Бүгін Жаңақала ауданына қарасты Қызылоба ауылдық мәдениет үйінде аталмыш ауылдық округтің әкімі лауазымына үміткерлер арасында «Қызылоба ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында пікірсайыс өтті.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Бақтыгереев шараның маңызы мен мақсатын түсіндірген соң, сөз тізгінін Ақерке Ғабдуллинаға ұсынды. Ақерке Әділбекқызы ҚР Орталық сайлау комиссиясының «Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес пікірсайыстың 3 кезеңімен таныстырды.
Бірінші кезеңінде кандидаттардың өмірбаяндары таныстырылса, екінші кезеңінде үміткерлер сайлауалды бағдарламаларын 5 минут ішінде баян етіп, бір-біріне сауал қою арқылы азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Ал үшінші бөлімде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Үміткерлердің сөйлеу реті жеребе суыру арқылы анықталды.
Еске салып өтейік, 24 қараша күні Қызылоба округінде өтетін жаңа ауыл әкімінің сайлауына Нұржан Бердіғалиев, Теміржан Серіков, Дастан Еслямғалиев есімді азаматтар түспек. Дебат барысында үшеуі де бекітілген бөлімдерге сәйкес белсене қатысып, жиналған жұрттың ауылға фармацевт маман қажет екендігі, жайылым жерін кеңейту және ауылішілік жол мәселесі төңірегінде қойылған сауалдарына шама-шарықтарынша жауап берді.
Кездесу соңында сайланушылар ауыл халқын елдікке, бірлікке шақырып, әр тұрғынның дауысы маңызды екенін айтып өтті.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы