2023 жылдың басынан ресми халықаралық турнирлерде қазақстандық спортшылар 586 медаль жеңіп алған. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.
Олимпиадалық спорт түрлері бойынша қазақстандық спортшылар 373 жүлдеге қол жеткізген. Атап айтқанда, спортшыларымыз ел қоржынына 121 алтын, 111 күміс және 141 қола медаль салған.
Олимпиадалық емес спорт түрлерінен 118 медаль түсті. Оның 53-і алтын, 38-і күміс, 27-сі қола медаль.
95 жүлдені отандық параспортшылар жеңіп алды. Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша біздің құраманың қоржыны 33 алтын, 33 күміс және 27 қола медальмен толыққан.
- Біздің спортшылар ел аумағында және шетелде өтетін халықаралық жарыстарда еліміздің атынан лайықты өнер көрсетіп келеді. Осы ретте, бокстан құрама команданың Ташкентте өткен әлем чемпионатында төрт алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық 2-ші орынға ие болғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, Италияда өткен әлем чемпионатында семсерлесуші Руслан Құрбанов Қазақстан тарихында бірінші болып қола медаль иеленді. Сонымен қатар, каратэден Азия чемпионатында жалпыкомандалық бірінші орынды, мергендеріміздің рейтингтік әлем кубогының медальдық есебіндегі бірінші орнын үлкен мақтанышпен атап өтуге болады, - деді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.