Теректі ауданы орталығының тұрғындары жыл сайын жазда «Су қайда?», «Сусыз отырмыз» деп дабыл қағады. Күн ысыған сайын бұл дабыл да «қыза» түседі. Жылдан-жылға айтылып келе жатқан осы мәселе жайында біз де сөз қозғап келеміз. Орталықтандырылған су жүйесі апталап «кеуіп» тұрған кезде, су жеткізуші «Теректі - Таза су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне және жергілікті әкімдікке сауал қойып, халықтың «Су қайда?» деген сұрағына жауап іздеп отырамыз.
Мәселен, былтыр дәл осындай кезеңде жазылған «Ауыз судың азабы қашан бітеді?» деген мақалада ауылды ауыз сумен қамтуға біраз тоқталып өткен болатынбыз. Сол жолы «Теректі -Таза Су» ЖШС директоры Руслан Ғалиев:
- 2020 жылы Қабылтөбе ауылында қосымша тағы екі ұңғыма қазылғанын жеткізгім келеді. Яғни, ауыз су тапшылығы жаз мезгілінде болмауы тиіс. Бірақ ол үшін, әрине, тұрғындардың түсіністік танытуы маңызды. Жаз басталса теректіліктер бақша суарып, ысырапшылдыққа көп барады. Суды үнемдеуді ұмыт қалдырып жатамыз, - деген болатын.
Одан беріде, яғни 2021 жылы ауыз су көзі – Қабылтөбеде тағы екі ұңғыма қазылып, іске қосылды. Сөйтіп, су жеткізу біраз шешілгендей болып еді.
Десек те, биылғы жазда ауыз су жағдайы қалай болар екен?
- Қазір Теректі ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 6 ұңғымадан су тартып отырмыз. Әр ұңғыманың су айдау қуаты 4-5 л/сек, күніне 900-920 текше метр су айдайды. Әзірге таза су жеткілікті, - дейді Руслан Маратұлы.
«Әзірге» деуінің де жаны бар.
Теректі ауылдық округінің әкімі Әсет Әубәкіров те осы «Су әзірге жетіп тұр» деп отыр. Жаздағы су тапшылығы мен бау-бақша суарудың өзара тіке байланысы барын ол жыл сайын айтып жүр. Қыстың күні 320-350 текше метр су қолданатын ауыл жаздың күні 1000 текше метрге дейін суды шығын қылатын көрінеді. Соның салдарынан, су жетпейді.
Осы орайда, ауыл әкімдігі биыл үлкен бастама көтеріп отыр.
-Аудан орталығында жыл сайын айтылатын ауыз су мәселесін шешу жолы – аулада құдық қазу. Ауылда 25 метрлік тереңдіктен су шығады. Солай құдық соғып, су тапшылығын сезінбей отырған адамдар бар. Мамыр айында екі мәрте тұрғындармен осы мәселе бойынша кездесу өткіздік. Жаппай «құдық қазамыз» деп кірісіп кетпегенмен, ұңғыма қазатындармен байланысқа шығып, әрекет жасап жатыр. Ал, құнына келетін болсақ, ұңғыманың метрі шамамен 11 мың теңге. Бұл сома ішіне қажетті тұрба, су алатын жерге қойылатын сүзгі енеді. Егер аулаға құдық салғызамын деушілер болса, ауылдық округ әкімдігіне келіп жолықсын, - дейді Әсет Сәбитұлы.
Жалпы, Теректі ауылы тұрғындары үшін аулаға құдық қазу таңсық іс емес. Бір кездері тек жеке аулада ғана емес, балабақша, мектепте, кей кәсіпорын-мекемелерде құдық болғанын жергілікті халық ұмыта қоймаған шығар. Кей құдықтың суының аздаған ащылығы болмаса, негізінен жұрт сол құдықтардан тұтынатын. Мал, бау-бақша суаруға да сол құдықтардан алатын. Тап сол жолмен тұрмыстық қажеттігін өтеп жүрген қожайындар бар.
- Ауламызда құдық бар. Бақша суаруға, моншаға және басқа да шаруаларға сол құдық суын қолданамыз. Ауламда жеміс ағаштарынан алма, алмұрт, шие, өрік өседі. Қияр, қызанақ сияқты көкөністерді де жыл сайын саламыз. Жемістерден тосап қайнатып, кептіріп аламыз. Көкөністі де тұздап жабамыз. Өз ауламызда өскен көк өз қажетімізге жетеді. Аулада құдық болғандықтан ғой бұның бәрі. Бау-бақшаға құбырмен келетін ауыз суды жұмсамаймыз. Бұл бір жағынан таза суға ысырап, екінші жағынан қымбат, - дейді Теректінің байырғы тұрғыны Ильдар Үмбетьяров.
Айтпақшы, ауыз судың құны көтеріледі екен.
Аудандағы су жеткізуші - "Теректі таза су" ЖШС аудан тұрғындарына жариялаған хабарламасында: «Ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көзі болып табылатын сумен жабдықтаудың аса маңызды топтық және оқшау жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларының 3-тарау 13-тармағына сәйкес: Ауыз суды есепке алу аспабы болған кезде субсидиялар 1 (бір) адамға арналған тұтыну нормативі кезінде тәулігіне 140 (бір жүз қырық) литр мөлшерінде төленеді. Осы нормадан асқан жағдайда тұтынушы сумен жабдықтау қызметтеріне толық тариф, яғни 643,71 теңгеден төлейді. Заңнамаға сәйкес, бір адамға тұтыну нормативі айына 30 теңгеден 4,2 текше метрді құрайды. 3 адамнан тұратын отбасы айына 30 теңгеден 12,6 текше метр су тұтынуы тиіс. Мамыр айында суды тұтыну төлемі есепте тұратын адамдардың саны және суды есепке алу құралдары бойынша жүргізілетін болады» деп көрсеткен.
Аудан бойынша субсидиялауға 16 елді мекен – Теректі, Жайық, Покатиловка, Новопавловка, Ақсуат, Богдановка, Приречное, Ақжайық, Бозай, Аңқаты, Сарыөмір, Ұзынкөл, Шағатай, Ақсоғым, Долинный, Төңкеріс ауылдары енгізілген.
Міне, есептей беріңіз, 4,2 текше метрден аса қолданған судың әр текше метрі үшін 643,71 теңге төлем есептеледі. Енді ауыз сумен мал суарып, бақшаға су ағызу «дөңгелек» теңгеге айналайын деп тұр. Сондықтан, өз құдығыңыз болса, сатып алған судай емес, арзанға түсері сөзсіз. Бір шығынданасыз да ұзақ уақыт алаңсыз пайдаланасыз.
Құдық тек жеке аулаға емес, қожалықтарға да керек-ау. Ақжайық, Аңқаты, Шағатай жақтағы жайлауға шыққан малшылар «суат жоқ» деп жатады. Осы орайда халықтың Жайық-Шалқар арнасына, «Қабылтөбе – Федоров каналы» құрылысын жүргізу арқылы Ұзынкөл су қоймасының жағдайын оңалту жобасына үміт артып отырған жәйі бар. Биыл қар суы мол түсті. Одан беріде жаңбыр да көмектесіп тұр.
Сәуір айында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің теректіліктермен кездесуінде аудан әкімі Тілек Ғабдушев:
- Ауданда 62 су нысаны бар: алты өзен, бес көл, екі канал, 10 су қоймасы және 39 тоған. Биыл қалың қардың арқасында көптеген су қоймалары 40 пайыздай суға толықты. Соңғы 7-8 жылда мұндай толықтыру болмаған. Шаруалар өз қаражатына тоғандар мен өзен арналарын тазарту, тереңдету жұмыстарын жүргізуде. Сөйтіп, биыл олар Жайық бойында орналасқан 12 тоған мен жеті өзенді толтыра алды. Сондай-ақ шаруа қожалықтары 94 құдық қазып, іске қосты, - деп көрсеткен болатын.
Жөн әрекет. «Аспандағы тырнадан қолыңдағы шымшық артық» демей ме?..
Биыл қалың түскен қар келер жыл болмауы мүмкін. Сондықтан күні бұрын құдық қазып, қамданып отырған артық етпес еді. Мысалы, Шалқар округінде «Тұмар», «Сенім», «Жаңа өрлеу», «Шалқар» шаруашылықтары «Жайықгидрогеология» қызметін пайдаланып, құдық қаздырып алған. Жұмсалған қаржы 500-900 мың теңгеден айналған.
- Жалпы, аудан бойынша құдық қазудан бақандай 12 құдығы бар «Айсұлу» қожалығы озып тұр. Олардың жері де үлкен. Жайылымы 24 мың гектардан астам. Мал басы да көп. Әр округте 1-2 құдық салған шаруашылықтар бар. Солардың ішінде 3 құдық қаздырған «Shubar Saі», 4 құдығы бар «Төлеңгіт» қожалықтарын ерекше айтқым келеді. «Shubar Saі» мен «Төлеңгіт» құдық салуға әрқайсы 2 миллион теңгеден жұмсапты. Бұл орайда мемлекет тарапынан керемет көмек бар. «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу» бағдарламасы бойынша осы құрылыс-қондырғыларға салынған инвестициялық салымдардың белгілі пайызы өтеледі. Яғни, құдық салғызған қожалықтың шығынының жартысын мемлекет субсидиялайды. Бұл көмек бір жағынан мал шаруашылығын дамытуға берілген көмек деп түсінсек, екінші жағынан табиғатқа да, су үнемдеуге де мол мүмкіндік ,- дейді бізбен мәлімет бөліскен Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айнұр Лұқпанова.
«Жаңаның барлығы ұмытылып кеткен ескінің жаңғырығы» демей ме? Құдық қазуды атам қазақ жақсы меңгерген. Оған дәлел – атауы бүгінгі күнге жеткен Тасан шеген, Сатым шеген деген жер атаулары. Шеген немесе шеген құдық - жер асты суларын пайдалануға арналған гидротехникалық құрылыс. Топырағы бос жерден қазылған құдық қабырғасына қамыс, қоға, қияқ, тал, ағаш, тас қалайды. Құдыққа су мол жиналу және қыста қатпау үшін құдықтың түбі кең етіп қазылып, аузынан қауғалық қалдырып бекітеді. Шеген құдықтың тереңдігі топырақтың сулы қабатына байланысты. Құдық суы ластанбау үшін ернеуіне қалқа жасалады. Қазған кезде жер бетінен бастап түбіне дейін тал-сексеуілмен өрілетін құдықты «шегенді құдық» деген.
Бабаларымыз осындай тәсілмен ен далада тіршілік көзі – суды шығарған. Шөлейтті далада тап басып, су көзін табатын білгір құдықшылар да болған деседі. Тіпті, тарихқа сүңгімей-ақ, күні бүгінгіні айтайын. Шағатайдың Қызылжарында құдықтың рахатын көріп отырған отбасымен таныспын.
Қызылжарлық Абай Нығметов – шаруақор азамат. Мал ұстайды, шөпті де өзі шабады. Ауласынан құдық та қазып алған. 20 метр тереңдіктен шыққан су тұщы. Кәдімгі ауыз су. Сол құдықтан құбыр тартып, суды үй ішіне кіргізді. Содан соң су жылытатын қондырғы сатып алды. Бір демалысқа барған жерінде «душевая кабина» дегенді көріп келіп, оны да сатып алды. Қазір Абайдың Қызылжардағы үйі қаланың ыссы-салқын суы бар жайлы баспанасынан кем емес. Отанасы Бақыт есік алдында бақша салады. Өзен-көлден аулақ отырса да, бақша салып отырған Бақыт апайдың еңбегі айтуға тұрарлық. Қысқыға деген тұздалатын ащы мен тосап-тәттіні Бақыт апай өз ауласынан жинап, жауып алады. Түрлі химикатпен суарылған не болмаса пісуі жетілмей келген көкөністей емес, өз қолыңнан шыққан өнімнің сапасы да, дәмі де ерекше болады емес пе?
Міне, «Қалауын тапсаң қар жанады» деген осы.
Қазіргі заманда құдық қазу оңайланды. Әп-сәтте бұрғылап, су көзіне жететін техника бар. Шегендеу де қажет емес, арнайы тұрба салынады. Қауғалап жатпай, суды арнайы сорғышпен тартасыз. Ендеше, Теректіде «Әр аулаға – бір құдық» деп, істі бастап жіберуге әбден болады.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz