Бүгін Бөрлі ауданында "Таза Қазақстан" акциясы аясында "Тазалыққа үн қосу – баршамызға ортақ міндет" атты сенбілік өтті. Оған аудандық және Ақсай қаласы әкімдігінің қызметкерлері, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту мен спорт бөлімі, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және волонтерлар мен «Жасыл Ел» жасағының сарбаздары қатысты.
Сенбілікке қатысқандар қаламыздағы «Наурыз» және теміржол вокзалы саябағын қоқыстан тазартты. Сонымен қатар Бөрлі ауданының 13 ауылдық округінде де сенбілік өтіп, оған ауыл азаматтары белсенді қатысты. Бүгінгі сенбілікке аудан бойынша 300-ден аса адам атсалысты.
Өткен аптада да «AMANAT» партиясының аудандық филиалы «Жасыл Ел» жасағының сарбаздарымен бірге «Таза бейсенбі» акциясы аясында Шыңғырлау өзенінің жағалауын тазалаған болатын. Бұл акция да «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының бір бөлігі.
- Бүгінгі «Таза Қазақстан» акциясы қоршаған ортаны қорғап, тазалықты сақтау мақсатында ұйымдастырылды. Акцияның басты міндеті қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне халықтың назарын аударту болып табылады. Сенбілікке 100-дің үстінде адам қатысты. Барлық отандастарымызды еліміздің және тұрғылықты жеріміздің табиғатын аялап, қоршаған ортаны қорғауға шақырамын. Экологиялық акция алдағы уақытта да жалғасын табады, - дейді аудандық мәслихат депутаты Ербол Мерғалиев.
Республикалық экологиялық акция аясындағы сенбілікте аудан және Ақсай қаласы аумағын тазартып және абаттандыру жұмыстарына қала азаматтары және де ауданымыздың белсенді жастары өз үлестерін қосты.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы