28.06.2022, 9:14
Оқылды: 52

Баланың тәрбиелі болуы отбасынан

«Орал өңірі» газетіндегі бала тәрбиесіне, мұғалімдерге байланысты жиі жарияланып тұратын мақалаларды үзбей оқып тұрамын. «Тақырыпты талқыладың ба, мұғалім?..»  атты мақаланы оқып, өз пікірімді қосуды жөн көрдім.

mwLOlUCQ9zGWQy6fHCZSxmjgKDp3gfEa5eLJtM9l

Суреттің дереккөзі: baq.kz

Қазіргі қоғам қызықты да қауіпті. Берері көп, алары  да аз емес, талабы да жоғары. Бұл қоғамда күнә да көп, сауап та көп. Қиямет-қайымның қым-қиғаш көріністері мен белгілері бой көрсетіп келеді. Осы қайнаған өмір қазанында қуырылып жастар да жүр. Әсіресе мұғалім жастар туралы көп ойланамын. Өйткені олардың қолында еліміздің ертеңі – ұрпақтарымыз. Олар оқып, іздене ме? Әлде тек жалақы үшін жүр ме? Көпке топырақ шашудан аулақпын. Десе де, неге мұғалім беделі төмендей береді?  Оны өздері көтермесе, кім көтереді?

«Тәрбиесіз берілген білім - қауіпті» деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай, алдымен оқушыға тәрбие керек. Мұғалім әр сабағының тәрбиелік жағына мән беруі керек. Өзім шет тілінен сабақ бердім, әр сабағымды тақырыпқа сай мақалмен бастайтынмын және ол оқушыларыма қатты ұнайтын. Ұстаздық жолымда үнемі оқып іздендім, әлі ізденудемін. Өйткені келіндерім мен немерелеріме айтып отырамын.

Зейнетке шыққалы араб тілін оқып үйрендім, енді сөйлеу қабілетімді дамытудамын. Сондықан әр мұғалім  оқу мен тәрбиені бірге жүргізу үшін өмір бойы оқып, ізденуі керек. Ал қазір, негізінен, пән мұғалімдері тек сабақ берумен шектеледі, балалардың жүрегіне сөзің мен ісің ұштасса ғана жетесің, сонда шәкіртің сені жақсы көреді және мұғалім беделі де көтерілері анық.

«Білім - құрал, тәрбие - рухани құндылық» деген білімділер. Қазіргі кезде мектеп пен ата-ана бала бойына тек құралды сіңіруде. Ал рухани құндылық деген не? Рухани құндылық - ненің жаман, ненің жақсы екенін, ата-ананы, жалпы адамды сыйлап құрметтеуді, кешірімді болуды, сабырлы болуды үйрету, бала бойына сіңіру.

Негізінен бала тәрбиенің 80 пайызын үйден алады. Ұлттық тәрбиенің негізі - отбасында. Жас буынның өмірлік бағыты оң болуы үшін әуел бастан отбасынан дұрыс бағыт алуы өте маңызды. Ұлтымыздың салтын, дәстүрін, әдет-ғұрпын  бойларына сіңіріп өсіру - бірінші кезекте ата-ананың парызы.

«Ата-ананың баласына берер ең жақсы сыйы, қалдырар мұрасы - тәрбие» делінген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде. Ұлға әкенің, қызға анасының белсенділік танытқаны қажет-ақ. Қазір өте еркін өскен әрі ерке, өзімшіл, тәкәппар, үлкенді сыйламайтын, кішіні қамқорламайтын, ашушаң, қайырымсыз ұрпақ көбеюде. Бұған ата-ана ғана кінәлі дер едім.

«Кешіктіріліп берген тәрбие - кешірілмес күнә» деген, ата-аналарға ойланатын уақыт жетті.

Тамара Нәбиқызы,

зейнеткер-ұстаз,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале