20 ақпаннан бастап «ҚазАгроҚаржы» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ компаниялар тобына кіреді) Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторын қолдауға бағытталған лизингтің үш жеңілдетілген бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдауды бастайды. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы жылдық 6% мөлшерлеме бойынша 10,5 млрд теңге, - деп жазады «ҚазАгроҚаржы» АҚ.
Сурет: kaf.kz
Қаржыландыру былайша бөлінбек:
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша аграрлықтар аспалы, тіркемелі және өздігінен жүретін а/ш техникасын, сондай-ақ отандық өндірілген және құрастырылған көлік құралдарын жылдық 6% мөлшерлеме бойынша 10 жылға дейінгі мерзімге сатып алады. Аванс мөлшері лизинг нысанасының 15%-нан басталады.
«Өз жемшөбіміз» бағдарламасы қазақстандық және шетелдік өндірістің жемшөп дайындайтын техникасы мен мобилді суару жүйесін қаржыландыруға бағытталған. Мұндағы мөлшерлеме де жылдық 6%-ды құрайды, мерзімі – 10 жылға дейін, аванс – кемінде 15%.
«Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы фермерлерге отандық өндірілген/құрастырылған өздігінен жүретін а/ш техникасын жеңілдетілген шарттармен аванссыз 10 жылға дейінгі мерзімге 6% мөлшерлемемен сатып алуға мүмкіндік береді.
«Лизингтің жеңілдетілген бағдарламалары біздің клиенттер арасында үлкен сұранысқа ие. Сондықтан, бос ақша қаражаты пайда болған сәтте, біз оларды лизингтің осы үш бағдарламасына бағыттауды шештік. Олар - «Қазақстанда жасалған», «Өз жемшөбіміз» және «Жеңілдетілген лизинг». Оған қоса, қазір алдағы егіс маусымына дайындалатын уақыттың дер кезі», - деп атап өтті «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.
Өтінімдер қабылдау 20 ақпанда сағат 15.00-де Telegram-боттағы https://t.me/kaz_agro_finance_bot сілтемесінде басталады. Өтінім берген соң клиент 5 жұмыс күні ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалына құжаттардың толық пакетін ұсынуы тиіс.
Бағдарлама шарттары бойынша қосымша ақпарат, сондай-ақ филиалдардың байланыс ақпараттары www.kaf.kz сайтында көрсетілген.