Жуырда Ақтөбеден Оралға келген танысым Жамал Әбдірахманова Алматы – Орал бағытындағы №51 тальго жүрдек пойызы кешігіп келгенін айтты.
– Садақаға келген едік. Кешігіп, ұятты болдық. Аталған пойыздың үш сағатқа кешіккен кездері де болған екен. Мұндай келеңсіздік қашанғы жалғасады, – деді Жамал ханым.
Аталған жайттың не себепті болғанын білмек оймен вокзал басшысы Қайырболат Ғайнеденге барған едік. Ол біздің сұрауымызға «Жолаушы тасымалы» АҚ Орал бөлімшесінің басшысы Думан Қарағойшин жауап беретінін айтты. Алып-ұшып барғанымызда ол кісі сауалымызды атүсті тыңдап, «Ешқандай пікір білдірмеймін» деп шорт кесті. Тіпті аты мен лауазымын да айтпады. (Оны вокзал басшысының орынбасары Гүлсара Жұмағалиевадан сұрап білдік.) Жанама сұрақтармен сөзге тартқанымызда Карағанды – Сортировочная - Ағадыр бағытындағы теміржол бойында болған оқиғаның салдары Оралға келетін пойыздарға да кесірін тигізгенін жеткізді. Яғни жолдан шыққан 14 вагонды қалпына келтіріп, пойыз қозғалысын реттеу жұмысы жүріп жатқандықтан, отарбалар діттеген жеріне кешігіп жетіпті. Бізбен тілдескен уақытында Ақтөбеге бағыт ұстаған пойызды аттандырған «жұмбақ адам» енді елге келер тальголар кешікпейтінін айтқанымен, желтоқсанның екісі күні келетін пойыздың жеті сағатқа кешігіп келе жатқанын білдік.
Ал желтоқсанның бірі күні көмектесуге тырысып, өзінің жұмыс телефонын берген вокзал басшысының орынбасары Гүлсара Жұмағалиева біраз сауалға жауап қатты. Оның сөзіне сенсек, осы күні Алматыдан Оралға келе жатқан №51 пойыз Ақтөбеге тоқтайды екен. Сосын жолаушылар №506 пойызға отырып, Оралға келеді. Ал Алматыға Оралдан жол тартқандарды №505 пойыз Ақтөбеге дейін жеткізеді. Бұл техникалық себептерге байланысты уақытша «маневр» көрінеді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz