Бүгін – қаңтар оқиғасына бір жыл. ҚР Парламенті мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар қанды қаңтар оқиғасында көз жұмған марқұмдарды 1 минуттық үнсіздікпен еске алды. Мәжілістің залында қаңтар оқиғасына қатысты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге былтыр қаңтарда полиция департаменттерінен, қару-жарақ дүкендерінен ұрланған және жаппай тәртіпсіздікке қатысқан адамдардан тәркіленген қару мен оқ-дәрі және басқа да заттар қойылған.
«Осыдан тура 1 жыл бұрын қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде жазықсыз жандар нақақ қаза болды. Бүгінгі жалпы отырысымызды қаңтар құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алудан бастауды ұсынамын», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Мәжілістің жалпы отырысында сөйлеген Бас прокурор Берік Асылов қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандар қатарында Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары болды. Қаңтар оқиғасына дайындық бір жыл бойына, яғни 2021 жыл бойына жүргізілген деп атап өтті.
Бас прокурор тергеудің нәтижесі қолымызда, осы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар туралы барлық ақпарат бар, олардың ішінде өте ірі қылмыстық топтар мен жоғары лауазымды тұлғалар бар деді.
Сонымен қатар мәжілісте қаңтар оқиғасына қатысты «Дерек пен дәйек» атты ролик көрсетілді.
Роликтің басында 1 қаңтар күні Жаңаөзендегі бейбіт жиын бейнеленген. Бас прокурор Асылов халықтың бейбіт жиынын 4 қаңтар күні арандатушы топ қанды оқиғаға ұластырды деп мәлімдеді.
«Жалпы қаңтар оқиғасына қатысты 5 300 қылмыстық іс тергелген. Істің көбін, 4 623 істі ҚР ІІМ тергеген. Олар негізіне ұрлық, бұзақылық, қарақшылық шабуыл, қару ұрлау фактілеріне байланысты, - деп мәлімдеді Бас прокурор.
Мәжіліс отырысына белгілі заңгер Абзал Құспан да қатысып, сөз сөйледі.
Айта кетейік, Абзал Құспан «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы. Ол комиссия қаңтар оқиғасына қатысты зерттеу жұмыстарымен айналысып жүр.
«Біз қаңтар оқиғасына қатысушыларды шартты түрде 3 топқа бөліп қарастырдық. Біріншісі – ұйымдастырушылар. Екіншісі – арандатушылар. Үшіншісі – арандап қалғандар. Яғни, әу баста бейбіт митингі деп шығып, ұйымдастырушылар мен арандатушылардың айтағына еріп, әртүрлі сипаттағы құқық бұзушылық жасағандар. Негізгі адамдар санын осы үшінші топ құрады және біздің комиссия осы топпен мақсатты түрде жұмыс жасадық. Осы бір жылдың ішінде өз басым және комиссия мүшелері басқа шаруаларға мойын бұрмастан тек қана қаңтар мәселесімен айналыстық. Нәтижесінде комиссия бірінші күні-ақ ондаған адамды қамаудан босатуға ықпал етті. Олар негізінен Қаңтар оқиғасы кезінде алаңда жарақат алған азаматтар болатын. Ол жұмыс кейін Тараз, Талдықорған, Шымкент, Семей қалаларында жалғасын тауып, қылмыстық істер бойынша қамауға алынған 1 600-дей адамның 600-ге жуығының бас шарасын өзгертуге тікелей ықпал еттік», - деді танымал заңгер.
Қаңтар оқиғасы өзі неден басталып еді?
Иә, газ бағасынан басталған-ды. Былтыр Жаңа жылдан кейін дереу сұйытылған газдың бағасы 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілген болатын. Бұл бағаға келіспеген Жаңаөзен қаласының тұрғындары 2 қаңтар күні наразылық акциясына шықты. Ол акция кейін Қазақстанның басқа ірі қалаларында қолдау тапты.
Қаңтар оқиғасы Оралда да жалғасты.
Орал қаласында 4 қаңтар күні таңда қала тұрғындары «Дина» гипермаркеті алдына жиналды. Олар қаланың басты көшелерімен жүріп өтіп, Абай атындағы алаңға, яғни әкімдік алдына келген болатын.
Шерушілерді бастағандар қатарында қоғам белсенділері, елге танымал азаматтар, ақындар да болды. Сол кезде көшеге шыққандар саны шамамен 1 500-2 000 адамға жақындаған еді.
Сол уақытта облысты басқарған әкім Ғали Есқалиев көтерілісшілер алдына шығып, елді сабырға шақырған болатын.
Абырой болғанда Оралда қан төгілген жоқ. Полиция халыққа қарсы қару да атпады. Сол кезде ел алдына шыққан БҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин шерушілердің «тілін тауып» таңғы төртке таман аман таратты деп көпшілік айтып жүрді.
Десек те, осы наразылық акциясына қатысқандар жауапкершілікке тартылды. Қаңтар оқиғасы кезінде елде төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. БҚО Полиция департаменті Орал қаласында 94 адамды осы төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар 10 адам қамауға алынып, 76 адамға ескерту берілді. Ал, 8 іс қысқарып кетті деп мәлімдеді.
Қаңтар оқиғасының күшейген кезі 5 қаңтар еді. Алматы қаласында бейбіт шеру жаппай тәртіпсіздікке ұласқаны есімізде. Байланыс үзілді, интернет бұғатталды. Көшеде халық қолма-қол ақша іздеп кетті.
Қаңтар оқиғасынан кейін
Айтпақшы газ бағасынан басталған қаңтар оқиғасының нәтижесінде өңірлерде газ бағасы 50 теңгеге арзандады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болған Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары қамалды. Олар «Мемлекетке опасыздық жасау» бабы бойынша тергеліп жатыр. Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайбергенге «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айып тағылған. Дикий Арман лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев те сол кезде ұсталған, ол «Қазақстан» қонақүйінде адамдарды жинап, Жұмагелдиевтің айналасына бірігуге, оны қолдауға және билікке бірыңғай талап қоюға шақырғаны, сондай-ақ жиналғандарды 10 адамнан бөліп, оларды топтастырудың айрықша белгісі ретінде қолына ақ түсті таңғыштарды байлауды тапсырған деген күдікпен қамалды. Тергеу әлі жүріп жатыр.
Одан бөлек, құқық қорғау органдарының бірқатар қызметкері күдікті деп танылды. Біраз адам қызметінен кетті.
2021 жылдың 2 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды. Бұл бойынша 1 500-ға жуық адамға рақымшылық жасалатыны хабарланды.
Қазір билік алдында жалғыз мақсат бар. Енді мұндай қанды оқиғаның қайталануына жол бермеу. Ел бірлігіне нұқсан келмесін дейді. Бізде де сол тілек!
Жанат Көшкінбай,
Суреттер Фейсбук әлеуметтік желісіндегі ашық парақшалардан алынды