19.03.2015, 13:00
Оқылды: 53

Медбике мейірімі

dsc_0032


Мектеп жасында жүргенде-ақ Гүлдана ауырып, төсек тартып жатқан әжесіне укол салып, қан қысымын өлшеп, науқасты оңтайлы жатқызып кәдімгідей емдеп, күтетін. Мұның бәрін ол әжесіне күн құрғатпай ем-дом жасайтын фельдшер Нағима Боранбаевадан үйреніп алған.


Кішкентай қыз сол кезде өзін нағыз ауруханадағы медбикедей сезінетін. Осы кезде-ақ оның өскенде медбике болып, сырқат жандарды емдейтініне күмәні болмайтын. Расында да, ішкі сезімімен астасқан тілегі өзі ойлағандай жүзеге асты. Ақобадағы орта мектепті бітірген бойда Орал қаласындағы медициналық училищеге қиналмай түсіп, екі жыл оқып, ойдағыдай бітіріп шықты. Аталған оқу орнында оқығанда қаладағы ауруханаларда машықтанудан өтетін. Сонда төсекте таңылып жатқан жандарды, әсіресе, кейуаналарды көргенде, сырқат шағында өзі күтіп, емдеген әжесі есіне түсетін. Әлгі кейуаналардың ішінде қазағы да, орысы да бар. Бәрі Гүлдананың өздеріне жасаған ерекше қамқорлығына риза болып, алғыстарын жаудыратын.

Кейін медучилищені тәмамдап Жәнібекке келіп, жұмысқа орналасқанда алғашқыда Ұлы Отан соғысының ардагері Мария Лемякинаның үйіне орналасып, біраз жылдар осы кейуананың жанында болды. Жасы ұлғайған бұл әженің де көңілін тауып, көмекке ділгер болып қалған жағдайда шама-шарқынша қолғабыс етті. Мария Аронқызының өзі де соғыс кезінде медбике болды ғой, жас қыздың науқас адамдарға деген айрықша мейірімін жақсы сезетін. Кейде сырқаты ұстап, төсек тартып қалғанда, кереуеттің жанында бәйек болып жүрген оған «Демалып алсаңшы» деп жылы жүзбен қарап, өзінің соғыс жылдарында медбике болып жүргенде, жаралыларды қалай емдегенін жыр қылып айтатын. Әсіресе, госпитальда жатқан жаралы адамдардың жарасын таңып, ем-дом жасағаны туралы көп әңгімелейтін.

Мұны сәйкестік пе, әлде кездейсоқтық дейміз бе, Гүлдана қазір-де аудандық орталық ауруханада төсек тартып жатқан жандардың жанында жүріп, соларға қызмет көрсетуде. Дәлірек айтқанда, сал ауруларымен сырқаттанатындармен жұмыс істейді. Бұдан бұрын, яғни 1995 жылы медициналық оқу орнын бітіріп келісімен аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде медбике болып қызмет істеген.

- Сол жылы ауруханаға сары аурумен сырқаттанып қалған балалар көп түсті, - дейді Гүлдана, - Дәрігерлер Маргарита Мұратқызы, Нұрғаным Әубәкірқызымен бірге сырқат балаларға система қоямыз, күндіз-түні тыным таппай солардың жанынан табыламыз. Қазір ойлап отырсам, медбикелік тәжірибені осы алғаш еңбекке араласқан жылы жинаған сияқтымын.

Алдында айтқанымыздай, соңғы бес жылдың турасында Гүлдана ауданға танымал дәрігер Қатима Шонаевамен бірге сал ауруларын оңалту жайымен шұғылдануда. Оның айтуынша, осында қызметке кірген алғашқы жылдары тұрғындар арасында сал аурулары көп болған. Бірқатар тұрғын сал ауруына ұшырап, мүгедектік топқа жатқызылатын. Соңғы кезде, атап айтқанда, 2013-2014 жылдары мұндай аурулардың қатары айтарлықтай сиреді. Ал биыл ондай науқаспен ауыратындар медбикенің алдына келмепті. Келмей-ақ та қойсын. Мұның басты себебі – елімізде медицина саласына бұрын-соңды болмаған жағдайлар жасалуда. Сал ауруымен сырқаттанатын жандарды сауықтыратын оңалту орындары көп, соларға барып жазылып шығып, тіпті жеңіл-желпі жұмысқа орналасып жатқандар да бар. Жуырда Гүлдана облыс орталығына барып «Науқастардың денсаулығын қайта қалпына келтіру және оңалту бөлімшелері медбикесінің жұмысы» циклі бойынша біліктілігін арттыру курсынан өтіп келіпті. Өзінің күнделікті жұмысына қатысты біраз нәрсе үйреніпті. Алдағы уақытта көңіліне тоқығанын кәдеге асырып, осы бағытта жұмыс істемек.

- Күнделікті жұмысымда науқастардың азды-көпті ризашылығына бөленіп жүрмін. Солардың шынайы көңілінен шыққан алғыстарының шапағаты тиді ғой деймін, әйтеуір, Құдайға шүкір, үйім бар, күйім бар, жұбайым, бала-шағам аман, ел қатарлы өмір сүріп келе жатырмыз. Қызметім өзіме ұнайды. Адамға бұдан артық не керек?! Ел аман, жұрт тыныш болсын, - дейді медбике Гүлдана Шоқанова.


Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале