заманда  қандай жаңалық талақ етіп, жедел тарауда.

Алматыда  Назарбаев зияткерлік мектеп оқушысының жоғарғы қабаттағы терезеден секіріп, қаза болғаны жөніндегі суық хабар да елдің түкпір-түкпіріне лезде жайылды.

Әзірше ұққанымыз,  мектептегі «Хеллоуин»  шарасына  қызша киініп,  етекпен келген  8-сынып оқушысына  жетекшісі ескерту жасайды. Сол жерде келіспеушілік туып, дауға ұласады. Оқушылар мен мұғалім арасындағы  көзқарастар  қарама-қайшылығы, сөз таластыру, кішінің мойындамауы, үлкеннің шамданып, ашуға басуына  соқтырған дәлелдер бар. Аяғы – қасірет.

Жалпы  Хеллоуин  деген қандай мереке өзі? Қазанның 31-нен қарашаның 1-іне қараған түні әлемдегі барлық адамдар АҚШ пен Канаданың соңынан еріп, бүгінде мәні мен мағынасын көбі түсіне бермейтін Хэллоуин – пұтқа табыну мерекесін атап өтетінді салтқа айналдыра бастаған. Ішінде біздің ел де бар.

WhatsApp Image 2021-11-05 at 10.17.21

Дін және қоғам қайраткерлері оны коммерциялық жоба мен мәдени отарлау құралы десе, педагогтер мен психологтар зұлымдық бейнесі мен ойындардың, әсіресе жас балалардың жетілмеген психикасына қауіп төндіруі мүмкін деп қорқып отыр.

Бүгінде қоғамымызда үй аруақтары және тағы сол сияқты сұрықсыз атрибуттармен белгілі Хэллоуинді атап өткісі келетіндерге маскарад костюмдерін сатып алуға жарнамалар, түнгі клубтардағы қорқыныш би кештері т.б. бар екенін жоққа шығара алмаспыз. Пұтқа табынушылар кезінде адам мен рухтар әлемінің арасындағы бөгет жойылып, жақсы рухтар да, зұлым рухтар да жерді кезіп жүреді деп сенетін болған. Сондай-ақ олар өлілердің рухтары өз үйлеріне қайта келеді деп есептеп, оларға жағу үшін ас-су әзірлеп қояды екен. Сондықтан бүгінде аруақ не мыстан болып киінген балалар   Самайн мейрамы жораларының қайта жаңғыруына үлес қосып жүргендерін өздері де байқамайды.

Қазақы ұғыммен айтқанда, Хэллоуин – жын-шайтанның бас көтеріп,  адамдармен араласып  жүретін күні.

Жас бала еліктегіш. Ойланбастан, мән берместен көргенін жасай салу оларға әбден тән мінез. «Баламысың?» дегенді қазақ не үшін айтты  дейсіз.

Осы бір қазаққа жат мейрамсымақ біздің елге америкалық тіл волонтерларымен, шетелде оқып келген студенттермен  келіп тарағаны анық.

Сондай волонтерлардың бір-екеуі Теректі ауданының Подстепный ауылындағы «Үміт»  гимназиясында да  жүрді ертеректе.

Әлі есімде, таңертең ертемен жұмысқа келе жатсам, сыртқы есіктің оң босағасынан сап-сары бір нәрсе жылтырайды. Жақындай бере байқағаным, дәу асқа­бақтың  тұтас қабығынан тістерін ырситып ауыз ойған да, ішіне кішкентай фонарьшам жағып қойыпты.Әлде бір құбыжықтың домалап кесіліп қалған басы сияқты қорқынышты-ақ. «Биссмилламды»  айтып, ішке кіре бергенде, екі мүйізі бар, қызыл жамылғы киіп алған  волонтер жігіт алдымнан өте берді.  Жіп-жіңішке құйрығы бар тағы салбаңдаған.

Иманым тас төбеме шықты. Ол күн  Ораза  айтқа келіп тұрған және...

Дереу  түсіндіруді талап еттім.  Ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері болып,  волонтеры бар,  шәкірттері бар – бәрі жабылып мән-жайды айтқан болып жатыр.  Сол жерде Ораза айт,  Құрбан айт деген мерекелеріміздің мәнісі туралы  әңгімелеп,  біраз идеологиялық жұмыс  жүргізуге тура келді.

«Ужас»  болып ойнағанды қызық көріп жүрген балалар кішкене  қисақтап,  «Бұл тек қана ойын ғой»  деп те  көрді,  мен ырым-тиымдарды алдарына тостым.  Қысқасы, Хеллоуиннің жолын кесіп,  маскарад-костюмнің мүйізі мен құйрығын алдырып тастадым. Аузында от жанып тұрған «асқабақ-басты»  балалардың  өздері қақ жарып, қоқысқа лақтырды.

Мұны неге айтып отырмын?  Бала жаны еліктегіш, жаңаның бәрі оған таңсық,  талғамай жұта береді. Үлкендерге қарап өседі, соларды  қайталау  арқылы бойларына сіңіреді қай нәрсені де.

Ал бір сәт сын көзімен қарайықшы, не істеп жүр сол үлкендер?Бала көзімен қарағанда қандай болып көрінеді ересектер қоғамы?

Басқасын былай қойғанда,  әйелдің киімін киіп алып, боянып-сыланып, сызылып-мызылып, сонымен «жұлдыз» болып жүрген қазақтың «Верка-Сердючкаларын»  көріп өсіп келе жатқан жоқ па балалар? Сосын несіне әбес көрсін, көздері үйреніп кеткен нәрсені?

Баланың көзінше ыңғай сыз әңгіме айтпауға тырысатын бұрынғылар. «Балалар  отыр ғой,  мына жерде айтуға болмайды»  дейтінді талай естідік. Тіпті болмаса,   балаларды шығарып жіберетіндерін де көріп өстік. Қазір ше?  Әлеуметтік желіде бәрі отыр.  Бәрін оқып,  естіп отыр. Оған қоса  үйде де «аттың  басын жіберіп»,  бәрін сыпырта талқылау әбестікке саналмайтын болды.
«Осы күнгінің баласы барлығын түсінеді» деп қойып, соға беретінді шығардық. Бұған да ата-аналар дың өздері айтқан мысалдәлелдері баршылық, әңгіме ұзап кетеді  оны  келтірсем.

Сонымен  бала нені  көріп, нені естіп өсіп келе жатыр? Сыйластықты,  ізгілікті,  ибаны ма,  жоқ әлде  іс-шарада бір басқа,  өмірде мүлдем бөлек жасандылықты ма? Үлкенін сыйлаған қоғамды ма, әлде жұмыста жүрген зейнеткерлерді «Сүйретіліп неге жүр, орындарын босатсын тезірек»  деп дереу жұдырықтарын білеп, «жерлері тарылған»  бетбақтықты ма?

«Ұяда не көрсең,  ұшқанда соны ілерсің» дегенді «Қоғамда не көрсең...» деп өзгертіп айтсақ, дұрысырақ болатын сияқты.

...Аталған мектептің  оқушылары суицид жасаған баланы қолдау мақсатында акция ұйымдастырып,  сабаққа  ұзын етек киіп келген,  сонымен бірге «Мектеп әкімшілігі балалардың жеке пікірін тұншықтырмасын, «ұлдар шаш өсірмеуі тиіс, тырнақтарын алып жүруі тиіс» деген сияқты көзқарастарын тықпаламасын» деген талап айтқан. Бұған не дей аларсыз?  Жалаң тәрбиенің қауқарсыз екеніне бұдан артық қандай дәлел болуы мүмкін? «Бетің қисық болса,  айнаға өкпелеме...» Бет пен беталысты түзеп көрейік,  түзей ал­сақ...

Р.S. Осы мақаланы жазып болып, сыртқа шыққанда, анадай жерде жасы үлкен ер адамның жолын  көстеңдей кесіп бір жас келіншек  өтіп бара жатты. Қасында жетелеген  6-7 жас шамасындағы кішкентай қызы бар. Енді ол бүлдіршінге «Үлкеннің жолын кесіп өтуге болмай­ды» дегенді  түсіндіріп  көр,  мықты  болсаң.

Д. Ғазезқызы,

zhaikpress.kz

Сурет: bing.com 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале