15.05.2024, 16:00
Оқылды: 326

БҚАТУ түлектері жұмыс берушілермен жүздесті

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткен дәстүрлі «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі - 2024» іс-шарасына 100-ге тарта кәсіпорын-мекемелердің өкілдері қатысып, бітіруші түлектермен кездесті.

IMG_6448

Университеттегі «Мансап және бизнес-серіктестік» орталығы мен институттар бірлесіп ұйымдастырған шараның басты мақсаты – университет түлектерінің жұмысқа орналасуына ықпал ету, кәсіпорындар мен оқу орны арасындағы байланысты нығайту, осы жылғы бітірушілерді жұмысқа орналастыруға ықпал ету.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті, БҚО Стратегия және даму басқармасы, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Орал қалалық мансап орталығы және өңіріміздегі ірі кәсіпорын-ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ бітіруші курс студенттерінің қатысуымен өткен жиында сөз алған университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов бұл жәрмеңке – жастардың болашағына ықпал ететін ауқымды іс-шаралардың бірі екенін атап өтті.

– Осы шараға қатысуға ниет білдірген әріптес кәсіпорын-ұйымдар мен мекемелердің өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Жыл өткен сайын біздің университетті тәмамдайтын жоғары білімді мамандарға қызығушылық танытатын кәсіпорындар қатары көбейіп келеді. Бизнес компанияларда тәжірибеден өту барысында да студенттеріміз өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Түлектеріміздің білімі, мүмкіндігі, қабілеттері олардың талаптарына сәйкес келгеніне біз де қуанамыз. Ал бітіруші түлектерге айтарым, бүгінгі жәрмеңке – сіздер үшін жақсы мүмкіндіктің бастамасы. Қарапайым қызметкер болып жұмысқа орналассаңыз да, кейін біліктіліктеріңізді жетілдіріп, одан әрі мансаптық дәрежелеріңіз жоғарылап, өсе бересіздер. Сондықтан ешқандай жұмыстан бас тартпаңыздар, – деді Асқар Мырзахметұлы.

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов бітіруші түлектерге мемлекеттік қызметке орналасу жолдарын айтып өтті. – Бүгінгі жәрмеңкеге облыс аудандары әкімдіктерінің аппарат басшылары қатысып отыр. Олар болашақ мемлекеттік қызметкерлерге бос жұмыс орындары, басқа да мүмкіндіктер туралы ақпарат береді. Жалпы елімізде мемлекеттік қызметтің моделі гибридті моделге ие. Біріншіден мансаптық модель, яғни кез келген лауазымға конкурс арқылы орналасу мәселесі. Екіншісі, позициялық модель – кейбір лауазымдарға тікелей конкурссыз тағайындалу мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке міндетті түрде конкурс арқылы орналасу механизмі жүзеге асырылады. Оның алғашқы кезеңдерінің бірі – заңнаманы білуге арналған тестілеуден өту, – деген департамент басшысы мемлекеттік қызметкер қай жағынан да сауатты, білімді болу керектігін жеткізді.

IMG_6506

Бұдан әрі білім алушыларға әр мекемеден келген мамандар «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен – ауылға» сынды мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде көшіру қағидаларын түсіндіріп, жалпы ақпарат берді.

Жиыннан соң университет фойесінде жұмыс беруші кәсіпорындар өкілдері бос лауазымдар бойынша үміткерлермен әңгімелесулер өткізсе, облыс аудандары әкімдіктерінің аппарат басшылары мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алатын түлектермен кездесті.

IMG_6517

Биылғы оқу жылында Жәңгір хан университетін бакалавр, магистратура, докторантура бағыттары бойынша 942 білім алушы бітіргелі отыр. Олардың жетпіс пайыздан астамы – мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқып жүрген түлектер. Өткен оқу жылында университет бітірген түлектердің 87 пайызы жұмыспен қамтылды. Негізінен БҚАТУ-да еңбек нарығында сұранысқа ие инженер, агроном, ветеринар, экономист және IT саласы мамандары даярланады.

Жәрмеңкеге Батыс Қазақстан, сондай-ақ Атырау мен Ақтөбе облыстарынан барлығы 100-ге тарта жұмыс беруші мекеме қатысты.

БҚАТУ медиа орталығы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале