Оралда Борлы тау етегіндегі шағын шатқалға бармаған адам қалмаған шығар, сірә! Instagram мен Тik-Tok желісінде контент жасау үшін жастар сол Борлы тау ауданына қарай ағылып жатыр. Тіпті Атырау, Ақтау, Ақтөбеден арнайы осы сұлулықты көру үшін келгендер де бар.
Суреттерді түсірген: Гүлмира Сарсенғалиева
Бізде сол жерді барып, көзімізбен көріп келдік. Шағын ғана шатқалдың сұлулығы алыстан көзді арбайды. Адам қарасы көп, дені жастар. Біз бір-екеуін әңгімеге тарттық.
«Бұл жер қазір трендте. Бәрі Тik-Tok-қа видео салу үшін келеді. Біз де бүгін достарымызбен келдік. Оралдың осындай әдемі жерлері туралы көбірек айтып, насихаттауымыз керек», - дейді жастар.
Иә, шынымен өте әдемі жер. Мальдив аралдарына ұқсайтын әдемі жерді жастар өздері-ақ насихаттап жатыр. Әлеуметтік желіден көрген көрші облыстардан туристер келіп, олар да Оралдың сұлулығын көріп, тамсанып жүр.
Турист демекші БҚО кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының туризм және сыртқы экономикалық байланыстар бөлімі 2021 жылы – 76,2 мың, 2022 жылы – 101,3 мың турист біздің облысқа кіргенін айтып отыр.
Ал 2022 жылы туризм саласына 15,8 млн теңге қаржы бөлінген.
Өңірге туристерді көптеп тарту мақсатында біраз жұмыстар жасалынып жатыр. БҚО кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының басшысы ол туралы былай дейді.
- Облыс бойынша туризімді дамыту бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, www.visit-uralsk.kz ақпараттық сайт, «Облыс туризмінің интерактивті 3D картасы» ұйымдастырылды. Аймақтағы туризмді дамыту мүмкіндіктерін көрсету, сондай-ақ туристік әлеуетті зерттеу үшін 27-ден астам туристік маршрут дайындалды.
Атап айтқанда, Бөкей хандығына Экскурсия, Жұмбақ Ешкі тау, ең кіші сарқырама, «Ақжайық», Шыңғырлау ауданына Джип тур, қорықты Теректі, Дала көлі, БҚО киелі нысандары және басқалары. Туристік маршруттар тізілімі туралы қосымша ақпарат www.visit-uralsk.kz. сайтында орналастырылған, - деп атап өтті басқарма басшысы Жұмакелді Батырниязов.
Аймақта туризм саласының дамуына үлес қосып жүрген жандардың бірі - Айболат Құрымбаев. Біз Айболат Шамұратұлын әңгімеге тарттық. Сонымен біздің облыста туризмді дамыту үшін не істеу керек?
– Туризмді дамыту үшін жол картасы керек, жоспар керек, оған жауапты басқармалар бекітіліп, қажетті қаржылар бөлінуі керек. Қазір біздің облыс туризмге ақшаны ең аз бөліп отырған аймақ. Мәселен, Атырау 50 миллиондай, Маңғыстау 900 миллиондай қаржы бөліп отыр. Біздің облыс - 15 миллион шамасында қаржы бөліп отыр. Көрші облыстарда туризм басқармасы бар. Бізде тек бөлім. Ол жерде тек үш адам жұмыс істейді. Олардың қолында қаржы да жоқ. Жан-жақты, кешенді жоспар болмағасын олар не істей алады? Бізде туризмді дамыту үшін алдымен, Орал қаласынан туристік ақпарат беру орталығын ашу керек. Олар барлық облыс бойынша баруға болатын әдемі орындар туралы ақпарат таратып, түрлі шаралар өткізіп, маршурттарын сызып, халықты ақпартандырумен айналысу керек. Біздің облыстың басшыларында туризм үлкен қаржы әкеледі дегенге сенім жоқ. Олар сенбейді, өздері дұрыс түсінбейді. Біз үлкен бес елмен шекаралас тұрмыз. Үстімізден қанша турист өтеді.
Олар бізге тоқтамайды. Неге? Себебі жарнама жоқ, жұмыс жоқ. Шалқар, Хан ордасы секілді ірі нысандардың бөлек бағдарламасы болуы керек. Біз үстімізден өтетін әр туристті өзімізде ұстап қалу үшін жағдай жасауымыз керек, - дейді Батыс Қазақстан туристік қауымдастығы Заңы тұлғалар бірлестігінің директоры Айболат Құрымбаев.
Біздің облыстың табиғаты да, тарихи орындары да баршылық.
Турист тартуға мүмкіндігі мол аймақ. Тек біздегі жол сапасы әзірге көп нәрсеге тұсау болып тұр.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz