Көктем туып, тіршілік атаулы жанданып, айнала жаңара бастады. Ағаштар бүршік жарып, жасыл желек жайқалып, қала көшелері көркейе түсер күн жақын. Алайда шаһардағы кейбір аялдама павильондарының сәні келіспей-ақ тұр. Себебі олардың санитарлық жағдайы сын көтермейді. Шашыраған балшықтан, шаңнан, шимай жазу-сызудан аялдамалардың «бет-жүзі» көрінбейді. Бұл көріністің шаһардың сәнін бұзып қана қоймай, жолаушыларға да кері әсер етері сөзсіз.

Мәлімет үшін айта кетсек, Орал қаласы әкімдігінің ресми сайтының жазуынша, шаһарда 76 жаңа және 140 ескі аялдама павильоны бар. Сондай-ақ 92 аялдамада шағын дүкен болса, 183 аялдамада павильон жоқ.

Орал қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 2021 жылы 20 ашық және 4 жылы аялдама павильонын орнатқан. Қыстың аязы мен боранынан, жаздың аптап ыстығынан, күз-көктемнің жауын-шашынынан қорғану үшін аялдаманың қажет екені белгілі. Алайда олардың таза, жолаушыларға қолайлы болғаны жөн-ақ. Біздің сұрақ: «Шаһардағы аялдамалардың санитарлық жағдайына кім жауап береді?»

Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»