22.01.2026, 12:30
Оқылды: 13

Казталов ауданындағы бөбекжай күрделі жөндеуден өтті 

 

Казталов ауданы Талдыапан ауылдық округінің орталығы – Талдыапан ауылында орналасқан «Балбөбек» бөбекжайында көптен күткен жөндеу жұмыстары толықтай жүргізілді. Бұл мәселе ауыл тұрғындары тарапынан бірнеше мәрте көтеріліп, жиындарда жиі айтылған болатын. Алайда ғимаратты жөндеуге қомақты қаражаттың қажеттілігі жұмыстың кешеуілдеуіне себеп болған еді.

IMG_2642

Ауыл халқының өтініші мен ұсынысы ескерусіз қалмай, аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлының, аудандық мәслихат депутаты Дархан Қадірәліұлының және аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызының тікелей араласуымен мәселе оң шешімін тапты. Нәтижесінде қажетті қаржы бөлініп, 2025 жылдың қыркүйек айында бөбекжайда ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды.

IMG_2641 (1)

Жөндеу барысында ғимараттың шатыры толықтай жаңартылып, ескі терезелер мен есіктер заманауи үлгідегі жаңа терезе, есіктерге ауыстырылды. Сонымен қатар ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, еденге жаңа төсемдер төселді. Бөбекжайда жаңа кәріз жүйесі жасалып, санитарлық талаптарға толық сай келтірілді. Балаларға арналған жаңа құрал-жабдықтар мен жиһаздар алынып, оқу-тәрбие процесіне қолайлы жағдай жасалды.

IMG_2648

Жөндеу жұмыстары жайында бөбекжай меңгерушісі Жанаргүл Серік өз ойымен бөлісті: — Көптен бері көтеріліп жүрген мәселе ақыры шешімін тапты. Жөндеу барысында біраз жұмыстар атқарылды. Ғимараттың шатыры, терезелері мен есіктері түгелдей жаңартылды. Жаңа кәріз жүйесі тартылды. Бұл балалар үшін де, тәрбиешілер үшін де өте қолайлы. Бүгінде бөбекжайда 38 бала тәрбиеленіп жатыр, олардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына барлық жағдай жасалған. Осындай игі істің жүзеге асуына атсалысқан азаматтарға алғысымыз шексіз, — деді ол.

IMG_2637

Расында да, жөндеуден өткен ғимараттың іші жарық әрі жылы. Балалары жаңарған бөбекжайда тәрбиеленіп жатқанына ата-аналар да дән риза. Көпбалалы ана Алуа Махмудова өз ризашылығын білдірді:
— Балалар – еліміздің ертеңі. Олардың дұрыс тәрбиеленіп, сапалы білім алуына жағдай жасау – бәрімізге ортақ міндет. Бұрын бөбекжайдың іші салқын болып, төбесінен су ағатын. Қазір барлығы ретке келді. Халықтың үнін естіп, мәселені оңтайлы шешкен барша азаматтарға ата-аналар атынан алғыс айтамыз!

IMG_2632

Бүлдіршіндерге арналған осындай игі істер ауылдың әлеуметтік ахуалын жақсартып қана қоймай, болашақ ұрпақтың тәрбиесіне жасалған маңызды қадам екені сөзсіз.

 

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

IMG_2630 (1)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале