17.09.2024, 17:00
Оқылды: 120

Оралда Сырым өнерпаздарының концерті өтті

Сырым ауданының көркемөнерпаздары Орал қаласындағы Қ.Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының сыртқы сахнасында «Ауыл – атамекен пернесі!» атты концерт берді.

72B213D6-6B48-4E01-8189-43F1F41105CC

Жаз бойы амфитеатр көрермендері облысқа қарасты аудандардың Қадыр шығармашылығына арналған өнер кештерін тамашалады. Нүктені Сырым ауданы қойды.

«Қадыр – қазына» жобасының мақсаты – ақын оқырмандарының аудиториясын кеңейту, қадыртануды халықтық қозғалысқа айналдыру. Бұл жұмыс Сырым ауданында әуелден жолға қойылған. Оралдағы бүгінгі мәдени шаралар соның жемісіндей.

Күндіз орталықтың залында Жымпиты халық театры Қ.Мырза Әлидің «Түрт сайтаным, түрт!»комедиялық драмасын қойды. Режиссер – Айгүл Лұқпанова.

Әдетте Қадыр шығармашылығына арналған кештер «Атамекен» әнімен қорытындыланады. Ал сырымдықтар сахнаның шымылдығын осы әнмен ашты.

5CF22EC2-A978-469E-B192-87E53AFFC7C1

Ақын өлеңін оқыған ұстаздар, оқушылар, жас мамандар тұтас әдеби композиция ұсынды.

Елді елең еткізген бейресми әнұранның авторлары – ақын Қадыр мен композитор Ескендердің бейнесі.

Қадырдың Есағаңа:

– Ең үлкен махаббат – халықтың махаббаты. Біздің ән сол биікке ұмтылуы керек. Тыңда, Ескендір! Сенің музыкаң қанат секілді. Менің өлеңім екінші қанат болып, мына кеудедегі туған жерге деген ұлы махаббатты анау аспанға қырандай қалықтату қажет! Түсіндің бе сен маған қандай жұмыс тапсырып тұрсың!? - дегені қос таланттың қастерлі әнге қандай жауапкершілікпен қарағанын білдіреді.

Қадыр рөлін театр актері Сәндібек Өтеғалиев, ал Ескендір бейнесін Серік Сағидуллин сомдады.

0079633B-9D57-458D-8376-AAD2117E036E

Сахнада Алмагүл Жұма, Гауһар Құсайынова, Айдарбек Көлбаев секілді жеке ән орындаушылардан бөлек, Айнагүл Сарғозиева жетекшілік ететін Үлгілі «Аружан» би ансамблі, «Ақ ниет» әжелер алқасы өнер көрсетті.

Домбыра дүбірін көтеріп елден Армат Алдамжаров, Мерген Мұқанов және Дархан Қажығалиев барды.

Сахнаға Талғат Шайхиев жетекшілік ететін атышулы «Ақ қайың» вокалды-инструментальді ансамблі шыққанда ел шу етті. Ансамбль Оралдың қоңыр кешін әнмен тербеді.

Концерт соңында сайдың тасындай бес жігіт Армат Жұмагелдиев, Асхат Байдаулетов, Айдарбек Көлбаев, Ақтілек Пионеров және Нұрлыбек Байниязов «Жауынгер мекен Жымпиты!» әніне салғанда көрермен орынынан тұрып, бірге шырқай жөнелді.

Қорытынды сөзді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов сөйледі. Қадыртану ісін ілгерілеткен ақын атындағы орталыққа, басшысы Серік Тоқмамбетов мырзаға алғыс білдіріп, Қадырдың қарындасы, кештің құрметті қонағы Күләш Ғинаятқызына құрмет көрсетті.

Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медғат Қамбетов Сырым ауданының көркемөнерпаздарының концерті талғам биігінде ұйымдастырылғанын, режиссерлік жұмыс көрініс тапқанын ерекше атап өтті.

Салтанатты сахнада Мынатаубиік Анесов, Баянбек Ғұмаров секілді ел ағалары сөйледі.

19 қыркүйек күні амфитеатрда «Ауыл – атамекен пернесі» өнер кешінің гала-концерті өтеді.

Бауыржан Ширмединұлы

Сурет: Қоңдыкер Елеуов

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале