2.09.2024, 22:00
Оқылды: 5

Теректіде әскери-экономикалық оқу-жаттығу жиыны өтті

Бүгін Теректі ауданында арнайы әскери-экономикалық оқу-жаттығу жиыны өтті. Батыс Қазақстан облысы әкімдігін, аумақтық және азаматтық қорғаныс іс-шараларын орындай отырып, жұмылдыру тапсырыстары мен тапсырмалары бар мемлекеттік органдар мен ұйымдардың аумақтық бөлімшелерін жұмылдыру, әскери жағдай кезінде және соғыс уақытында жұмысқа ауыстыру оқу жиынының басты мақсаты болды.

IMG_1813

Әуелі аудан әкімдігі ғимаратында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Келешек үшін маңызы орасан басқосуға басқарма, бөлім басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

– Халықаралық ахуал мен геосаяси ортаның қарқынды түрде өзгеріп отыратыны белгілі. Әрдайым жақсы жағына қарай өзгермейтіні де бар. Бұл сыртқы саясатты жаңғырту басымдықтарының бірі, ұлттық қауіпсіздікті жан-жақты нығайту қажеттілігі,- деді Бақытжан Хаберұлы.

Содан соң облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері бойынша көмекшісі, оқу-жаттығу штабы басшысының орынбасары Мақсат Мұқанов жаттығуда жүктелген міндетті һәм жоспарды жеткізсе, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дамир Бекпасов оқу-жаттығудың бірінші оқу нүктесіне тоқталып, теориялық бөлігін баяндады. Аумақтық қорғаныстың құрамын әскери жиындарға жіберуге арналған митингінде мемлекеттік Гимн шырқалып, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова сөз алды.

IMG_1870

–Қазақстан Республикасының "Әскери қызметшілер мен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" және "Әскери міндеттілермен әскери жиындар туралы" Қаулысына сәйкес оқу-жаттығудың маңызды бөлігі – Теректі ауданы әкімдігінің аумақтық қорғаныс бөлімшелерін қалыптастырудағы дайындығын тексеру,- деген Әлия Биғазықызы жиын қатысушыларына сәттілік тіледі.

IMG_1887

Оқу-жаттығудың екінші оқу-нүктесіне аялдаған топ арнайы ережелерге қанық болып, құрал-жабдықтармен танысты.

IMG_2031 (1)

Талапқа сай келетініне көз жеткізіп, көкейдегі сауалдарын ортаға салды. Жабылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өз алғысын айтып, жауапты іске салғырт қарамауды тапсырса, Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова оқу-жаттығуды дайындауға және өткізуге үлес қосқан Арсен Тохметовқа, Армат Рспаевқа, Андрей Савченкоға, Дархан Хайрушевке алғысхат табыстады. Сағидолла Ізделеевтің орындауындағы «Атамекен» әнімен мәресіне жетті.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале