«Спортты дамытатын, халық денсаулығы мен ұрпақ саулығын бірінші кезекке қоятын Президентке дауыс беремін» деді сайлау учаскесіне дауыс беруге келген Артур Үмбетқалиев.
Артур Үмбетқалиевтің спортта жүргеніне 20 жылға жуықтап қалған. Соңғы төрт жылда бапкер болып қызмет атқарады. Күреске қабілеті бар жастарды боз кілемде белдесуге баулып жүр.
Аптасына үш рет залда жастармен жұмыстанады екен.
Бүгін дауыс беруге өзі күреске баулып жүрген шәкірттерін ерте келіпті. Біз спортшыны аз-мұз әңгімеге тарттық.
-Еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс беру парызым деп санаймын. Барлық кандидаттың сайлауалды бағдарламаларымен таныстым. Өзіме Қасым-Жомарт Кемелұлының бағдарламасы ұнады. Әсіресе жастар үшін көптеген спорт кешендері тұрғызылуы керек, бұқаралық спортты дамытуға, халықтың денсаулығын нығайтуға атсалысу керек деген жері өзіме кәсіби спортшы ретінде ұнады. Мен өз таңдауымды шәкірттеріммен бірге жасадым, - деді спортшы.
Артур дауыс берген №452 сайлау учаскесі сайлау комиссиясының төрағасын сөзге тарттық.
-Осы сағатқа дейін 871 адам дауыс беріп кетті. (сағат 15:53) Негізі 2749 дауыс беруші тіркелген. Дауыс беру кезінде орта буын мен жастардың белсенділігі жақсы. Үйден дауыс береміз деп 12 адам өтініш тастады. Сайлау комиссиясының екі мүшесі үйлерді аралауға кетті. Ешқандай заң бұзушылықтар болған жоқ. Бақылаушыларымыз да өз ретімен жұмыстанып жатыр, - деді Нұргүл Байдашева.
Жанат Көшкінбай,
Фото авторы: Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz