27.02.2025, 10:00
Оқылды: 455

Белестер биігіндегі білім ұялары

Білім мен біліктілік, тәрбие мен тәжірибе, жетістік пен жеңіс ұштасқан жерде кез-келген іс ілгерлеп, жаңа жолдарға қадам баспақ. Бұл асыл қасиеттердің барлығы білім көкжиегінің биігіндегі ұстаз бен шәкірттің қос қанаты тәріздес. Алған білім мен тамған тердің өтеуі де һәм жетістік жолына жетелеп, бір арнаға тоғысары хақ. Үздіксіз ізденіс пен жаңа жетістіктерге жетуге жол ашатын бірден-бір арна – ұстаздар үйі. 

image-27-02-25-02-07

Ұстаздардың киелі шаңырағында қызмет еткен әр маманның атқарар рөлі жылдағыдан да  еселеніп, есеп беріп, ертеңгі игі істерге зор сеніммен қарайтыны сөзсіз. Еліміздің жас ұрпағына білім мен тәрбие беретін ұстаздар қауымымен  бірге алда тұрған басты міндеттерді айқындайтын, ауқымды мәселелер жөнінде пікір алысуға мүмкіндік және жаңа жобаларға бағыт беретін білім беру ұйымының «Ашық есік» күнінің маңызы қашанда ерекше. Басты ерекшелік те білім әлемін биікке көтеріп, ауқымды мәселелерге назар аударып, білімді ұрпақ даярлау болып тұр. Елдің ертеңгі тұтқасын мықты ұстайтын перзенттерді тәрбиелеу  жолында есігін айқара ашқан білім саласының қам-қарекетін көзбен көріп, көңілімізге керемет ой түйдік.

image-27-02-25-02-07-1

Өткенге шегініс жасасақ, ауыл-ауылды аралап, бірқатар мектептің табалдырығын тоздырған «Ашық есік» күні 5 жыл бұрын бастау алды. Білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызының бастамасымен басталған бұл жұмыста істің негізі өзектілігі жатыр. Алғашында мектептердегі өзара құқықбұзушылық тәрізді өзекті мәселелерді қамтыған жұмыс-тұғын. Кейін өз кезегінде форматы ерекшеленіп, көлемі кеңейіп, қашықтығы ұлғайып, бүтін бір ауыл мектептерін қамтитындай жай АШЫҚ ЕСІК күні емес, үлкен білім жобасына айналды.

Кемел білім. Тұтас тәрбие. Өшпейтін өнер. Жеткен жетістік. Жарқын жоба.

image-27-02-25-02-07-3

Міне, ауыл мектептеріндегі осы дүниелер бір алаңға айналып, айтар ойы, жеткізер жаңалығы бар білімнің бұрын-соңды болмаған ерекшелігін айқындай түскендей.

36 мектеп, 16 мектепке дейінгі ұйымдарды қамтыған «Ашық есік» күні жастарға жігер беріп, шәкірттерді шыңдап, ұстаздарды ұлы жолға жетелеген жоба болды. Бұл күннің басты кейіпкерлері – ардагер ұстаздарымыз еді. Талай шәкіртке білім беріп, елдің мықты мамандарын тәрбиелеген ардагер ұстаздарымыз есті естеліктерін еске түсіріп, сабақ беріп, бір марқайып қалды.

Сапарымызда таңдайымызды қақтырып, тамсандырған талай талантты шәкірттерді көрдік. Әрине, бұндай білімді де, талантты шәкірттерге «Ашық есік» күні зор мүмкіндік болды деп есептеймін. Қай мектепке барсақ та жаңаша идеямен ұйымдастырылып, өзгеше бағытта бастамаларын ұсынды. Әр мектептің өзіндік ерекшеліктері, өзіндік өнерлері, өзіндік жобалары һәм жарқын істері болды.

image-27-02-25-02-07-2

«Ашық есік» күніне қатысқан ата-аналар комитеті, ауыл әкімдері, депутаттар, қамқоршылық кеңес мүшелері ұсыныс-пікірлерін назардан тыс қалдырмай тізбектеп берді. Аталған айтулы мәселелерге білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы тиісті жауаптарын айтып, алдағы шешілетін мәселелер төңірегінде мектеп директорларына нақты тапсырмалар берді.

Әр мектепте өткен кездесуде білім беру бөлімінің дайындаған бейнеролигі көрсетіліп, ауданымыз бойынша білім саласындағы атқарылған жұмыстар таныстырылды.

Ауданымыз бойынша білім беру саласын қаржыландыру,  салық төлемі, құрылыс саласы, интернетпен қамтамасыз ету, педагогикалық кадрлар, пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар, инклюзивті білім беру ісі туралы айтылып,  жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қауіпсіздік жұмысы тәрізді маңызды мәселелер де көтерілді. Сонымен қатар 2024-2025 жылғы міндеттер мен мәселелер жан-жақты талқыланып,  аудандық білім беру бөлімінің мамандары баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Үш аптаға созылған білім сапарын сәтті аяқтаған бөлім басшысы Самал Жангереева:

-Құрметті әріптестер! Аудандық білім беру бөлімінің білім беру ұйымдарындағы «Ашық есік» күндері тәмамдалды. Бұл жобаның бастапқы кездегі мақсаты - арыз- шағым көп түсетін, құқық бұзушылық басым, білім сапасы төмен, ата-анамен мектеп арасындағы байланысы төмен білім ордаларының ұжымдарымен кездесіп,  тиімді диалог орнату болса, соңғы жылдары әр білім беру ұйымындағы ерекшеліктерді көру, жас мамандармен кездесу, оқушылармен, өзін-өзі басқару ұйымдарымен кездесіп пікір алмасу болса, биылғы жылы 5 жылдық белес аясында әр жылды салыстыра отырып білім саласындағы атқарылған жұмыстарға тоқталдық. Бір қуантқаны әр мектеп өз форматтарын белгілеген екен. Біздің тараптан көрме әзірлеңіз немесе жетістіктерді көрсетіңіздер деген тапсырма болған жоқ. Тек портфолиоға өз көрсеткіштерін жинақтасын деген тапсырма болды. Қуантқаны мектептер өз жобаларын, жетістіктерін, эксперименттік алаңдарын, кішкентай жұлдыздарын көрсетуге тырысты. Бұл құптарлық жағдай, себебі кей шалғай жатқан мектептерімізде біз сирек болып, ондағы кішкентай жұлдыздарымызды, жалындаған жастарымызды көрмей жатамыз. Бұл ашық есік күні олар үшін де үлкен мүмкіндік. Жалпы тірек мектептерге магнитті мектептер, сол жердегі балабақшаларды бірге шақырып отырмыз, Себебі 36 мектеп 16 балабақшада ашық есік күнін ұйымдастырып жүрсек,  жылда бітеді. Енді алдағы кезеңде сол жерде,  сол елде орналасқан мектеп-балабақша және бастауыш немесе негізгі мектеп біріккен жобалары болса, мысалы мектеппен балабақша арасындағы ынтымақты бір жоба (қуыршақ театры, ертегілер әлемі т.б)  болса деген ұсыныс бар. Көп жағдайда осы байланысты көре алмаймыз, -деп  бүтінбей бір ауылдағы білім беру ұйымдарын ұштастырып, бір жоба шығару керек деген тапсырма берді.

image-27-02-25-02-07-4

Шынында, ауылдағы білім ошақтарын бір арнаға тоғыстырып, ертеңімізге қажетті жобаны бүгіннен бастап бір ауыздан қолға алсақ, ел білімінің еңсесі бүгінгіден де биіктей берері сөзсіз. Бойда сарқылмас қуат, ойда асқақ мұрат бар да ұстаздар үйінің бастамасы әркез биіктей бермек!

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале