21.04.2022, 9:00
Оқылды: 80

Бала-шағасы барға үй керек

Қазақта «Үйі жоқтың көңілінде алтын сарай жүреді» деген мақал бар. Дәл айтылған. Баяғыда ханның ақ ордасынан өзінің лашығына келіп, аяғын созып жатқан Жиренше шешен «Айхай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» депті. Тұрмыс-тіршілігі жұпыны болған Жиренше шешеннің аяғы сол кезде лашығынан сыртқа шығып жатқан екен деседі...

IMG-20220421-WA0005

Иә, үй – адамның өзін еркін сезінетін орны. Үйің – қорғаның. Әр адамның өз үйі, әр отбасының өз қонысы болуы қажет. Әркімнің өз үйі өзіне ыстық, әр бұрышынан жылу есіп тұрады. Бөтен үйдің тынысы да бөтен. Хан сарайындай үйге келсе де, туысының қонысына бас сұқса да, адамның өзін еркін сезінуі неғайбыл. Ал өз үйіне келсе, арқасы кеңіп, шалқып сала береді. Содан да шығар, қазақ халқы үйді адам тұрмысының бастамасы санайды. Әсіресе жалдамалы пәтерден-пәтерге көшіп жүргендер үшін үй мәселесі тұрмыс-тіршіліктің ең басты көрсеткіші десек, артық айтқандық емес.

Батыстағыдай, әсіресе Еуропа елдеріндегідей тұрғынжайды жалға алып, тұра беру үрдісі біздің ойымызға орнықпады. Бір жағынан, жалға алу құны да әркімнің қалтасы көтеретіндей емес. Мысалы, облыс орталығында бір бөлмелі пәтерді 70-100 мың теңгеге жалдауға болады. Ал аудан орталығы – Теректі ауылында жағдайы жасалған пәтерлерге 25-30 мың теңге сұрайды. Үкімет тарапынан жалға берілетін пәтерлердің құны шарықтап тұрған жоқ. Дегенмен оған қол жеткізу үшін жылдап кезекте тұрасыз. Негізінен, жалдамалы пәтер көп балалыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және халықтың белгілі бір санаттарына арналған. Мысалы, Теректі ауылында 36 пәтерлік, Ақжайықта 24 пәтерлік үш қабатты үйлер салынды. Жылдап үй кезегінде тұрған 60 отбасы жалдамалы болса да, тұрақты отыратын баспанаға қолы жетіп, мәз болды.

– Жалдамалы пәтерде отырғандар ай сайын баспананың жағдайына, көлеміне қарай белгіленген мөлшерде төлемақы төлейді. Шаршы метріне орта есеппен 130 теңге шамасында. Осы пәтерлердің ең үлкені 80 шаршы метр көлемінде екенін  есепке алсақ, жалға алушының төлемі айына 10 мың теңгеден аспайды, – дейді жалдамалы үйлерді теңгерімінде ұстайтын ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы  Қайрат Досанов.

IMG-20220421-WA0006

Жалдамалы пәтер құрылысы әлі де жүріп жатыр. Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушевтің баяндамасында биыл 6 көп қабатты үй салынады (Теректі – 2,  Подстепный – 2, Жаңа өмір – 1, Ақжайық – 1) деп көрсетілген. Ендеше, жүзден астам отбасы тағы да жалдамалы пәтерге кіреді деген сөз. Қуанышты жаңалық.

Десек те, аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1 169 адам тұр екен. Яғни жылына кемінде 100 пәтер пайдалануға беріледі десек, кезектің соңындағылар жалдамалы баспана алуға қолы жетуі үшін 10 жылдай уақыт керек. Ал он жыл бойы бүтін бір отбасы қайда тұрып, қалай өсіп-өнеді?

 9839 адам үй салу үшін кезекте тұр

«Қаладағыдай емес, ауылдық жерде баспана мәселесін шешу оңай. Өздері-ақ үй салып алады ғой» дерсіз. Иә, әлеуеті жеткендер салып алады.

Теректі ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі берген мәліметте 2020 жылы жалпы көлемі 20552 шаршы метр 170 жеке үй салынғаны көрсетілген. Былтыр, 2021 жылы 14 534 шаршы метрлік көлемде 120 үй тұрғызылған. Сол мәліметтен байқағанымыз, жеке үй салу Подстепный ауылдық округінде қарқынды. Құрамында төрт ауыл – аудандағы ең халқы көп Подстепный, Барбастау, Юбилейный мен Тоқпай бар әкімшілік бірлікте былтыр 74 жеке үй салынған. Одан бір жыл бұрын 112 үйелмен өз баспанасын өзі тұрғызып алған. Ал  сол кезекте тұрғандар қаншама...

IMG-20220421-WA0004

Жеке тұрғын үй салуға жер телімін алу үшін қазір аудан бойынша кезекте 9839 адам тұр. 2019 жылы аудан әкімі есеп беру кездесулерінде «9791 адам жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алу кезегінде тұр» деген мәлімет жариялапты. Үш жылда сол «баяғы жартас, бір жартас». Соның басым көпшілігі кезінде Подстепный ауылынан жер алуға тұрған кезегін жылдап күтіп жүр. Бұл кезектің қашан қозғалары да белгісіз.

Аудан әкімі есептік баяндамасында «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін 1267 жер телімі (Теректі – 528, Әйтиев – 429, Ақсуат – 310) әзірленіп жатыр. Бұл жерлерде телімдерді инженерлік желілер – электр қуатымен қамтамасыз ету, газ, су жеткізуді жобалау және салу басталды» деген болатын. Оған қоса, Юбилейный ауылында екі жүзден аса жер телімі де инженерлік-инфрақұрылымдық желілердің жеткізілуін күтіп тұр. Осы жобалардың барлығы да іске асса, мың жарымдай отбасы өз баспанасын салуға мүмкіндік алар еді.

Тағы бір байқағанымыз, үй салу облыс орталығына жақын орналасқан елді мекендерде қарқынды. Ал шалғай ауылдарда жаңа үйлер жоқтың қасы. Қаладан әріректегі Аңқаты, Ақсоғым, Шағатай сияқты ауылдарда соңғы екі жылда бірде-бір үй салынбаған. Тек Шалқар ауылдық округі орталығында бір ғана жаңа үй салынған. Мұның өзі ой салғандай... Қандай ой дейсіз бе? Ауылда жастардың тұрақтауы төмен. Жаңа үйді кім салады? Әрине, үйелменді яғни, бала-шағалы адам салады. Бұрыннан өз түтінін түтетіп, жайланып отырған егделер емес, жаңа шаңырақ көтергендер салады үйді. Жаңа үй салынбады деген көрсеткіш «жас отбасы өзіне жаңа баспана салмады» дегенді білдіріп тұрған жоқ па?! Осыдан-ақ ауылдағы түтін саны көбеймей отырғанын байқауға болады.

Құрылыс заттары қымбаттауда

Үй салу да оңай іс емес. Айтар сөзге төрт қабырға мен шатыр болғанымен, жұмысы көп. Соңғы жылдардағы қиындықтар – пандемия мен құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы үй салуды тым қиындатып жібергені шүбәсіз. Сондықтан ба, бірқатар адам «Баспана салу қалай болды?» деген сұрағымызға жауап беруден қашқақтады. Бұған себеп үй салудан шаршағаны ма, әлде көбі қарызға батып, несие алып салған үйіне нақты қанша қаржы салынғанын әлі бағамдай алмай отырғаны ма, белгісіз...

IMG-20220421-WA0007

Подстепный ауылындағы «Таити» деп атайтын шағынауданда үй салған азамат (аты-жөнін көрсетпеуді өтінді):

– Мен бұл жерге үй салуды бастағаныма бес жылдай болды. Өзім шағын ауылданмын. Мына жер қалаға жақын болған соң, жұмыс жасау, бала оқытуға жағдай болар деп келдік. Жер телімін қазір бермейді бұл ауылда. Кезінде алған адамнан сатып алдық. Бір жыл іргесін құйдым. Айналдыра қоршау салдым. Содан ауылдағы үйімді болмашы ақшаға сатып, отбасымызбен осы Подстепный ауылында пәтер жалдап жүрдік. Ағайын-тума көмектесті. Әйтеуір, шатырын жауып, есік-терезе салысымен, ішіне кіріп алдық. Қалған жұмысты ішінде отырып жасайық деп шештік, – дейді.

«Қанша қаржы жұмсадыңыз?» деген сұраққа «Нақты есеп жүргізген жоқпын. Ұзаққа созылған құрылыс болды ғой. Әлі ішкі жұмыстары бар. Оған қанша кететінін білмеймін. Құрылыс заттары да қымбаттап кетті ғой» деді күмілжіп.

Ақжайық ауылында үй салуды бастаған Талғат Тапалов үй салу хикаясын ашық айтты.

– Жерді кезекке тұрып алдық. Құжаттарын рәсімдеген соң үй салуға кірістік. Өзімнің үйім бар. Дегенмен үлкен үй керек. Қара шаңырақты ұстар кенже ұлым үйленген. Қолымызда тұрады. Екі тәтті немерем бар. Соларға қарап, кең жер болса екен деген оймен бастадық осы үйді. Үйді салғаннан, дайын жайды сатып алған тиімдірек пе деймін. Қазір құрылысты іргесінен бастап, қабырғасын көтеріп, шатырын жауып қойдық. Шатыр жабынның өзіне 1 миллион теңге жұмсадық. Қаладан балаға үй аламыз ба деп жинаған жинақ бар еді, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде. Соны алдық. Несие алып, оны салдық. Биыл құрылысты жалғастырамыз. Құрылыс заттарының бағасы «ұшып» тұр. Жиған-терген жетпесе, мал сатамыз. Әйтеуір, бастаған істі аяқтап, қоныстойға жетеміз деген арман бар, – деп отыр.  Дұрыс амал. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деген, қол қуаты, мүмкіндігі болса, үйелменді азаматтың үй салғаны мақтауға тұрар іс.

«Оны кім салады?»

Иә, осыдан үш жылдай бұрын, Теректі ауылында жылдап жалдамалы үй жағалап жүрген, аудан әкімінің  алдын «босатпайтын» И. В. деген көп балалы ана «Жер телімі беріледі алдағы жылдары. Кезекке тұрып, жер алыңыз, үй салып алуға болады» деген ұсынысқа «Кім салады оны? Күйеуім қай ақшасына салады? Біз көп балалы отбасымыз. Үй тауып беруге міндеттісіз!» дегенін естігенмін өз басым. Таңғалғанмын. Бір жағынан, адам үй салып алуға әлі жетпейтінін, өз мүмкіндігін де біліп отырған шығар...

IMG-20220421-WA0003

«Үйді кім салады?» деген сұраққа Абай ауылының тұрғыны Қайрат Нәженов жауап берді:

– Мен ауылымда үй салып жатырмын. Әлі аяқтаған жоқпын. Қабырғасын керамзит-блоктан көтердім. Құрылысты бастамас бұрын айналамдағылармен кеңесіп, үй салып жүрген кәсіби құрылысшыларға жолықтым. «Көз қорқақ, қол  батыр» деп бастадық қой. Қазір негізгі жұмыстарын тәмамдадым. Жарық, газ сияқты желілерді тарттырып қойдық. Енді ішкі әрлеу-сылақ жұмыстары бар. Биыл аяқтап, жаңа үйге кіріп аламыз ба деп отырмыз, – дейді ол.

«Жұрт қала жаққа асығады, ал сіз ауылдан үй салып жатыр екенсіз» дегенімде: «Ауылым жақсы. Жер кең, мал ұстаймын» деп жауап берді.  Жер алып, үй салса, ауласына азын-аулақ мал ұстауға болады. Көкөніс өсіріп, жеміс ағашын ексе, ол да нәпақа. Ау, тіпті балалар шығып ойнаса да, өз аулаң емес пе? Үйді  үлкен отбасыға лайықтап, кең салуға болады. Шаршы метрмен кесілген жалдамалы пәтердей емес, өз меншігің. Қалай алсаң да, жеке үйдің артықшылығы көп. Әрине, үйге керек құрылыс заттарының қымбатшылығын жоққа шығаруға болмайды. «Мәскеу бір күнде салынған жоқ» қой. Биыл іргетасын құйып, келесі жылы қабырғасын көтерсе де болады.

Алдымыз алты ай жаз. Нағыз құрылыс қызатын кезең. Үй салуды бастаған азаматтарға «Іске сәт!» дейміз. Ал баспанасы болмай, басы қатып жүргендер ретін тауып, қалағанына қол жеткізсін!

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале