Жалпақтал балалар өнер мектебінде «Адал азамат – ұлт кепілі» тақырыбында көркемсурет сыныбының оқытушысы Мұрадым Сейтқалиевтің ұйымдастыруымен бірінші сынып оқушыларына арналған тәрбие сағаты өтті.

Өнер сүйген бүлдіршіндерге бұрынғы Фурманов аудандық «Коммунист», Жалпақтал аудандық «Жалпақтал өңірі» газеттерінің бас редакторы болып ширек ғасыр бойы адал еңбек еткен марқұм Темірғали Жазбаевтың өмірі мен қызметі, шығармашылығы жөнінде ақпарат берілді. Жалпақтал журналистерінің ұстазы атанып, аудандық газет редакциясында жас тілшілермен журналистер толқынын тәрбиелеп шығарған Темірғали атамыздың еңбегі мақтауға тұрарлықтай. Ашық сабақ барысында оқушыларға Темірғали Тілепбергенұлының өмірі мен қызметіне қатысты сұрақтар беріліп, жауап алынды. Іс-шараға аудандық «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі, Темірғали атаның төл шәкірті Қыдыр Әбдірахманов пен БҚО мемлекеттік архиві Жалпақтал филиалының директоры, жергілікті өлкетанушы Миржан Қарабалин қатысып, жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор іс-шара жөнінде және Темірғали атамыз төңірегінде кеңінен әңгімеледі. Білім беру ұйымдарында жергілікті тұлғаларды кеңінен насихаттауды көздеген тәрбиелік іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Ерлан Қабдығалиев,
Жалпақтал балалар өнер мектебі көркемсурет сыныбының оқытушысы,
Казталов ауданы