Бүгін қаладағы мәдениет және демалыс саябағында облыстық төтенше жағдайлар департаменті балаларды қауіп-қатерден сақтау, қорғау мақсатында «Қауіпсіз балалық шақ» ашық аспан астындағы қауіпсіздік мектебінің кезекті сабағын өткізді.
Жазғы шомылу маусымы кезеңінде әр апта сайын өтетін сабаққа қаладағы «Еуразия» туристік-сауықтыру кешенінде демалушы 35 жасөспірім қатысты.
– Дәл қазір ашық аспан астындағы қауіпсіздік мектебінің кезекті сабағы өтуде. Құтқарушы мамандар лагерьдегі демалушы балаларға жаз мезгіліндегі жазатайым оқиғаларда, төтенше жағдайлар кезінде қалай дұрыс іс-әрекет жасау керектігін түсіндіруде. Сонымен қатар түрлі оқыс жағдайларға тап болған, оның ішінде шомылу маусымы кезінде су айдындарында зардап шеккен адамдарға алғашқы дәрігерге дейінгі көмек әдістерін, жалпы құтқару әдістерін үйретіп, көрсетеді. Өзен-көлдердегі қауіпсіздік қағидаттарын баяндайды. Қауіпсіздік сабағы департаменттің ұйымдастыруымен шомылу маусымында, яғни жаз бойы әр аптаның бейсенбі күні сағат 11:00 мен 12:00 аралығында өтеді, - дейді БҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенант Райымбек Бекболатұлы.
Қауіпсіздік мектебінің сабағында судан құтқару бөлімінің қызметкерлері балаларға арнайы киімдерді, жүзу баллондарын таныстырып, судағы қауіпсіздік ережелері туралы кеңінен баяндады. Жасөспірімдер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, арнайы мамандардан жауап алды.
Айта өткен жөн, аталған қауіпсіздік сабағы төтеншеліктердің ұйымдастыруымен өңір аудандарындағы балалар үшін де жиі өткізіледі.
Еске салсақ, былтырғы шомылу маусымы кезінде өңірде 15 адам суға кетіп қаза тапты. Оның ішінде алты бала бар. Ал биыл, дәл бүгінгі тіркелген соңғы оқиғамен суға кеткендер саны бес адамға жетті. Өңір құтқарушылары сегіз адамды аман алып қалды, оның алтауы жасөспірім.
Гүлмира Сәрсенғали
Суреттерді түсірген: Азамат Ұзақов
zhaikpress.kz