11.04.2024, 19:30
Оқылды: 53

Қорғаныс министрлігінен қосымша 500-ден аса әскери қызметші өңірлердегі су тасқынына қарсы күреске аттанып кетті

"Су апатынан зардап шеккен халыққа көмек ретінде Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына Қарулы күштердің әскери қызметшілері жіберілді", - деп хабарлайды ҚР қорғаныс мииистрлігі.

9d7e551123081f9c92e985f414245e23_1280x720

Фото: www.gov.kz

Қызылорда гарнизонынан Батыс Қазақстан облысына темір жол көлігімен 66597 әскери бөлімінің 200 әскери қызметшісі жіберілді. 15 жүк және 6 жеңіл автомобиль бөлінді. Бөлімнің жеке құрамы Орал қаласындағы тұрғын үй алаптарынан қарғын суды бұру жөніндегі іс-шараларға тартылады.

Қарағанды қаласынан Солтүстік Қазақстан облысының орталығына «Астана» өңірлік қолбасшылығы 31775 әскери бөлімінің 300-ден астам әскери қызметшісі жолға шықты. Әскери лек құрамында 16 көлік техникасы бар.

Атырау облысының Құлсары қаласында су тасқынына қарсы іс-шараларға «Батыс» өңірлік қолбасшылығының бірнеше әскери бөлімдерінің жеке құрамы жұмылдырылды. Махамбет ауданындағы қолайсыз болжамға байланысты Ақтау қаласынан аймаққа 13 автокөлікпен 300 теңіз жаяу әскері келді. Әскери қызметшілер елді мекендерді еріген судан және Жайық өзені арнасының асуынан қорғау бойынша жұмыстарға кірісті.

fb51ffe4060f7e548af5a9465b3db52c_1280x720

27 наурыз бен 10 сәуір аралығында су тасқынына қарсы іс-шараларға 3208 әскери қызметші, 166 бірлік автомобиль техникасы, 17 тікұшақ және 4 әскери-көлік ұшағы жұмылдырылды. Су басқан аумақтан 2 359 тұрғын эвакуацияланды, 505 адам және 115 000 келіден астам гуманитарлық жүк тасымалданды, шамамен 246 500 қапшыққа құм толтырылып, төселді.

Жем өзенінің арнасын кеңейту мақсатында «Батыс» ӨңҚ жару командасы Атырау облысының Құлсары қаласынан 30 шақырым жерде сегіз рет жарылыс жасады.

Ақтөбе облысында паром өткелінің көмегімен Ойыл ауылының тұрғындарын эвакуациялау жүргізілді. 1395 адам эвакуацияланды, 5200 келі гуманитарлық көмек, 23,5 тонна азық-түлік және жеке заттар, 22 тонна мал азығы тасымалданды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале