Республика күніне орай Бәйтерек ауданына қарасты Переметный ауылында көпшілік жүгіру өтті. Оған ауданның он ауылдық округінен 60-тан аса адам қатысты.
Салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат тұтқан спорттық іс-шараға 10 жастағы баладан 60-тағы аға буын өкіліне дейін қатысты.
«Бәйтерек» спорт клубы ұйымдастырған көпшілік жүгіруге қатысқанның бәрі де 3 шақырым қашықтықты бағындырды. Сайысқа қатысушылар аудандық мәдениет үй ғимаратының алдынан, яғни Гагарин көшесінен Деркөл көшесіне бұрылып, одан айналма жол болып саналатын Мұхамбетжанов көшесінен Расточенский арқылы Бейбітшілік көшесін қиып өтіп, соңында қайтадан Гагаринге түсіп, мәре сызығын кесті.
Нәтижесінде ерлер арасында Жарас Айтуаров, әйелдер арасында Айлана Қанатқызы үздік болды. Ал аталымдар бойынша «Ең жас спортшы» болып Серікқали Жанғази, «Жас үлкен спортшы» ретінде Эльдар Жұманиязов танылды.
- Еліміздің ұлық әрі ұлттық мерекесі болып табылатын Республика күніне орай ұйымдастырылған көпшілік жүгіріске ауа райының қолайсыздығына қарамастан қатысқан барша жерлестерімізге айтар алғысымыз зор. Алдағы уақытта да алар асуларыңыз, шығар биіктеріңіз көп болсын, жеңісті күндерде кездесуге жазсын,- деді жеңімпаздар мен жүлделі орын алғандарға және аталымға ие болғандарға құрмет көрсетіп, бағалы сыйлықтар табыстаған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz