10.05.2023, 18:01
Оқылды: 225

Ұстазға құрмет – азаматқа міндет

«Санамды сен ашпасаң, не етер едім, өмірден сыбағасыз өтер едім» деп ұстаз ұлылығын жырлағандай, бүгінгі мақаламыз саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, адал қызмет еткен аяулы ана, рухани ұстаз – Алтынай Иманбайқызы Давлетьяроваға арналады. Биыл ұлағатты ұстаз  арамызда болса, 90 жасқа толып, ұрпағының шаттығына бөленіп, бір марқайып қалар еді.

Алтынай Давлетьярова Ұстазға құрмет – азаматқа міндет

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 60 жылдығы қарсаңында бізді сапалы біліммен сусындатып, өмірге жолдама берген ұстазымды ризашылықпен еске аламын.

Адам баласының ғұмыры қысқа болғанымен, артында өнегелі істер қалдырып, белгілі бір саланы мықты меңгеріп, өзі өмірден өтсе де, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылығы мен жанына жақын тарта білетін жылулығы естен кетпейтін адамдар болады. Сондай келбетімен өмірде есте қалған ұстазымның бірі – Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында ұзақ жыл қызмет істеген Давлетьярова Алтынай Иманбайқызы.

Ұстазға құрмет – азаматқа міндет. Тарих парақтарында ардагер ұстаздар қалдырған білім ордасының бүгінге дейінгі жетістіктері өскелең ұрпаққа  шежіре болып қалады. «Өткенді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» дегендей, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары оқу орнында білім нәрімен сусындатқан, жаны жайсаң, жүрегі дарқан ұстаздар еріксіз ойға орала береді. Мерейлі жасқа жеткен ұстаздың өмірі жайлы біраз сыр шертсем деймін.

Отағасы Шәңгерей Хамитұлы Қазталов өңірінде, отанасы Алтынай Иманбайқызы Сырым ауданының Қособа ауылында дүниеге келген. Бұғанасы қатпаған жас қыз сұрапыл соғыс жылдарында колхоз жұмысына араласты. Ұлы Жеңіс лебі ескенде ел еңсесін көтерді. Алтынай апамыз 1947 жылы Оралдағы №11 қыз балалар оқитын пансионатқа келіп оқуға түсіп, оны 1951 жылы аяқтады.

Қарапайым ғана өмірбаян. Дегенмен бұл ұлағатты жанұяның өзіндік өнегесі – көпшілікке үлгі. Студенттердің сүйікті қаласы – ару Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1956 жылы ойдағыдай аяқтаған Алтынай апамыз белсенді студенттердің бірі болған. Спортқа, биге жақын, талшыбықтай бұралған қыз 1954 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ІІ физкультурашылар парадына қатысып, гимнаст қыздармен бірге композициялық қойылым бейнелеген.

Адамды орта тәрбиелейтіні де рас. 1955 жылы отбасын құрған Даулетияровтардың еңбек жолдары ғалымдар тоғысқан зиялы ортада өткен. Алтынай Иманбайқызы еңбек жолын Талдықұдық орта мектебінде мұғалім болып бастағанымен, 1961-1963 жылдары Жаңақаланың Пятимар орта мектебінде қызмет атқарып, 1964 жылдан 1970 жылға дейін А. Пушкин  атындағы Орал педагогикалық институтының физика кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеді. 1970-1984 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының физика кафедрасында оқытушы, аға оқытушы болды. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ардагерлер кеңесінің төрайымы болып, лауазымдық қызмет атқарды. Алтынай Иманбайқызы өзінің замандас құрбыларымен бірге ән салып, сахна төрінде салауатты өмірді насихаттап, ұлттық дәстүрімізді жандандыруға белсене атсалысты.

Отағасы Шәңгерей Хамитұлы – 1956 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген, тарих ғылымдарының кандидаты. Ұзақ жылдар бойы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде еңбек етіп, оқу орнының дамуына, жастар тəрбиесіне үлкен үлесін  қосқан еңбек ардагері болды. Қазақстан Коммунистік партиясы XIV сиезінің делегаты болған, Кремльде өткен Бүкілодақтық қоғамдық ғылымдар кафедралары меңгерушілерінің кеңесіне қатысқан. Білікті маман, білімді ғалым, ұлағатты ұстаз ретіндегі еңбегі орасан зор.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз бар. Нақ осы нақыл сөз  Даулетияровтар отбасы туралы айтылғандай. Шәңгерей Хамитұлының құтты шаңырағында дүниеге келген бес ұл-қыздың бәрі де ата-ананың көз қуанышы болып өсумен қатар, еліміздің мақтан етер тұлғаларына айналды. Тіл-көзіміз тасқа дей отырып, мақтауға да, мақтануға да тұрарлық отбасы болғанын толық мойындаймын.

Ата-ана балаға қашанда сыншы ғой. Ойлап қарасақ, осы отбасындағы балалардың қай-қайсысы да есеп-қисапқа біршама жақын екен. Мүмкін, бұл ана сүтімен дарыса керек. Атап айтсақ, облысқа танымал қаржыгер Асқар Хамитов көп жылдар бойы облыстық қаржы департаментінің директоры болып мінсіз қызмет атқарды. Қыздары да қоғамнан өз орындарын тауып, өздері қалаған мамандықтарын меңгеріп,  елге адал қызмет етуде.

«Қыз өссе, өрісің кеңейеді, ұл өссе, тынысың кеңейеді» дегендей, Даулетияровтардың шаңырағынан түлеп ұшқан ұл-қызы бес үй болды. Ұл-қыздарынан тараған ұрпақтары үйді қуанышқа толтырып, оқудағы, өнердегі жетістіктермен қуантып отырған.

«Бірақ қарап отыруға уақыт жоқ. Немере-жиендерім келіп, әже, ертегі оқып берші, тоқыма үйретші  десе, қалай шыдап отырайын. Ата-әжесінің,  ата-анасының берген тәлім-тәрбиесін құлақтарына құйып, жүректеріне түйіп өскен немерелерім бірнеше тілді біледі.  Қалайша мақтанбайын» дейтін Алтынай апай қуанышын жасыра алмай.

Алтынай Иманбайқызы –  кішіге үлгі, шәкіртке ұстаз, қиналғанға қамқоршы, ізденушіге ізгілігін таныта білген ардақты жан еді. Жылы шырайлы жүзімен кез келгенді жанына жақын тартатын, салмақты, салиқалы сөзімен барлығын баурап алатын, аналық  қасиетімен қашанда жылы шуағын шаша білетін ерекше адам болатын. Өзі өмірден өткенімен, жарқын бейнесі жадымыздан кетпейтініне  сенемін.

 

Қазыбай Бозымов,

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық 

университетінің құрметті ректоры,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале