17.08.2023, 9:30
Оқылды: 52

«101,6 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жерді игеруді жолға қою керек екенін айтқан еді. Себебі ауыл шаруашылығы саласында жер мәселесі жиі көтеріліп жүр. Малына жайылым таппай отырғандар да, бар жерді пайдаланбай жүргендер де жиі кездесуде. Алайда жер мемлекеттің байлығы болғандықтан, халық оның игілігін көруі керек. Біз облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотовпен кездесіп, осы салада атқарылып жатқан жұмыс жөнінде сұрауды жөн көрдік.

677ed9ac-bfd8-4ebb-adec-7e084ab39a57

– Нұржан Ерболатұлы, алдымен Батыс Қазақстан облысының жалпы жер аумағына тоқталып өтсеңіз?

– Бүгінгі күні облыстың жер көлемі – 15 133 000 гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 7897,9 мың га (егістік – 620,5 мың га, көпжылдық екпелер – 1,9 мың га, тыңайған жерлер – 528,1 мың га, шабындық – 510,1 мың га, жайылым – 6180,6 мың га, өзге де жерлер – 56,7 мың га). Елді мекендердің жерлері 2315,9 мың гектарды құраса, өнеркәсіп, кө­лік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығына арналмаған жерлер – 47,6 мың га. Сонымен қатар 12,4 мың гектар ерекше қорғалатын табиғи аумақ болса, 217 мың га орман қорының, 81,5 мың га су қоры­ның жерлері. Аумағы 3097,9 мың га босалқы жер бар. Оның ішінде көпжылдық екпелер – 0,4 мың га, тыңайған жерлер – 412,8 мың га, шабындықтар – 422,5 мың га, жайылымдар – 1797,6 мың га, басқа жерлер – 464,6 мың га.

– Қазіргі кезде елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда. Осы тапсырма біздің өңірде қалай жүзеге асып жатыр?

– Иә, бұл – атқарылып жатқан маңызды жұмыстардың бірі. Мысалы, 2023 жылдың 7 айының қорытындысында қалалық және аудандық жер қатынастары саласындағы уәкілетті құрылымдар облыс бойынша пайдаланылмай жатқан 262,6 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді анықтады. Оның 101,6 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылса, қалған 160,6 мың га жер учаскесі тексерілуде. Әрине, бұл жұмыстың нәтижесі түсіндіру жұмыстарына да байланысты. Себебі ешкім өз жерінен айырылғысы келмейді. Дегенмен, жер иесі мақсатына сай пайдаланбай отырған жерлерді дер кезінде кері қайтармаса, оның салдары қиындық туғызуы мүмкін екенін ескеруі қажет.

– Жерлерді өз еріктерімен мемлекетке қайтармайтын шаруалар қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін?

– Біз бұл мәселе жөнінде ауыл тұрғындарымен кездесулерде түсіндіріп, бұқаралық ақпарат құралдарында материал жариялап жүреміз. Алдымен тиісті жер учаскелерін пайдаланбаған жағдайда, уәкілетті құрылым заңбұзушылықты жою туралы ұйғарымдар енгі­зіп, жер учаскесіне арест (ауыртпалық) салынуы мүмкін. Сәйкесінше, ҚР Салық кодексінің 509-бабына сәйкес, жер учаскелерінің базалық салық мөлшерлері 20 есеге дейін ұлғаяды. Ал берілген ұйғарым талаптары орындалмаған жағдайда, сот шешімімен жер учаскесі мәжбүрлі түрде қайтарылып алынады. Жер пайдаланушы жері мәжбүрлеп алып қойылған жеке және заңды тұлғалардың тізіліміне (реестр) енгізіледі. Сонымен қатар тізілімге (реестр) енгізілген жер пайдаланушы алдағы уақытта өткізілетін конкурстарға қатыса алмайды және оған 3 жыл бойы жер учаскелерін алуға тыйым салынады. Сондықтан әркім өз кентіндегі учаскелерді мақсатына сай тиімді пайдалану қажет.

– Халыққа түсінікті болуы үшін нақтыласақ, мемлекет меншігіне қайтарылып алынған жер телімдерінің тағдыры не болмақ?

– Тұрғындар тарапынан осы сұрақ бізге жиі қойылады. Қайтарылған жерлердің барлығы дерлік өз санаттарына байланысты, жергілікті атқарушы құрылымдардың есебіне алынады. Сәйкесінше жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан қайтадан айналымға енгізуге қатысты жұмыстар жүргізіледі.

Егер мемлекетке қайтарылған жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болса, олар конкурстар арқылы беріледі. 2023 жылдың өткен мерзімінде аудандық (қалалық) жергілікті атқарушы құрылымдар жалпы көлемі 161,4 мың гектарды құрайтын 293 жер учаскесі бойынша 34 конкурс өткізді. Нәтижесінде 141,8 мың га 248 жер учаскесі қайтадан жер пайдаланушыларға берілді. Сонымен қатар 14,1 мың га 27 жер учаскесі бойынша конкурс өткізу жоспарланып отыр. Кәсіпкерлік мақсатындағы 1,5 га жер учаскесі бойынша 4 аукцион өткізу  жоспарлануда. Яғни қайтарылған жерлер қатаң бақылауда және олар еңбек етемін, дұрыс пайдаланамын деген адамға тиісті заңнама талаптарына сәйкес қайта беріледі.

– Нұржан Ерболатұлы, мемлекеттік меншіктен жер учаскелерін беру кезінде жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан негізінен қолданыстағы қандай заңнама талаптары жиі бұзылады?

– Заңнамалар талаптарының бұзылуына әр түрлі факторлар әсер етеді. Ол заң талаптарын тиісті деңгейде қолданбау, заңнамалардың жиі өзгеруі, мамандардың тапшылығы және тағы басқалар. Ал жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан жер заңнамалары саласында жер беру кезінде конкурстық рәсімдердің бұзылуы, берілген жер учаскелерінің нысаналы мақсатының бас жоспарларға немесе егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес келмеуі, өнеркәсіп пен жеке тұрғын үйлер арасындағы санитарлық қорғау аймақтарының сақталмауы, жер учаскелерінің кадастрлық құнын төмендету сияқты бұзушылықтар жиі болады.

– Осындай заңбұзушылықтардың алдын алу бағытында қандай іс-шаралар қолға алынуда?

– Күнделікті түсіндіру, БАҚ беттерінде жарияланатын ақпараттарымызды қоспағанда, бұл сұрақтарға арнайы талдау жүргіздік. Аталған олқылықтар БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің сыртқы талдауында да көрсетілді. Сол себепті қажетті іс-шаралар тізімі жасақталып, облыс әкімдігі мен БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жол картасын бекітті. Сонымен қатар сот құрылымдарында жер дауларына қатысты талап-арыздар азаймай отыр. Биылғы 6 айда БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жер сұрақтарына қатысты 85 талап-арыз түскен. Осыған орай облыстық жер қатынастары басқармасы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен бірлесіп, жер қатынастары саласындағы заңбұзушылықтарды тал­дап, арнайы Жол картасын бе­кітті. Ал жеке азаматтар үшін жер қатынастары саласындағы қызметтер бойынша қадамдық алгоритмдері көрсетілген ақпараттар дайындалып, таратылуда. Яғни бұл алгоритмде жер учаскесін алудан бастап, оны пайдалану, мақсатын өзгерту, категориясын ауыстыру сияқты бірқатар қызмет түрі нақты көрсетілді.

– Соңғы кезде ауыл тұрғындары арасында жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі туралы жиі айтылып жүр. Осы мәселеге тоқталып өтсеңіз?

– Облыс аумағында мал жаятын алқаптардың тапшылығы байқалатыны рас. Біздің есе­бі­міз бойынша облыста 226,6 мың га жайылымдық жер тапшы. Негізінен, Бөкей ордасы, Бөрлі, Жаңақала, Бәйтерек, Теректі, Казталов, Жәнібек, Шыңғырлау және Сырым аудандарында жайылым жетіспейді. Дегенмен, жергілікті атқарушы құрылымдар бұл мәселені шешу үшін шалғай жерлердегі босалқы жерлерді реттеу, жерді трансформациялау, жерді мемлекет мұқтажына алып қою немесе резервтен беру арқылы ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте қысқаша сандық мәліметтерге тоқталып өтейін. Жалпы көлемі 430 970 га жайылымдық және шабындық жер учаскелері резервке қойылды. 120 301 га жайылымдық жер елді мекен жерлер санатына ауыстырылды және 1048 га жер мәжбүрлеп иеліктен шығарылды. Мал басының өсуіне байланысты жайылымдық жерлермен қамту елді мекендер, босалқы жерлерден бөлу арқылы да реттеліп отыр.

– Нұржан Ерболатұлы, сіз басқарып отырған басқарма – өңірде кең таралған пайдалы қазбалар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын уәкілетті құрылым. Облыста қанша жер қойнауын пайдаланушы бар? Олар кең таралған қандай пайдалы қазбаларды өндіруге лицензиялар немесе рұқсаттар алады?

– Қазіргі уақытта облысымызда кең таралған пайдалы қазбалар өндіретін 63 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар негізінен құм және қиыршықтас қоспасы, бор, саз, құрылыс гипсі мен тас, техникалық тас тұзы сияқты пайдалы қазбаларды өндіруге өтініштер береді.

– «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында құрылған жергілікті атқарушы құрылымдардың геопорталының жұмысына, оны іске қосудың мақсатына тоқталып өтсеңіз.

– Қазіргі уақытта облыстың map.e-batys.kz геоақпараттық порталы бар. Геопорталды құрудағы мақсат – жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ биз­нес өкілдеріне жер қатынаста­ры және жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпараттарды жариялау және салалар бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді аутоматтандыру.

Аталған геопорталда ауыл шаруашылығы және коммерциялық мақсаттағы сауда-саттық арқылы беру жоспарланған бос және берілген жер учаскелерінің схемалары, жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін кезекте тұрғандардың тізімі, бос және берілген кен орындары, орман, су қорының объектілері, гидротехникалық құрылыстар мен магистральдық құбырлар, аутокөлік және теміржолдар, инженерлік желілер (сумен жабдықтау, кәріз, электр, газ және жылумен жабдықтау), ауыл шаруашылығы алқаптары, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау және туризм объектілері, егжей-тегжейлі жобалар, бас жоспарлар  орнатылды. Сонымен қатар геоақпараттық портал арқылы жер қатынастары және жер қойнауын пайдалану саласындағы қағаз түрінде көрсетілетін мемлекеттік кызметтерді электрондық түрде көрсету үшін бизнес-үрдістер аутоматтандырылды. Бұдан басқа, биыл геоақпараттық порталға Орал қаласының 10658 га алаңда ор­наласқан инженерлік коммуникацияларының деректері толықтай (100%) енгізілді. Жер учаскелерін беру кезінде жер қатынастарындағы салалық деректер, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық сервистер мен қажетті интеграциялар жүзеге асырылады.

Ең маңыздысы, геопорталда жеке және заңды тұлғалар үшін бірыңғай мәліметтер базасы ашық, қызметті алушы қызметті берушімен тікелей байланыспайды. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сұхбаттасқан Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале