20.02.2024, 11:15
Оқылды: 79

«Ақ Жайықтың жас ақын-жазушыларынан жүйелі қоғамдық-рухани белсенділік күтемін»

Жас жүрек жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс...

(Абай)

Жуырда «Жайық Пресс» медиахолдингінде жас қаламгерлермен еркін сипатта жүздесу өтті. Алдымен Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Бауыржан Ғұбайдуллин осы бір шуақты жүздесудің мән-маңызына тоқталып өтті. Оған қоса алдағы уақытта Одақ филиалының бастамасымен жүзеге асырылатын жоба-жоспарлар жөнінде сөз қозғады.

8a7f96b5-c6f3-46c2-94e1-bf1cd163830c

– «Орал өңірі» газетінде «Әдебиет әлемі», «Әлем әдебиеті», «Балаларға базарлық», «Әдеби жұмбақ» атты арнайы беттер бар. Газетімізге айына кем дегенде бір-екі ақынның топтама өлеңдерін жариялай аламыз. Газетіміздің көлемі көтергенше жазушыларды да назардан қалдырмасымыз анық.

Кітап оқудың, көркем әдебиеттің бала тәрбиесіне, адам өміріне, адамзат қоғамына игі ықпалына қатысты АҚШ-тың социологтары біраз жыл әлеуметтік зерттеу жүргізген екен. Содан олар ұл бала болсын, қыз бала болсын, егер жеткіншек он жасқа дейін әдеби кітап оқуға дағдыланса, демек, ол адамның санасында өз-өзін біреуге қиянат жасаудан, зорлық-зомбылық көрсетуден, ұр­лық-қарлық жасаудан, арақ-шарапқа үйір болудан, есірткіге елітуден, жалпы жамандық атаулыдан сақтандыратын түйсік-түсінік қалыптасады деген тоқтамға келген көрінеді. Міне, бізге, адамзат қоғамына оқу мәдениеті, көркем әдебиет не үшін керек?! Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың алқалы жиынында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда парасатты қоғам үлгісін қалыптастыру үшін біз халқымызды қайтадан кітап оқитын, яғни әдеби шығарма оқитын, қайтадан қоғамдық-саяси мән-маңызы бар газет-журналды оқитын ұлтқа айналдыруымыз керек» деген сипаттағы пікір білдіріп, көпке ой салды. Жастардың санасында уақтылы іргелі дүниетанымдық көзқарас қалыптасуы тиіс. Сонда ғана жастарымыз орынсыз еліктеп-солықтаудан, кім болса, соның сөзіне еруден, жат діни ағымдарға арбалып-алданудан аман болмақ. Дүниежүзіне белгілі физик-ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Эйнштейн бір сөзінде, «Адам интеллектуалдық тұрғыдан жетілуді өмірге келгеннен  бастап өлгенше жалғастыруы қажет» деген екен. Міне, біздің қазақстандық қоғамға бүгінгі күні дәл осындай қадір-қасиет жетіспей тұр. Ал халықтың өресін көтеретін, ойлау көкжиегін кеңейтетін, интеллектуалдық деңгейін биіктететін, негізінен, көркем әдебиет, яғни ақын-жазушылар. Сол себепті өз басым Ақ Жайықтың жас ақын-жазушыларынан жүйелі қоғамдық-рухани белсенділік күтемін, – деді Бауыржан Файзоллаұлы. Ал Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева жас қаламгерлерге жаңа шығармашылық жетістіктер тіледі.

5f07fc5d-ada5-41f7-8703-60591fdd7a5f

– Ақ Жайық атырабында жас ақын-жазушылардың жанжақты жетілуіне, рухани, тарихи сана қалыптастыруға септігін тигізетін шаралар көптеп ұйымдастырылғаны абзал.

Біз өз ұлтымызды өзге жұртқа мәдениетіміз, әдебиетіміз арқылы таныстырамыз. Қаламгерлердің қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жайттарға бей-жай қарамағаны ләзім. Қоғамдық тұрғыдан белсенді болғанымыз жөн. Қазақ кімді тыңдайды?! Қазақы қалың бұқара әуелден сөздің парқын білген, сөз ұстаған тұлғаларын қадірлеген, солардың сөзіне тоқтаған, құлақ асқан. Ал қазіргі қазақы қоғам ақын-жазушыларын, қаламгерлерін тыңдайды. Бізді біріктіретін – руханият. Мен жастарға қолдау білдіруге қашанда дайынмын. Алдағы уақытта Ақ Жайықтағы жас қаламгерлердің бір атаның баласындай бірлік танытып, әсерлі кештер, келелі кездесулер ұйымдастыратыны­на сенемін. Биыл еліміздегі қаламды серік еткен талантты жастарға Мемлекет басшысының Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы берілді. Сіздердің осындай ауқымды байқауларда бақ сынап, топ жаруларыңызға тілекшімін, – деген Гүлжанар Болатқызы жастарды бірге жұмыс істеп, нақты нәтижелерге қол жеткізуге шақырды.

Жас ақын-жазушылар да өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, жазушы Айнұр Меңдәлиева облыс тұрғындары арасында кітап оқу байқауы ұйымдастырылуы керек екенін айтты. Оған қоса YouTube бейнехостингінде ар­найы арна (канал) ашып, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығынан бейнежазбалар, аудиожазбалар тұрақты жарияланып тұрса, әдеби туындылардың танымалдығы, оқылымдылығы артатынын алға тартты. Ал Дәурен Шамұратов жастардың жеке кітаптарының шықпай жатқанын, осы бағытта жүйе­лі түрде жұмыс істеу қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар облыс көлемінде ұйымдастырылатын әдеби байқаулардың, мүшәйралардың жүлде қоры ұлғайтылса деген ниет-тілегін білдірді. Мейрамбек Сыдық, Нұрлан Едігенов, Ерқанат Бағдатұлы да айтылған ұсыныс-пікірлерді қолдайтындықтарын тілге тиек етті. Бекболат Қаленов, Меңдібек Лұқпанов және Аманжол Исламғали секілді жас ақындар жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында атқарылуы тиіс жұмыстар жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Бекболат Қаленов:

– Жас қаламгерлермен кездесу ұйымдастырып, олардың ой-пікірлерін тың­дауға ықылас білдіргендеріңізге ризамыз. Бүгінгі таңда болашағын әдебиетпен, ақындық немесе жазушылық өнермен байланыстырғысы келетіндердің кейбірі мұғалім, кейбірі мемлекеттік қызметкер ретінде қызмет істеп жүр. Облыс көлемінде мүшәйралар жиі ұйымдастырылмайды. Жастар жылына 1-2 рет қана жүздеседі. Қалған уақытта бірі ауылда, бірі қалада, бір-бірінен алыс жүреді. Олар жиі бас қосып, әдеби туындыларды талқылап, ой-пікірлерімен бөлісіп отырса, әдеби орта қалыптасар еді.

Біздің өңірде әдеби үдерісті жандандыру үшін аудандарда мүшәйралар ұйымдастырылса екен деймін. Өлеңнің біреуі жыр жарысы өтетін ауданға арналса, бірі еркін тақырыпта болғаны жөн деп ойлаймын. Қос өлеңмен сынға түскендерді бағалауға тұрақты қазылар алқасы құрылса, нұр үстіне нұр. Сонда өлке тарихы, елдің бүгіні мен ертеңі өлең-жырға өзек болып, ұлтжандылық пен елжандылық жырланып, қазақстандық патриотизм қанат жаяр еді. Қаламгерлерге қаламақы қарастырылып, жобаның қорытынды шарасы облыс орталығында ұйымдастырылса, жүдә керім! Өлеңдерді топтастырып, жастардың жыр жинақтарын шығарсақ, тіпті керім! Және бір айтпағым, өңірімізде жыл сайын ұйымдастырылатын «Жыл үздігі» сыйлығына «Үздік жас қаламгер» аталымын қосу керек.

Меңдібек Лұқпанов:

– Жайықтағы қалам ұстаған жастар облыстық қоғамдық да­му басқармасының басшысына, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директорына өз ойларын айтты. Бұның өзі – үлкен серпіліс. Өйткені, көптен бері жас қаламгерлерге көңіл бөлінген жоқ. Шын мәнінде олар тасада жүр. Кездесу барысында айтылған қатарлас қаламдастардың ұсыныс-пікірлері өте орынды. Ал мен ауқымды байқауларда жүлде ал­ған жас қаламгерлерге жыл соныңда бір реттік  арнайы сыйлық беру керек деп есептеймін. Облыстық телеарнада әдеби-сазды бағдарлама ашылса, үлкен-кіші бірдей қуанар еді.

Жастардың уақытының көп бөлігін шығарма­шылыққа арнағаны дұрыс. Себебі, артылған сенім­нің үдесінен шыға білуіміз қажет. Ең әуелі әдеби әлеуетімізді арттырғанымыз, әдеби қарым-қабілетімізді жетілдіргеніміз жөн. Әйтпесе, бір-екі өлеңі әдеби ортада мақталса, соған жылдар бойы мәз болып, масайрап жүріп алатын жас ақындардың қатары қалыңдап барады. Мүшәйралар ұйымдастырылар, жүлделер тағайындалар, соларды иеле­нуге шығармашылық тұрғыда лайық болмасақ, қалай дамымақпыз?! Сол себепті ең бірінші өз-өзі­мізді тәрбиелеп алайық, өз-өзімізді жетілдірейік!

Аманжол Исламғали:

– Өңірде дәстүрлі түрде өтетін әдеби байқау болғаны дұрыс. Өзім көріп-біліп жүргендей, жазушы, күйші, өнер­танушы Таласбек Әсемқұловтың шығармашылығын насихаттау бағытындағы «Таласбек» сыйлығы республикалық байқауында жүлдеге іліккен жас ақын-жазушыларға қатарластары құрметпен қарайды. Сол сыйлыққа қол жеткізгендері өз қатарында абыройлы саналады.

Өйткені ол байқау мейлінше әділ өтеді де, қатысқан жастардың қарым-қабілеті ғана бағаланады. Біз­дің облыста ұйымдастырылатын байқаулардың әділ өтуі қадағаланса, сондай көзқарас қалыптасар еді. Сонымен қатар, мысалға, биыл бас жүлдеге қол жеткізгендер келесі жылы қатыспай-ақ қойса, жаңа буын, жас толқын жарқырай көрінер еді.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале