12.07.2016, 14:31
Оқылды: 59

Ардагер ағаға құрмет

ардагер Сейсенбі күні соғыс және еңбек ардагері, Орал қаласының құрметті азаматы болған Бисен Жұмағалиевке арналып ескерткіш тақта ашылды. Өзі тұрған үйінің маңдайшасына орнатылған естелік тақтаның ашылу салтанатына өңірдің соғыс және еңбек ардагерлері, марқұмның үзеңгілес дос-жолдастары мен ұрпақтары қатысты.


Бисен Жұмағалиев 1922 жылы 22 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы бұрынғы Тайпақ ауданы, Сайқұдық ауылында дүниеге келген. 1940 жылы педагогикалық училищені бітірген ол, еңбек жолын мектеп мұғалімдігінен бастаған. Бисен Жұмағалиұлы 1942 жылдың қаңтар айында майданға аттанып, 13-дивизияның құрамында Ленинград қаласын қорғауға қатысқан. Майдангер соғыс жылдары қарумен қаламды қатар ұстап, «На страже Родины» газетінің қазақ тіліндегі «Отанды қорғауда» атты парақшасын шығаруға жүйелі атсалысқан. Осылайша ол 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы қазақтан шыққан 79 әскери журнилистің бірі болды. Өзі соғыста қан кеше жүріп қазіргі «Орал өңірі», сол кездегі «Екпінді құрылыс» газетіне майдандағы жағдай, қазақ жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігі, тылдағы ел-жұрттың жанкешті еңбегі туралы мақалалар жолдап тұрған.ардагер

Бисен аға майданнан оралған соң 1945-1955 жылдары БҚО «Екпінды құрылыс» газетінің редакторы, Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарады. 1960-1985 жылдары Орал және Көкшетау облыстық партия комитеттерінің хатшысы қызметінде болады. 1985 жылы зейнет демалысына шыққан соң Көкшетау қаласындағы Куйбышев атындағы мемориалдық музейдің директоры болып еңбек етеді. Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлерінің ерліктері, Ленинград қорғаушылары туралы «Степные зари Приуралья», «Обновленная степь», «10 лет с М.Шолоховым» атты кітаптар жазған. Бисен Жұмағалиұлы Отан соғысы, 3 мәрте Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында сөз алған еңбек ардагері Жайсаң Ақбай: -Мен Бисен ағамен алпыс жыл бойы араластым. Ол тек менің ғана емес халықтың тәрбиешісі болған жан. Барлық саналы ғұмырын халықты әсіресе жастарды тәрбиелеуге арнады. Өмірге деген құлшынысы зор еді. Марқұм ешқашан жеке басындағы немесе қызметтегі, болмаса соғыста кездескен қиындықтар туралы сөз қозғамайтын. Ең басты ұстанымы дұрыс өмір сүру, қоғамға адал қызмет ету, халықтың құлы болу еді. Тіпті құрметті демалысқа шыққан соң да қоғамдық белсенділігін бәсеңдеткен жоқ. Ол соңғы демі шыққанша облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі ретінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің алғышарты – ұлтаралық жарасымның нығаюына және халық пен биліктің арасындағы екі жақты тиімді байланыстың беки түсуіне, жас ұрпақтың елжанды азамат болып қалыптасуына ұдайы мүдделік танытты. Бисен аға өзінің еңбекқорлығымен, адами қасиетімен өз-өзіне ескерткіш қойып кеткен жан,-деді.

Сондай-ақ естелік тақтаның ашылуында соғыс ардагері Иван Гапич, салтанатқа арнайы Көкшетау қаласынан келген Бисен ағаның шәкірті, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Шиап Әлиев сөз сөйледі. Салтанатты рәсімге жиналғандар қабір басында болып, марқұмның аруағына құран бағыштады.

www.zhaikpress.kz
Нұрбек ОРАЗАЕВ
«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале