Жол тауқыметін біздің ауданның тұрғындарынан жақсы білетін біреу бар десе сенбеймін. «Шүкір» деп қояйық. Жүйелі жұмыстар жемісті нәтиже беріп, бүгінде қандай да болмасын жол құрылысы жұмыстарының қарқынды жүріп жатқандығын сіз бен біз естіп, көріп отырмыз.
Бүгін аудан әкімі Тимур Шиниязов пен оның орынбасары Мирболат Бисенов, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рустам Аманғалиев аудан орталығының кіреберіс жолы құрылыс жұмыстарының қарқынын қарап қайтты.

«Бекет Сат Жол» ЖШС-і жүргізіп жатқан «Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы» 158-165 шақырымындағы автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарының бүгінде 80 пайызға жуығы орындалыпты. Бұл дегеніміз 3 млн 786 мың 493 теңге қаржы көлеміндегі, ұзындығы 6,7 шақырымды құрайтын жобаның шамамен 5,3 шақырымы біте келді. Тимур Серікұлы құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтауды тапсырды. Алайда, басты міндет сапаның сұранысқа сай болуы екендігін жеткізді. Айтқандай, құрылыс жұмыстары тамыз айынан қалмай аяқталуы тиіс. Айта кету керек, «М50 Consulting group» ЖШС техникалық жағынан бақылап отыр.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы
