13.12.2023, 11:45
Оқылды: 49

Жалпақталда Сәкен Ғұмаровқа арналған танымдық кеш өтті

Казталов ауданының Жалпақтал балалар өнер мектебінде әлем жұртына кеңінен танымал суретші-авангардист Сәкен Ғұмаровқа арналған «Жарық жұлдыз» атты әдеби танымдық кеш өтті.

IMG-20231212-WA0150

Шараға Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібеков, Казталов аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Жазира Сүйешева, өнер майталманы, белгілі ұстаз Баян Хабиева, ақын, журналист Қыдыр Абдрахманов, архивист, жергілікті өлке танушы Миржан Қарабалин мейман ретінде қатысты.

Қонақтар ең алдымен Сәкен Ғұмаровтың картиналары қойылған көрмені тамашалап, одан кейін Жалпақтал өнер мектебінің алдына қайта жаңғыртып қойылған Сәкен Ғұмаровтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сәкен Ғұмаровтың бұл ескерткіші алғаш рет 2018 жылы ауылдан шыққан белгілі меценат Мерхат Ахметовтың қолдауымен Мәдениет үйі жанындағы демалыс алаңына қойылған еді. Кейін ескерткіш орны тиімсіз деп танылып, жергілікті тұрғындардың келісімімен нағыз өнер ордасы саналған Жалпақтал балалар өнер мектебінің алдындағы тұғырға орнатылды.

Келген қонақтар жергілікті қылқалам шеберінің рухына тағзым етіп, суретші ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды. Шараны әрі қарай жалғастырған оқу ағарту ісінің үздігі, халықаралық қолөнершілер одағының мүшесі, ҚР-ның Құрметті ұстазы, Ерен еңбегі үшін медальінің иегері, Сәкен танушы Бейбіт Мұқанов баяндама жасады.

IMG-20231212-WA0219

Одан кейін суретші рухына арналған  Ұлдай Сариева мен Баян Қабиеваның бірігіп жазған «Сәкеннің қоштасуы» әнінің желісінде бейнеролик көрсетілді.

Сәкен Нәжімеддинұлы  - 1937 жылы 3 ақпанда Батыс Қазақстан облысының Бөкей даласында дүниеге келген. Кескіндеме саласында жемісті жұмыс атқарған белгілі суретші. Қазақстан Журналистер және Суретшілер Одағының мүшесі атанып, 1962-1963 жылдары Мәскеуде Луначарский атындағы мемлекеттік театр және өнер институтында (ГИТИС), 1964-1965 жылдары Ленинградта музыка, театр, кинематография институтында (ЛГИТМИКС) оқыған. Суретшілікпен қатар актерлік шеберлікті, режиссураны меңгерген. Ол 1960-1964 жылдары Орал қаласында жаңадан ашылған облыстық телеарнаның бас режиссері қызметін атқарған.

Шара барысында «Желдірме» балалар фолклорлық ансамблі мен «Кербез сұлу» ансамблі және жас өнерпаздар Айару Хамзина, Томирис Тапалова, Даруна Мейрамғали өнерлерін ортаға салды. Өз кезегінде әдемілікпен көмкеріліп, тамаша көңіл күймен әспеттелген танымдық кешті Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібекұлы мен Казталов аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Жазира Сүйешева қорытындылап, алақандай ауылдан өнерлі шәкірттер дайындай білген айтулы ұстаз Баян Хабиеваға Республика күні мерекесіне орай білім министрлігінен ұсынылған Алғыс хатты табыс етіп, шараны ұйымдастырған өнер мектебінің ынтымақты ұжымына қонақтар атынан шынайы алғысын жеткізді.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале