12.04.2022, 18:03
Оқылды: 81

Жәңгір хан университетінде «Ғылым айлығы» басталды

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ғылым айлығы – 2022» іс-шарасы басталды. Конференцияның пленарлық жиынында ғылым жөніндегі проректор Әлжан Шәмшідін бір топ ғалымды марапаттады.

FEA257C0-B917-484D-AB62-9C9BDCCD7B10

12 сәуір – Ғылым қызметкерлерінің күніне орайластырылған іс-шараның алғашқы күні «Қазіргі сын-қатерлер жағдайында ғылым мен білім беруді дамытудың өзекті мәселелері» атты XXII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды.

Конференция жұмысының пленарлық жиынын ашқан университеттің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін «Ғылым қызметкерлерінің күні» мерекесі елімізде оныншы жыл қатарынан атап өтіліп жатқанын айтты.

1DD3C7A1-CBFA-45B8-B9D3-F5135946520D

– Сіздерді алдымен кәсіби мерекелеріңізбен және осы атаулы күннің мерейтойлық датасымен құттықтаймын. Ғылым – ізденісті қажет ететін сала, сондықтан сіздерге шығармашылық табыстар тілеймін. Ой-өрісі ұшқыр, интеллектісі жоғары келетін ғалымдар қауымы заманның қиыншылығына қарамастан түрлі салада ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғылымға қызмет етіп келеді, – деген Әлжан Смайылұлы ғылым саласының қаржыландырылуы да өзекті екенін атап өтті. Дейтұрғанмен, үнемі қозғалыс үстінде болатын ғылым саласының өкілдері байқауларға қатысу арқылы да қаржы көздерін тауып, түрлі жобаларды жүзеге асырып жататыны белгілі.

Бұдан соң проректор ғылым саласында өзіндік қолтаңбалары бар Жәңгір хан университетінің ғалымдары С.Монтаевты, Б.Траисовты, Е.Насамбаевты, Қ.Көшәлиевті, А.Қазамбаеваны, Г.Айешеваны облыс әкімі Ғ.Есқалиевтің алғысхатымен марапаттады.

Конференция жұмысы аясында университеттің ғылым басқармасымен қатар әр институтта «Ауыл шаруашылығы ғылымдары және ветеринария», «Техникалық ғылымдар», «Экономикалық ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар» бойынша секциялық отырыстар өткізілді. Университет ғалымдары өздерінің салалары бойынша зерттеп жүрген ғылыми тақырыптары туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар ғылымдағы өзекті мәселелерге назар аударылып, тың идеялар айтылды.  

Конференция жұмысына қазақстандық жоғары оқу орындарының ғалымдары онлайн режимінде қосылу мүмкіндігіне ие болса, шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары арнайы жинаққа енгізуге ғылыми мақалаларын ұсынды.

БҚАТУ-да «Ғылым айлығы» сәуір айының соңына дейін түрлі форматтағы іс-шаралармен жалғасады.  

БҚАТУ медиа орталығы  

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале