10.10.2023, 15:15
Оқылды: 76

«Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы өспейді»

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Amanat» партиясының бақылау комиссиясының мүшелері азық-түлік бағасын бағамдау мақсатында мониторинг жүргізді.

Пресс-тур1

Мониторингтік топ баға тұрақтылығын анықтау мақсатында қаламыздағы түрлі сауда нүктесін аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын шолып шықты. Тексеріс нәтижесінде күнделікті тұрмысқа қажетті 19 түрлі азық-түлік бағаларының тұрақтылығы байқалды.

Мониторингтік топ ең әуелі «Манго» супермаркетіне барып, әлеуметтік тауарлардың бағасымен танысып шықты. Аталған сауда үйінде күнделікті тұтынатын қант (келі) – 360 теңге, тұз – 44 теңге, күріш – 350 теңге, қарақұмық жарнасы 280 теңгеден саудалануда. Одан өзге «Белес» сұйықмайы мен ұн өнімдері де сауда сөрелерінен табылған. Бағасы да халықтың қалтасына шақ. Әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасы тұрақты болғанымен, алдағы уақытта жұмыртқа бағасы өсуі мүмкін екенін айтады мамандар. Себебі биылдан бастап ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқаға бөлінетін субсидияны тоқтатқан.

– Айналымға енгізуді қаржыландыру схемасы арқылы 4 миллионға жуық жұмыртқа 40-43 теңгеден сатылады. Осы қазан айында 40 теңге, келесі қараша айында 43 теңгеден саудаланады. Дегенмен бұған алаңдауға еш негіз жоқ. Себебі бұл бағадан артық көтерілмейді. Жұмыртқа бағасының өсуіне  жеткізуші компаниялардың министрлік тарапынан субсидиясыз қалуы себеп болды. Аталған баға да халықтың қалтасына салмақ салмайды. Жалпы әлеуметтік маңызы бар тауарлар қорына 5,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда жергілікті тауар өндірушілерге пайызсыз мөлшерде қаражаттарын бөліп бердік. Өңірімізде өндірілмейтін күріш, қарақұмық жарнасы және қант тауарларын басқа өңірлерден алдырамыз. Күріш бойынша Қызылорда өңірінің кәсіпкерлеріне тапсырыс берілді. Қазіргі кезде өзімізде 90 тоннаға жуық қор бар. Бір айдың ішінде 260 тоннаға жуық күрішті «Байдалиев Қ. Ж.» жеке кәсіпкерлігі жіберуі тиіс. Қарақұмық жарнасының 80 тоннасы өзіміздің қоймамызда бар. 100 тоннаға жуығы Павлодар облысынан келеді. Тұрақтандыру қорында өнім жеткілікті, – деді «AQJAIYQ» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорын басқару департаментінің басшысы Мейірбек Асқарұлы.

Мониторингтік топ «Алтындар», «Пешеход» гипермаркеті мен «Ел ырысы» әлеуметтік супермаркеттерін де назардан тыс қалдырмады. Сауда нүктелерінің мамандары аптасына екі рет мониторинг жүргізіп, талдау жасайды. Тұрғындар тарапынан баға тұрақсыздығына байланысты шағымдар келіп түссе, жоспардан тыс тексеру ұйымдастырады.

– Биыл облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті сәуір айынан бастап жоспардан тыс 12 тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесінде 10 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Екі кәсіпкерге азық-түлік бағасын негізсіз көтергені үшін айыппұл салынды. Қазіргі таңда азық-түлік инфляциясы бойынша өңірімізде жағдай тұрақты, – деді БҚО сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова.

Тұрақтандыру қорында көкөністер бойынша 10 мың тонна қор бар. Соның ішінде 700 тонна картоп өнімі, 400 тонна пияз, 300 тонна қырыққабат, 200 тонна сәбіз және 90 тонна күріш сақталған. Аталған сала мамандары қордағы өнімдердің жеткілікті екендігін, барлығы да қатаң бақылауда екенін айтады. Бұл тауарлардың көп бөлігін әлеуметтік дүкен сөрелерінен табуға болады.

Айта кету керек, өңірімізде делдалдық схемаларды жою мақсатында арнайы комиссия құрылған. Комиссия жұмысының арқасында көптеген делдалдық схема жойылып, өнімдер тауар өндірушілерден тікелей дүкен сөрелеріне жеткізілуде. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар тауарларды 15% пайыздан асырмай сатылымға шығаруға мүмкіндік туған.

Өңірде азық-түлік бағасының тұрақтылығы сақталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аталған сала мамандары мәлімдеді. Мамандар тұрғындардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінен тапшылық көрмейтінін және баға өсімі болмайтынын айтып отыр.

Әнуар Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале