2.03.2023, 9:15
Оқылды: 12

Өнікті тұқым қайда бар?

Өткен жылы Астанада «Тұқым – 2023»  атауымен халықаралық конференция өтті. Алқалы жиында қазақстандық тұқым өсірушілер еліміздегі дақылдар тұқымының 80%-ының сырттан келетінін айтып, дабыл қақты. 2017 жылдан бері қарай импорттық тұқым көлемі 10 есе көбейген. Ресми деректер бойынша, диқандарымыз шетелден тұқым сатып алуға жыл сайын 50-80 млн АҚШ долларын жұмсайды. Осылайша Қазақстан отандық ғылымды емес, шетелдік селекционерлерді дамытуға демеуші болуда. Шаруа адамы маңдай термен суарылған өнімін нарықта өткізе алмай қиналады. Өйткені жиналған өнімі бәсекеге қабілетті емес. Отандық тауар өндірушілер өнімді әр гектарынан 12-13 центнерден,  ресейліктер  гектарына 30-31  центнерден алады. Ғалымдар өнімділікті көтеру үшін стратегиялық  және нақты шаралар қабылдануы керек деседі. Соның бастысы – тұқымды жаңарту мәселесі. Мысалы, АҚШ-та 1-репродукциядан әрі қарайғы тұқымды сеппейді. Беларуссияда 1-репродукциядан әрі тұқым қолдануға заңмен тыйым салынған. Онда әр гектарына 41 центнерден өнім жинайды.

89242B01-0526-4056-9254-21C7574A6E68

«Қарғадан қарға туар қарқылдаған»...

«Қарғадан қарға туар қарқылдаған» демекші, өсімдік те тірі ағза болған соң, адам баласы секілді кейбір қасиеттерді тұқымынан алып,  тегіне тартады. «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС  – Ақ Жайық өңіріндегі элита  тұқымын өндіретін және оны көбейтумен айналысатын бірден-бір шаруашылық. Қазіргі уақытта жаздық бидайдың, арпаның, сұлының, ноқаттың, тарының, көпжылдық шөп түрлерінің облысымыздағы аудандастырылған сұрыптарының  элиталық тұқымын өндірумен және көбейтумен айналысады. Онда өндірілген элита тұқымдарын тұқым шаруашылықтары  сатып  алады.

– Элита тұқымын ғылыми жолмен бірден алу мүмкін емес. Стансаның жеріндегі элита тұқымы дақылдарының егістігінен дәнге толы масақтарды теріп, дәндерін іріктеп, біртектісін, зиянкестермен зақымданбағанын аламыз. Әр масақтан алынған дәндерді асыл тұқымды көбейтетін тұқымбақта егеміз.  Өсіп-өнген тұқымды жинап, оны тағы іріктеп алып, екінші жылы да өсіреміз. Осылайша 7-8 жылда супер элита, содан кейін ғана элита тұқым алынады. Элита тұқымы қымбат болғандықтан, оны тарататын тұқым шаруашылықтарына мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Бұл шаруашылықтар элита тұқымын тәжірибе стансасынан сатып алып, өсіріп, 1, 2, 3-репродукцияға дейін басқа шаруашылық құрылымдарына ұсынады. Стансадағы селекция және алғашқы тұқым өндіру бөлімі сапалы кондицияға жеткізілген, аудандастырылған, жергілікті ауа райына бейімделген сұрыптардың сұранысқа сәйкес жоғары репродукциялы тұқымын қажетті мөлшерде дайындайды. Сапалы тұқым дайындау үшін материалдық-техникалық базамыз берік болуы тиіс. Ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесі, дәнді дақылдар өсіру агротехнологиясы талаптарға сай болуы қажет, – деді аталмыш бөлімнің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы  ғылымдарының кандидаты Гүлшат  Шектібаева (суретте).

Селекция және алғашқы тұқым өндіру бөлімі ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын  шығарумен айналысады. Көбінесе астық тұқымдас (бидай, тары, арпа), көпжылдық шөп түрлерінің және бұршақ тұқымдас дақылдардың (ноқат, мақсары) жаңа сұрыптарын зерттейді. Соңғы кездері отандық нарықта мақсарыға сұраныс бар. Малға  азықтық жем ретінде ноқатты өсіруге ықылас ауды. Осындай сұраныстарға байланысты аталмыш екі дақыл ғылыми тұрғыдан зерттелуде.  

Төзімді һәм өнімі мол сұрып керек

Тәжірибе стансасында шығарылған жаңа сұрып мемлекеттік сынақ мекемелерінде (Алматыда, Астанада зертханалары бар) сыналады. Жауын-шашынды жылдары ғана емес, құрғақшылық жағдайында да тұқымның шығымдылығы жылдар бойы зерттеледі. Басқа ғылыми-зерттеу институттарында өндірілген сұрыптар салыстырылады.

– Өзімізде шығарылған жаздық бидай тұқымының    Волгоуральская сұрпы стансада  1997 жылдан бастап зерттелді. Ол 2003 жылы ғана жаңа сұрып деп танылды. Шаруашылықтар аудандастырылған, яғни жергілікті климат-қа, топыраққа бейімделген, ауру, зиянкестерге қарсы тұра алатын сұрып  түрлерін егуге тиіс. Соңғы  жылдары облыста қуаңшылық жиілеп кетті. Қуаңшылыққа төзімді, өнімі мол сұрып түрлерін  шығару  жолында  ізденудеміз,  – деді Г. Шектібаева.

Жаздық бидай сұрыптарының ішінде Волгоуральская, Красноуральская, Приуральный, Орал деген түрлері жергілікті стансада шығарылды. Волгоуральская сұрпы Ресейдің Самара облысындағы Тулайка ғылымизерттеу институтымен біріккен зерттеу жұмыстарының нәтижесінде пайда болды. Красноуральская 2020 жылы, Орал 2016 жылы жаңа сұрып ретінде тіркелді. Приуральный сұрпы мемлекеттік сынақтан өтуде әрі оның тұқымы көбейтіліп жатыр.  

«Егін ексең, ұрығыңды сайла» деген мақалды ескере бермейтіндер қолға іліккенді жерге себе салады. Тұқымды жаңалау шаруасы қаржыға тірелетіні рас. Оның үстіне егіншілердің көпшілігінде тұқым сақтайтын қойма да жоқ. Сондықтан көктемгі далалық жұмыстар басталар кезде, диқандар тұқымды тәжірибе стансасынан табады. Онда тұқым сақтайтын  жақсы қоймалар бар. Негізі, облыста 4 тұқым шаруашылығы жұмыс істейді. Бірақ диқандар қауымы тұқымды қайдан алуды өздері шешеді. Соңғы кезде Ресейден де тұқым  тасымалдануда.  

– Атам қазақ «Не ексең, соны орасың» деп тегін айтпаса керек. Егілетін тұқым дәндерінің ірі, салмағы талапқа сай, қамырлылығы жоғары болғаны жақсы. Тұқымның шығымдылығына қарау керек. Жерге себілетін тұқымның сапасы зертханада зерттелгені жөн. Стансада өндірілетін тұқым түрлерінің сапасы тиісті («Орал жер», «Агроэкс») мекемелерде тексеріледі. Тексеріс сараптамасы оң нәтиже көрсетсе, сатылады,  – деді бөлім меңгерушісі.

Ғылыми орталықтың ғалымдары өңірде өсірілетін жаздық бидайдың қамырлылығы жоғары екенін мақтан етеді. Өздері шығарған Волгоуральская сортының қамырлылығы 38-40%-ға дейін барады деседі. Астықты өлке саналатын Қостанайдың өзінде бидайдың қамырлылығы әрі кеткенде 28-30%-ды құрайды. Бірақ ондағылар әр гектарына 25-28 центнерден мол өнім алады.  «Өңірімізде бидайдың әр гектарынан 10 центнерден өнім алу межеленеді. 2009 жылдан бері қуаңшылық қайталанып, тек былтыр егін шығымды болды. Ғалымдар қуаңшылықты климаттың өзгеруімен, ауа температурасының +1, +2 градусқа жылуымен байланыстырады. Кеңестік заманда да біздің өңірімізде өсірілетін дәнді дақылдар өнімділігі жағынан емес, сапасы, қамырлылығы қасиеттерімен  бағаланды. Басқа облыстағы элеваторлар  біздің астықты алып, ұнның  қамырлылығын көтеру үшін араластырады.  Сондықтан аз көлемде болса да, жаздық бидайды еккен дұрыс. Облыс халқын нанмен, астықпен қамтамасыз етуіміз керек. Басқа жақтан дән не астық таситын болсақ, оның шығыны көп, нан бағасы өсіп кетеді», –  деп түсіндірді Гүлшат Хибатқызы.

Апробаторлар неге жетіспейді?

– Қазір өндірісте селекционерлер, тұқымтанушы мамандар жетіспейді.  Селекционерлердің көбі – зейнет жасына жақындағандар және зейнеткерлер. Ауыл шаруашылығы институттары ондай мамандарды даярламайды. Оны айтасыз, агрономдарды оқытпайды.  Өйткені егіншілікте химиялық заттармен, гербицидтермен жұмыс істейді.  Соған орай өсімдік қорғау, эколог мамандығына оқытады. Стансамызға білім-білігі мол тұқым мамандары, апробатор қажет-ақ. Мысалы, біреу: «Волгоуральская тұқымын ектім, мынадай өнім алдым» десе, оның еккен тұқымы дәл сол тұқым ба, әлде «Альбидум 23» пе, міне, соны  зерттеп, тексеретін маман жетіспейді,  –   деді 32 жыл ғұмырын стансадағы ғылыми зерттеу жұмыстарына арнаған Гүлшат Шектібаева. Бөлім меңгерушісінің әңгімесіне қарағанда, бүгінгі жастар стансадағы ғылыми тірлікке көп қызыға бермейді. Мұндағы ғалымдар күннің ыстық-суығына қарамай, таңертеңнен кешке дейін далада жүреді. Сынақ алқаптарындағы егілген жасыл желекті бақылайды, егін орағында болады.   Мамандар тек қыс айларында бөлмелерінен  табылады.  

Ғалым апамыз 20 сұрыптың ауторы, оның ішінде бидай түрлері, көпжылдық шөптер де бар. Гүлшат Хибатқызы ғылыммен айналысумен қатар қоғамдық негізде апробаторлар даярлайды. Биыл «Вilim-orkenieti» ұлттық-инновациялық ғылыми зерттеу орталығы  ұйымдастырған  «Қазақстан Республикасының үздік маманы – 2022» республикалық күздік байқауында жылдың үздік маманы атанды. Республика күніне орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Өңірімізде селекциямен, тұқым жаңартумен көз майын тауысардай айналысып, ғылымға, мамандығына адалдығын сақтаған жандардың бірі – Гүлшат  Шектібаева.

Тұқым болашағы пробиркада ма?

Солтүстік Осетиядағы 2012 жылы ашылған ғылыми-зерттеу орталығы суыққа тоңбайтын, ыстыққа төзімді, вирус, өсімдік ауруына қарсы тұра алатын иммунитеті мықты картоптың элита, ұлттық сұрпын  шығарды. Ғалымдар тұқым шаруашылығының болашағын зертханадағы пробиркада өсірілетін клондалған микроөскіндермен  байланыстырады. Питомникте егілген  картоптың жаңа сұрпының әр гектарынан 70-80 центнер өнім алынған. Керемет. Өзгенің жетістігіне қуанғанмен, біздегі ғылыми-зерттеу орталықтарының жабдықталуы өркениет көшінен қалыс қалғаны аян. Тәжірибе стансасында зертханалық зерттеу жағы кемшін. Зертхана жоқ болған соң, дәннің сапасын өздерінде тексере алмайды. Ғылыми орталық ретінде дамытуға қомақты қаржы керек. Бес жыл бұрын республикалық бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, екі комбайн, культиватор және басқа да техника түрлері  алынды. Биыл стансадағылар 2 млрд теңгеге тапсырыс берді. Онда тұқым тазартатын жабдық, тұқым сепкіш, басқа  жабдықтар сатып алу көзделген. Техника жаңартудың арқасында ғылыми орталықтағы егістік көлемі 1 000 гектардан 4000 гектарға жеткізілді.  

Елімізде тұқым жаңарту, селекция мәселелеріне енді назар аударыла бастады. Үкімет тәжірибелік шаруашылықтар базасында бастапқы тұқым шаруашылығын дамыту, оның ішінде жабдықты жаңарту және аграрлық ғылымды ынталандыру жөніндегі Президент тапсырмасын орындауға кірісті. Алдымен селекция және тұқым шаруашылығы саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленеді.  Кешенді жоспар Қазақстанның селекциясы мен тұқым шаруашылығындағы орын алатын жүйелі мәселелерді шешуге бағытталады деп күтілуде. Ғылымның өндіріске, ауыл шаруашылығына тигізер пайдасы көл-көсір. Ғылымға сүйенбеген мемлекет өрге баспайды. Жергілікті климатқа бейімделген жоғары өнімді сұрыптар мен будандарды пайдалану дақылдар өнімділігін 40-50%-ға арттырады. Мұның өзі – ғылымда дәлелденген ақиқат.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале