Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінде «Ақын жүрегінің алауы» атты кеш ұйымдастырылды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және ақын Абдолла Жұмағалиевтің 110 жылдығына арналған шараға Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің оқытушылары мен «Әскери кафедра» білім алушылары, шақырулы қонақтар қатысты. Алдымен сөз алған Жәңгір хан университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов кештің маңыздылығына тоқталып өтсе, аталмыш музей директоры Мейрам Маратұлы жалынды ақын әрі ержүрек батыр А.Жұмағалиевтің ерлігі кейінгі ұрпаққа мол үлгі-өнеге екенін жеткізді. Ал БҚАТУ-дың аға оқытушысы, тарихшы Есқайрат Хайдаров «Ескерусіз қалған ерлік» атты баяндамасында Абдолла ақынның өмір жолы, шығармашылығы, ерлігі туралы сөз етті.
Кеш қонақтары – елімізге танымал ақын Сағынтай Бисенғалиев ел басына күн туғанда атқа қонған ерлердің өмірінен сыр шертсе, айтыскер ақын Бауыржан Ширмеденұлы А.Жұмағалиевтің туған жері - Сырым ауданында қаламгердің есімін ұлықтау мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылатынын тілге тиек етті. Тағы бір мейман – Абдолла ақын дүниеге келген Жосалы ауылының тумасы, әнші-сазгер Алмас Елшібеков А.Жұмағалиевтің сөзіне жазылған Ж.Ғайсағалиевтің «Оралар күн» әнін орындады.
Шара барысында мектеп оқушылары Дастан Ерланов, Айым Кәрімғали, Гүлназым Ерен, Назерке Жасұланқызы, Назира Аманова, Айым Қыдырғали, Айзере Ануар ақынның өлеңдері мен Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасынан үзінділер оқыды. Кеш соңында ақын А.Жұмағалиевтің шығармашылығын насихаттауға өз үлестерін қосып, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан қонақтар БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Ерсаевтың алғыс хатымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
БҚАТУ медиа орталығы