Қатыгездік... Біреуінен біреуі сорақы, бір күнінен екінші күні асып түскен жаманшылық дүңк-дүңк естіледі де жатады, естіледі де жатады. Жаны түршігіп, дір ете қалады қоғам. Аһ ұрып, жыласып-сықтасып жер қойнына береді. Күйеуінің (ешкім зорлап бермеген, өз еркімен бас қосқан) қолынан өлім тапқан (қаза тапқан деуге соғысқа кеткен, яки апатқа түскен жоқ еді ғой) жап-жас келіншектер, әкесінің, өгей әкесінің, ағасының, көршісінің, көшедегі бұзақылардың зорлығына ұшырап, азапталып өлтірілген балауса қыздар, бай мен кедейдің арасында мәңгі бітпейтін таптық теңсіздік – басыну мен өшігудің салдарынан қан төгілген оқиғалар... Жаға ұстап, жан түршіккеннен басқа амал жоқ, «Жаман еркек қатынын сабағыш келеді» десіп, «Болып қалған іске кім не істей алады?» десіп бір шулаймыз да әрі қарай аса береміз. Тиісті құрылымдар тергеп-тексеріп, ұстап-соттап жатады ғой әрине, бірді-екілеп. Бірақ қоғамдық ахуалдың одан оңалып кете қоятын түрі көрінбейді.
Соңғы кездері тым жиілеп бара жатқан әскердегі өлім ше? Ең жанды, ең үрейлі нәрсе сол емес пе, ал?! «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дегендей-ақ, не болып кетті өзі? Түбі қайдан шығып жатыр мұның? Осынау ой торықтырып-ақ жүрген шығар саналының бәрін де. Не істемек керек? «Не жазып қалдым, Алла?», «Қай қылығымнан таптым?» деп жылаушы еді бұрынғылар... Қай пиғылымыздан таптық? Қай жерден бұрыс кеттік мынау өмірдің ұзын жолында?
Бейбіт күнде азаматтық парыздарын өтеп келуге аттанған өндірдей жігіттердің неге өздері емес, сүйектері оралып жатыр отбасына? Қарап отырсаңыз, тұрмыстық зорлық-зомбылық, қылмыстық әрекеттердің қақ ортасында жүретін көбіне ерлер. Ер деп те атағың келмей қалатыны бар жүрген жерінің сұрқын қашырып, айналасына тісін батырып, ақыры, адам айтқысыз хайуандықпен аяқтайтындарды. Ал олар қайдан шықты? Жасында өгейлік көріп, жетімханада өсті ме екен? Әкесі (яки шешесі) арақ ішіп, ұрып-соғып, жауыз қылып шығарды ма?
Жоқшылықтан көз ашпай, тоқшылықта жүргендердің бәріне өшпенділік, күншілдікпен қарайтын ауру содан жабысты ма? Жалғыз бөлмелі тар үйде тарығып жүріп ержеткеннен сексуалдық дімкәстікке ұшырады ма, жоқ әлде өзін қораш сезінуден туды ма әлі жеткенді тарпа бас салып зорлап тастайтын зұлымдық? Бұл жуанжұдырық, өркөкіректік баршылықта өсіп, басқаның бәрін адамға санамайтындардан шығып жатыр ма әлде?
Әскердегілердің (әскер деп айтуға да қимайсың тіпті, қарапайым елге қарақшы тобыр сияқты қорқынышты болып көріне бастаған бұл құрылымды) біреудің өздеріндей баласына қорлық көрсетіп, өлтіріп немесе өз-өзіне қол жұмсауға шейін жеткізу деген сұмдық жабайылыққа не себеп? Тізе берсең, жауап таппай қиналатын сұрақ тіптен көп.
Сананы сәмсіретіп, сенімді әлсірететін тосын жайлар төбеңнен жай түсіргендей дүңк-дүңк... дүңк-дүңк... Қайғырып, тұнжырап, еңсең түсіп кетеді әлеуметтік желінің, ақпарат құралдарының бетін ашып қалсаң. Әне, Маңғыстауда тағы бір жас сарбаз асылып қалған.
«Бейбіт заманда (әлде ол соғысты білмей жатырмыз ба?) бір айдың (тамыз) ішінде алты сарбаздың өлімі тіркелді елімізде. Бір-бір үйдің үміті, жалғыз тұяғы, бар болғаны 18 жасар жігіттер! (Ата-анасын Алла аясын). Неге үнсіз жоғары жақ? Неге жауап жоқ? Ертең-ақ әскер жасына жететін қанша бала өсіп келе жатыр? Неге өлімге жіберіп жатырмыз? Неге әскерде өлетін қара көздер? Кешегі Жолдауда да бұл жөнінде ештеңе жоқ. Есесіне бізде «атағы шықпаса, жер өртеген» пиарщик көп. Бас қаланың есімін тірі адамға беруге, ақылға сыймайтын заңдарға дауыс берген депутаттар мұндайда «жоқ болып» кетеді түк болмағандай. Соларға сорақылыққа берген дауыстары үшін айыппұл салатын, тіпті жауап беріп, жазасын алатын заң тетігі керек біздің қоғамға.
Маған дәл қазір қаланың аты, басқаның қамы емес, жас сарбаздың, желкілдеп өсіп, Отан алдындағы парызын өтеуге аттанған балаларымыздың жаны қымбат болып тұр! Парыз болған соң, өтеу міндет. Бірақ әскердің де, Отанның да парызы бар емес пе Ел алдында. Ол қайда?!!» деп жазады ұлдары ержеткен сайын уайым шеккен аналардың бірі. Қайтіп шошымасын? Қайтіп салы суға кетпесін? Кәріге де, жасқа да қорқыныш туғызып тұрған ахуал. Жаппай солай десек, артықтау болар, дегенмен өмір қымбат емес пе кім-кімге де?
...Сонау 2000 жылдың күзінде әскердегі жастардың жағдайымен танысуға арнайы іссапарға шыққанымыз есіме түсіп отыр. «Солдат аналары комитеті» деген қоғамдық ұйымның өтінішімен комиссия құрамына облыстық мәслихаттан екі депутат ендік. Үшіншісі баласы әскерде қаза болғаннан кейін осы комитет мүшелігіне кіріп, қоғам ісіне белсене араласып жүрген орыс әйелі. Есімін ұмыттым. Ол кезде Орал өңіріндегі «Солдаттардың аналары» комитетіне қос ұлын әскер жұтқан Софья Халиловна Юшкевич деген құрметті апай жетекшілік ететін.
«Дедовщина», тамақтың нашарлығы сияқты проблемалар солдаттардың арасында жайсыздық туғызып, кісі өлімі жиілеп тұрған... Жамбыл облысындағы Шуға бардық. Әскери шенділер қаз тұрып қарсы алды, әрине. Казармаларды көрдік, асханаларына барып, сол балаларға беріліп жатқан күйірсіз тамақтан бірге тамақтандық. Арнайы дастарқан, қонақтық дегеннен бас тартқанбыз. Ішегіміз шұрылдап, ертеңіне әскери жаттығу өтетін алаңға, тау арасына тағы жол тарттық. Палатка, оның ішінде құрылған жатын орындар, дала қосы, әскери қазан-ошақ... бәрін араладық, қарақұмықтан пісірілген солдат ботқасына жылап көріскен сол бір сәтте жас жауынгер-ер балалардың қалай қиналып жүргендерін жан-тәнімізбен қалай түсінгенімізді айтпаңыз.
Сапта тұрған сарбаздардың жанынан өтіп бара жаттық, қарап келемін, «Көгерген, қарайған із, төбелес белгісі жоқ па?» деп беттерін, қолдарын бастан-аяқ шоламын. Кенет, қолының сыртынан қан шығып тұрған бір сарбаздың қасына қалт тоқтадым.
– Не болды, балам? – деймін қолына қарап.
– Жарылып кеткен... – дейді ерні де шыт-шыт болып кеткен қараторы, шілдей арық жігіт.
Сөмкемде жүрген «Для рук» деген жақпа майды алып, қолына ұстаттым.
– Болмайды бізге, – деп жатыр.
– Мен мамалар комитетіненмін, бізге болады, – деймін қатулана, аяп тұрғанымды білдірмеуге тырысып.
Кешкісін солдаттармен азкем әңгімелесуге мұрсат алдық. Сонда да әскер киімін киген тақырбас, бірыңғай жадау балалар шағымданып, бірауыз да сөз айтқан жоқ. Тек қана «Келгендеріңіз жақсы болды, осылай жиірек қарап тұрса, жақсы болады» деп тұспалдады. Қайсар, емен тектес мінезді көргем сонда сіңірлі ұлдардан. «Емен майыспайды, морт сынады» деуші еді. Олар сынбас үшін қоғамдық ұйымдар бірлесіп, қадағалауды қолға алу керек шығар.
...Рахымжанова Меруерт деген сыныптас құрбымның өмір бойы өкінішпен өзегін жандырып келе жатқан бір мұңын айтып бергім келіп отыр, өзінің келісімімен, осы жерде.
Алты баласының үлкені, қырда өсіп, аттың құлағында ойнаған сап-сау баласы 1995 жылы әскерге алынады да, арада жеті ай өткенде «комиссовать» етіліп, ауру болып оралады. Жалғыз өзі емес, бір жерде – Алматы қаласы, 7553-ші әскери бөлімде қызметтерін бірге бастаған үш бірдей солдат (біреуі – Жаңақаладан, екіншісі – Орал қаласынан, үшіншісі – ол кездегі Жалпақтал ауданының Көктерек ауылынан) бір күнде жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға түсіп, одан шыққан соң қайтадан әскерге жарамсыз деп танылып, үшеуі де бірге кері қайтарылған. Жарамсыз болғандары сонша, әскерилер өздері (алдыңғы екеуін үйлеріне, біздің кейіпкерімізді Оралға дейін ғана...) әкеліп тастайды. «В провожатом нуждается» деген, полковник Ю. Брагаров, сержант Г. Құспанов дегендердің қолы қойылып, мөрі басылған 1996 жылдың ақпанындағы сарғайған құжат әлі күнге қолдарында... Қырда мал бағып отырған әке-шешесіне азып-тозып жеткенше неше күн жолда жүріп, неше қиындықты басынан өткергені белгісіз, әйтеуір, бала белінен баса алмайды. Қос бөтеке пайдасыз, сап-сау кеткен бала мүгедек болып, қолға қарап ұзақ төсек тартып жатады. Не болғанын айтуға да жағдайы жоқ (айтқысы келмейді немесе ұмытып қалған), қолында әскери билеті мен ауру тарихы жазылған қағазы, әскерге жарамсыздығы туралы берілген анықтамасы ғана бар. Сол кез аудан тарап, Казталовқа қосылып жатқан тұс, біреуді біліп, біреуді білмей жатқан кезеңде баласының мүгедектігі туралы құжаттарын ауданнан келген әскери комиссариат басшысына аманаттап, қолына ұстатады да жібереді әкесі. Аңғал ауыл адамы баласының тағдырын, не болғанын, енді не істеу керегін, жәрдемақы мәселесін әскери комиссариат өздері шешіп береді деп ойласа керек «аманат деген бірауыз сөздің салмағынан үміт қылып. Қысқасы, сол құжат ұшты-күйлі жоғалған, жәрдемақы түгілі, оны талап ететін негіздемеден де айырылып, күйіп-пісіп қала барады бұлар. Қаншама жазған арыз, салған сұрау аяқсыз қалады.
Кейін, арада он жыл өткенде баласының жоғалып кеткен әскери билетін облыстық әскери комиссариаттың қоқыс жәшігінен біреудің тауып әкеліп, қолына беріп кететіні тағы бар. Бұл кезде қалаға көшіп келген Меруерттің әлгі билетті қолына ұстап, әскери комиссариатқа баратыны, кіріп барғанда баспалдақтан түсіп келе жатқан баяғы бүкіл құжатты алып кетіп, жоқ қылған Ш. деген бастықты кездестіріп (ол кісі де жоғарылап, қалаға қызметке ауысқан екен!), «Сізге аманаттаған құжаттардың ішіндегі әскери билеттің он жыл өткенде кеңсеңіздің артындағы қоқыс жәшігінен табылғаны қалай? Қалғаны қайда!» деп сол жерде тікесінен сұрақ қойған ашулы ананы жалмажан кабинетіне кіргізіп, алдап-сулап, «Бәрін қатырамыз» деп тағы кері жөнелтетіні бар, не керек, әскерден саулығын біржола жоғалтып қайтқан баласы – Мирхан Бисенғалиев тиісті жәрдемақысын ала алмауымен қалады ақыры...
Не істесін Меруерт, қолынан келгені, «Қалған төрт ұлымның (тұңғышы – қыз) бірін де әскерге шақыртушы болмаңдар, жібермеймін!» деп айбар қылған да басылған. Айыптарын түсінгеннен бе, әлде басқа бір себептері болды ма, әскерге шақырту жібергенмен, тап алып кетуге көп қысталамапты ешкім мұның балаларын...
Құрбым қабырғасы қақырап отырып, осы әңгімені айтқан сайын «Үшеуіне бірдей не болып қалған ол солдаттардың сонда? Бірдей диагноз. Ана екеуіне тағайындалған жәрдемақы мұның баласына неғып бұйырмаған?
Жоқтаушысы жоқ, қырда отырған адамдардың баласы деп, тағдыры басталмай жатып тәлкекке түскен жас жігіттің құжаттарын әлде бір себеппен жоқ қылды ма?..» деген сұрақ көлденеңдейді де тұрады көкейімде. Онымның себебі де бар, жазуға – ұзақ әңгіме!
Бақандай 26 жыл өтсе де, сол бір кезде бастан кешкендері жөнінде тіс жармауымен келеді баласы. Саулық жоқ. Ауыр болса да айтайын, ұрпақ та жоқ. Бәрін ішіне бүгуге, мұңлық ғұмыр кешуге мәжбүр болып жүрген мұндай жандар аз емес шығар... «Үйлері жақын балдарға үйлерінен, кейде Алматыға келіп қалған таныстар мен туыстардан тамақ келсе, оны ерніне де тигізбей, әлі жететіндер тартып алады...», «Асханада ішейін деп отырған асыңа түкіріп, тәрелкеңді былғап кетеді, кіл жынды жиналған жер ғой...» деп сөз арасында үзіп-бөліп айтып қалатыны болмаса, жалпы әскерде болған жеті айды мүлдем санасынан шығарып тастағандай. Тек әлгі сарғайған құжаттағы «Постоянно подвергался избиениям, издевательствам. Часто плакал, уединялся...» деген жазу ғана куә. Ол күнде де тап қазіргідей бәрін сарбаздың өзіне жауып, ақталып шығуды шеберлеп жүзеге асырғандары көрініп тұр. «Жасында аттан құлаған екен..., емделмепті...», «Сабаққа ынтасы болмапты...» деген бірнәрселерді жазып, өздерін «сүттен ақ, судан таза» қылып шығарған жазбаларынан қазіргілердің де қолтаңбасын айнытпай танисың. «Бас сынса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, көрген жәбір-жапаны құпиялап, бұзақылықты айтпау да сол «СА»-дан «мұраға» қалғандай. Жариялылық жоқ жердің оңғаны бар ма! Әрине, әйел заты болған соң ерлердің, соның ішінде әскердің түсінік-ұстанымдарынан алыстау шығармын, бірақ адами өлшем ше? Мундирліге де, мундирсізге де ортақ адамгершілік талабы қайда қалады?
Тағы бір әңгіме есіме түсіп отыр:
Бір үйдің екі ұлы. Үлкені Североморск өлкесіне түседі, үш жыл моряк! Алғашқы алты айда жеген таяқта сан жоқ. Анасы «Фото сал» деп хат сайын қақсайды да жатады, мұның суретке түсуге халі жоқ. Бет-ауыз көкала, көз бен жақ – ісік... Басқалардай «дедтардың» айтқанына көніп, айдағанына жүре алмағанының кесірінен басы төртбұрыш болатын да жүретін көрінеді. Бірақ сынбаған. Кейін әскерге жаңадан келгендерге қамқор болып, ешқайсысын маңдайынан шертпеген және айналасындағылардан да соны талап еткен. Кереметі сол, бұл жігіт «служба» аяқталып, үйге қайтқанда, тап осы Североморскіге осы бөлімге өзінің туған інісі түседі ғой. Ағасының жас сарбаздарға жасаған қамқорлығының қайырын інісі көреді сол үш жылда. «Әйтпесе, мен сендей ірі де емеспін, ана жерден аман қайтпауым мүмкін еді» депті бауыры әскерден оралған соң.
Бұл – сонау сексенінші жылдардың екінші жартысындағы «СА солдаттарының» әңгімесі. Бүгінгі тәуелсіз елдің сарбаздары қандай «құпияларды» ашар екен кейін, «мерзімі толған соң». «Шыдамдылық таныттық сонша қорлыққа» дер ме екен, әлде «Шыдамағандар асылып, атылып қалатын, болмаса, түрлі жұмбақ жағдайларда өліп кететін» деп отырар ма екен кейінгілерге? Қатыгезденіп бара жатқаны ақиқат мына заманның. Сол қатыгездікке қарсы қояр адамшылықты қайдан аламыз? Қалай дайындаймыз қолтелефоннан басын көтермей, «жоқ, болмайды» дегенді естімей өскен үрпекбас ұлдарды? Қатыгездікке жол беріп отырған әскер «салтының» сырын қалай біліп, қалай бұзамыз? Осы тұста «еркектің қолы» керек қоғамға. Үн қатулары керек азаматтар, еркекше сөйлесулері керек жеке жиналыстар жасап. Жолдастарын қорлап, бала-шағасының күнін қараң қылып жүрген бөріктілерге «тәйт!» дейтін СӨЗ керек. Ол сөз еркектің аузымен айтылуы керек және.
Қоғам дертті. Меңдеп кеткен дерт. Одан айықтыруға мектептердің (мұғалімдерінің басым көпшілігі әйел адамдар!) де, заң шеңберінде ғана қимылдайтын тәртіптік құрылымдардың да шамасы жетер емес, бүкіл қоғам болып қолға алмаса...
Тәрбие, тәртіп, үлгі, ашық әңгіме – бәрі керек. «Жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыруға» тырысатынның заманы өткен.
Бұл мақаланың жазылуына да осы Оралда он күн әскерде болып, жындыханадан бір-ақ шыққан тағы бір тағдырлы жігіттің оқиғасы себеп болды. Қорқынышты, шынымен де!
«Ұлым, саған айтам, елім, сен тыңда!» деп ұлағат айтар, жөнге салар кім бар?
«Солдат аналары» комитетінің үні шықпайды, «Солдат аталары» немесе «Солдат әкелері» деген комитеттер құру керек шығар, мүмкін, «Ардагерлер кеңесі» жанынан. «Ардагерлер кеңестерінің» басты бір бағыты да осы болуы керек емес пе?
Мектептердегі әскери дайындық сабақтарының тәрбиелік, психологиялық жағына аса көңіл бөлмей қалып жүрген жоқпыз ба? Ұлдар тәрбиесінің тетіктерін тат басып қалған емес пе?
Сіздер не айтасыздар, ұстаздар қауымы?
Сіз ше, сарбаз сырын білетін орта буын, аға буын азаматтары?
Ерлерден ерлік (еркектік) жоғалмай ма, осылай кете берсе... «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» депті ғой Бауыржан Момышұлы. Ол туралы ойландық па?..
Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,
Ы. Алтынсарин белгісінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
ҚР Мәдениет саласының үздігі