Наурыз айында РФ Үкіметі Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қант экспорттауға тыйым салған. Соның салдары анық сезілуде. Ел Үкіметі алғашқы кезде жауырды жаба тоқығанымен, түпкі түйткіл импорт төңірегінде болып шықты. Көрші ел қазан қақпағын жапқанға дейін Батыс Қазақстан облысына керек қанттың 60-70 пайызы Ресей Федерациясынан және Беларус Республикасынан импортталған.
Санкия салқыны қабырғасын қайыстырғасын Ресей ішкі нарығындағы іркіліске қарсы амал етуге, өз жыртығын өзі бүтіндеуге көшті. Қазіргі уақытта өңір бойынша секерге деген сұраныстың еселеп артуының бір себебі – осы. Бұл жөнінде БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Мирас Сүлеймен хабарлады.
8 маусым күні «Amanat» партиясының облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңесінің отырысында бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Сонда аталған басқарма басшысының орынбасары Мирас Серікұлы қант тапшылығына қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның мәліметі бойынша. бұған дейін сұранысқа сай ай сайын облысқа 1340 тонна қант жеткізіліп тұрған. Соның ішінде 940 тонна тұрғындар тұтынса, 400 тоннасын өңдеу кәсіпорындары кәдеге асырған. Облыс әкімдігі екі ай мерзімге халық үшін 1800 тонна қант керектігі жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне және «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ға хат жолдаған. Азық-түлік корпорациясы облысқа арзандатылған бағамен 200 тоннадан астам қант жіберген. Тауар Орал қаласы мен аудандардағы сауда желілері арқылы сатылған.
– 21 сәуір күні «Алтындар» сауда желісіне бір вагонмен 68 тонна қант жеткізілді. Оның әр келісін тұрғындар 370 теңгеден сатып алды. Әлеуметтік желілерде сөредегі қантқа таласқандардың бейнежазбасы кеңінен таралды. Бұған қатысты кикілжіңнің негізгі себебі – қанттың сол кезде төмен бағамен сатылғанында болып отыр. Корпорация арқылы келген өнім 21 сәуір мен 31 мамыр аралығында сатылып түгесілді. Сол кезде қант тапшылығын болдырмау үшін әр адамға 3 келіге дейін сату жөнінде талап қойылған еді. Сонымен қатар көтерме сауда жеткізушілері наурыз-сәуір айларында қант зауыттарынан 480 тонна секер алып келіп, әр келісін 450 теңгеден сатуы тиіс еді. Бірақ қант тиелген вагондар 29 мамырдан бастап келе бастады. Қазіргі уақытта көтерме сауда иелері 13 вагонмен 880 тонна қант жеткізу үшін төлем жасады. Бүгіндері облысқа тасымалданған бес вагон қант азық-түлік базарлары мен өңдеу кәсіпорындарына таратылды. Қалған жеті вагон жолда келе жатыр, – деді Мирас Сүлеймен.
7 маусымдағы есеп бойынша, облыстағы қант қоры – 277 тонна. Бұл қор 9 күн ішінде түгесіледі. Басқарма өкілі алдағы уақытта жеткізілетін 476 тонна қант сұранысты қамтамасыз етеді деп сендірді. Қазіргі уақытта «Дина» сауда желісінде қант 442 теңгеден, «Алтын алма» базарында 669 теңгеден, «Мирлан» орталық базарында 517-595 теңге аралығында сатылуда. Мирас Сүлеймен құрамына қоғамдық кеңес мүшелері енген мониторинг топтары азық-түлік бағасын қадағалап отырғанын айтты. Оның сөзінше, ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» заңына сай көтерме және бөлшек сауда иелері тауар бағасын 15 пайыздан асырмауы тиіс екенін қадағалаушылар түсіндіріп жатыр. Бірақ ресми мәліметтер көңілге қонымды, ақылға сыйымды болудан қалғалы қашан?! Осы жолы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері мәселенің мәнісін ашық айтты.
Басқарма басшысының орынбасары қазіргі жағдайды қысқаша баяндаған соң, қоғамдық кеңестің төрағасы Дина Галиметденова қантқа сұраныс еселеп артатын маусым таяғанын айтып, соған қаншалықты дайын екендерін сұрады. Кеңес отырысында Мирас Серікұлы Ресей тарабы экономикалық одақ бойынша қантқа шектеуді алып тастауға әзір емес екендерін хабарлағанын, ал отандық өндірушілер мамыр айынан бастап толық қуатта жұмыс істеп жатқандарын, сауда орындарын секермен қамту үзіліп қалмайтынын мәлімдеді. «Партиялық бақылау аясында азық-түлік бағасын қадағалау үшін рейдке шығып жүрміз. Сауда орындарының бірінде секер болса, бірінде мүлдем жоқ. Расыменде, сіз айтқан «Алтындардан» қант табу мүмкін емес. Кәсіпкерлік бөлім өкілдерімен жүздескен кезде жұрт арасында дүрбелең басталғанын айттық. Содан бері бір ай өтті, бірақ азық-түлік төңірегіндегі ахуал өзгере қоймады. Адамдар қант таба алмай жүргендерін айтып шағымданады. Базарларда қант өте қымбатқа сатылуда. Жағдай ушығып кетпей тұрғанда, нақты ақпарат беретін қоғам белсенділерін жинап, мониторинг жасауға шақырыңдар. Олар сауда орындарына барып, нақты жағдайды дәлел-дәйекпен баяндап отырады», – деді партия филиалы жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі Махамбет Сұлтанғалиев.
– Тұрақтандыру қоры өзінің шығындарын өтей алмағандықтан, биыл кәсіпкерлерге нөлдік пайызбен несие берумен ғана шұғылданудамыз. Қазіргі уақытта 820 миллион теңге шамасындағы қаражатты кәсіпкерлік субъектілеріне несие ретінде берудеміз. Бірақ нарықтағы жағдайға байланысты көтерме сауда орындары белгіленген уақыт ішінде шекті бағамен тауар сатып алып алуға келіспей отыр. Әлемдегі және елдегі тұрақсыздық салдарынан азық-түлік бағасы құбылып тұр. Сол себепті облысты қантпен қамтамасыз ететін кәсіпорындар мен ірі дүкендер желісі біздің қойып отырған талабымыздан орындаудан ат-тонын ала қашуда. Бір жағынан, кәсіпкерлер тұрақтандыру қоры ұсынған келісімшарт аясында жұмыс істеп, банкротқа ұшыраудан сақтанып отырғанын түсінуге болады. Сондықтан оларды тәуекелге баруға мәжбүрлей алмаймыз. Әзірше бұл қиындық уақытша екенін айтып, түсіндіру жұмысын жүрізудеміз, – деді қор жұмысына қатысты жайтты баяндаған «Стабфонд» ЖШС-ның өкілі Жандос Нығметов. Қоғамдық кеңес мүшесі Махамбет Сұлтанғалиев жазғы кезеңде елдің оңтүстік аймақтарында қант өндірушілер шикізат табу мәселесімен бетпе-бет келуі мүмкін екенін, сол себепті қазірден бастап облыс бойынша салалық құрылымдар үш айлық қорды қамдауға қарекет қылу керектігін, қазір алаңсыз отыру әлеуметтік наразылықтың күрт күшеюіне себеп болатынын ескертті.
Қоғамдық кеңес отырысында қаладағы автокөлік жолдарын жөндеу мәселесі талқыланды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әлия Қабенова жол жөндеуге қаражат табу өзекті екенін айтты. Орал бойынша автожолдардың жалпы ұзындығы – 615 шақырым. Соның 74 пайызы қанағаттанарлық деңгейде ғана. Қоғамдық кеңес мүшесі Махамбет Сұлтанғалиев жолшылармен сөйлескен уақытта олар Маңғыстау облысынан тасымалданатын битум сапасы төмен екенін, соның салдарынан қала ішінде жаңадан төселіп жатқан асфальт жабындысының ұзақ уақытқа шыдамайтынын айтып, мәселе қозғағанын жеткізді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әлия Қабенова Ресей мен Беларус елдерінен аталған шикізатты алып келуге тыйым салынғанын, ал оған қарағанда отандық өнімнің сапасы төмен екенін мойындады. «Үкімет алдында битум сапасын көтеру жөнінде мәселе көтеру керек. Себебі жыл өтпей жатып жол бетіне жаңадан құйылған асфальттың тоз-тозы шығады. Мердігерлер битумның талапқа сай келмейтінін осы бастан айтып отыр. Соған байланысты жұмыс тобын жасақтап, басты уәждеріміз баяндалған ресми хат дайындайық. Соны «Amanat» партиясының атынан Президенті әкімшілігі мен Үкімет кеңсесіне жолдаймыз», – деді Махамбет Сұлтанғалиев.
– Қарашығанақ кен орнында Үкімет мұнайхимия кешенін салуды жоспарлап отыр. Ал жаңа өндіріс орны сапалы битум дайындай алар еді. Облыстағы автожолдардың тозуына байланысты сұраныс ауқымды екенін ескерсек, битум шығаратын зауыт жылдар бойы үздіксіз жұмыс істер еді. Көрші облыстарды да битуммен қамтамасыз етуге болады. Энергетика министрлігіне мәселенің шешілу жолдарын ұсынған дұрыс. Осы шенеунікше ойлау жүйесі менің қарнымды ашырады. Біз айтып қоя салған түйткілді әлдебір «көкелер» шешіп беретіндей күтіп жүреміз. Нұр-Сұлтан қаласында отырғандардың бірде-бірі біз үшін өңір мәселесін бел шешіп кірісіп кетпейді. Сондықтан өзіміз тығырықтан шығар жол іздейік, жоба көрсетейік! – деді «Amanat» партиясының облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы Дина Галиметденова. Қоғамдық кеңес отырысында су тапшылығына қатысты түйткілдер де талқыланды.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz