Жаңақала аудандық кітапханасы бабадан мирас болған ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ бойына сіңіру мақсатында «Ең ұлы әдебиет» жобасы аясында «Мәдени мұра» топтамасымен жарық көрген кітапхана қорындағы «Бабалар сөзі» 100 томнан тұратын кітаптарынан «Бабалар сөзі - ақылдың көзі» атты ақпан айында басталған жылжымалы кітап керуені №3 Жаңақала мектебінде жалғасты.
«Ұлттық құндылық - тәрбие бастауы» деп аталатын 1-бөлімде керуен көшін аудандық кітапхана кітапханашысы Ақерке Әділбекқызы жүргізіп, мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Бекқали Ғалымұлы «Сәлем Қазақстан» әнін шырқады.
Ауданымыздың мерейін көтеріп, қазақилықтың символы болған, ұлттық спортты ұлықтап жүрген, аударыспақшы, шабондоз, асықшы, «Жігіт сұлтаны - 2021» республикалық байқауының жеңімпазы, Жаңақала спорт кешенінің жаттықтырушысы Қолқанат Серіков ат әбзелдерін оқушыларға таныстырса, «Жастар» спорт клубының кіші қызметкері Алмагүл Сахипова садақ ату тәсілдерімен бөлісті.
Сондай-ақ «Бабалар сөзі - ақылдың көзі» атты екінші бөлімді Салтанат Серікова жүргізді. «Алдаркөсе мен бай» ертегісінен Нұржанар Арманбекқызы, Айнұр Сансызбайқызы мен Замира Төремұратқызы есімді кітапханашылар көрініс көрсетті. Нұрхан Дарханұлы «Қобыланды батыр» жырынан үзінді келтірсе, Қали Жантілеуов атындағы балалар музыкалық мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Темірлан Сыралиев шәкірттерімен «Адай» күйін орындады.
Кеш соңында зейнеткер, кітапхананың тұрақты оқырманы Айтуған Ғайнейденұлы оқушыларға ақ батасын берді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz