Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес 15 наурыз – Қайырымдылық күні болып белгіленгені аян. Соған орай осы күні бірқатар мекеме-кәсіпорын өкілдері Бәйтерек аудандық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, игілікті іс қылды. Олардың арасында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі де бар.
Сала өкілдері шағын концерт қойып, қайырымдылық қоржынын ұсынды.
Іс-шараны ашқан аталмыш бөлімнің басшысы Нұржан Дүзбатыр аға буын өкілдерін Наурыз мерекесімен құттықтап, Мемлекет басшысының ұсынысымен биыл арнайы тұжырымдама қабылданғанын, соған орай ауданда түрлі іс-шаралар өтіп жатқанын айтты.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының әсем әнінен соң Баянсұлу Идрисова, Борис Косачев, Анатолий Скобочкин сияқты қызмет алушылар да ризшалықтарын білдіріп, жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін арнады.
Аудандық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысы Альберт Талпаховтың сөзіне қарағанда, мұнда 19 қызмет алушы бар. Дені өзге ұлт өкілдері, көбінің жасы 70-ке жуықтаған. Олар тұрмыстық, психологиялық, медициналық стандарттар бойынша қызметтер алады. Қазіргі таңда орталықта да Наурызнамаға сәйкес іс-шаралар өтуде.
Қуаныш Қали,
Бәйтерек ауданы