3.09.2026, 15:00
Оқылды: 19

Кәсіпке жол ашқан «Batys AgroHub»

Бөрлі ауданында 2024 жылдан бері тұрғындардың кәсіп бастауына, табысын арттырып, ауыл шаруашылығын дамытуына мүмкіндік беріп келе жатқан «Batys AgroHub» жобасы жұмыс істейді. Жоба Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. консорциумының акционерлері – «Шелл Қазақстан» және «Эни» компанияларының қолдауымен басталған.

WhatsApp Image 2026-08-07 at 12.23.49 (1)

Жоба аудан тұрғындарына жылыжай шаруашылығын дамытуға қолдау көрсету, жаңа табыс көзін қалыптастыру және ауданның азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында бастау алған. Жоба аясында қатысушыларға жылыжай салу мен оны тиімді жүргізу, көкөніс өсіру, өнімді өткізу, бизнес-жоспар құру және есеп жүргізу бағыттары бойынша жан-жақты білім берілді. Сонымен қатар тәжірибелі агрономдар мен кеңесшілер қатысушылардың жылыжайларын аралап, өсімдіктердің жағдайын бақылап, қажетті кеңестерін береді.

Осыған дейін газетімізде «Batys AgroHub» жобасы және оның қатысушылары туралы бірқатар мақалалар жарық көрген болатын. Бұл жолы жобаның алғашқы легіне қатысып, жылыжай шаруашылығын қолға алған Ақсай қаласы Аралтал шағынауданының тұрғыны Білімжан Опиевтің кәсібіне тоқталмақпыз.

Жаңа кәсіпке бастар жол

Білімжанның негізгі мамандығы – дәнекерлеуші. Ол бұған дейін жеті жыл бойы мұнай-газ саласында еңбек еткен. Алғашында қарапайым жұмысшы болып бастап, кейін шебер қызметіне дейін көтерілген.

- Мұнай-газ саласындағы жұмыс кестесінің өзіндік қиындығы бар. Таңертең ерте кетіп, үйге кеш келесің. Мұндай жұмыс кестесі адамды шаршатады. Кейін өзіме жақын, отбасыммен бірге атқаратын кәсіппен айналыссам деген ой келді, – дейді Білімжан Серікұлы.

Ол «Batys AgroHub» жобасы туралы әлеуметтік желіден көріп, қызығушылық танытып, өтініш берген екен. Кейін жоба ұйымдастырушылары оған хабарласып, жылыжай салуға ауласының көлемі сәйкес келе ме, жоқ па, соны анықтаған. Осыдан кейін Білімжан үйінің жанындағы бос жер телімін сатып алып, жаңа кәсібін бастауға кіріскен.

- Мен «Batys AgroHub» жобасының бірінші легіне қатыстым. Осы іспен биыл екінші жыл айналысып жатырмын. Бала кезімізден ауылда өстік. Үйдегі бау-бақшада ата-анамыз еккен гүл, көкөніс, жеміс-жидектерді суарып, күтіп-баптауға көмектесетінбіз. Сондықтан бұл жұмыс маған бөтен емес десем де болады. Оның үстіне жоба ұйымдастырушылары қолдау көрсетіп тұрғанда, неге байқап көрмеске деген шешімге келдім, – дейді кейіпкеріміз.

Жоба аясында барлық қатысушыларға жылыжайға қажетті құрал-жабдықтар, тұқым, құрылыс материалдары және басқа да қажетті дүниелер берілген.

WhatsApp Image 2026-08-07 at 12.23.49 (3)

Қиярдан басталған кәсіп

Білімжан алғашқы жылы қияр өсіруге басымдық берген. Таңдаған сорты – «Северин». Оның айтуынша, бұл қияр түрінің сыртқы келбеті де, дәмі де жақсы, сақтауға да қолайлы екен.

- Бірінші жылы қияр егумен айналыстым. «Северин» сорты өзімді қанағаттандырды. Сондықтан қазір де осы сортты егіп жүрміз. Кез келген өнім дұрыс шығуы сенің күтуіңе, қарауыңа байланысты ғой. Қазір өнімімізге халықтың сұранысы жақсы, – дейді ол.

Ал биыл ол қиярмен қатар қызанақ өсіруді де қолға алыпты. Себебі тұтынушылардың сұранысы да кәсіптің бағытын кеңейтуге себеп болыпты.

- Халық қияр сатсаң, қызанақ сұрайды. Қызанақ сатсаң, қияр керек дейді. Сондықтан биыл қызанақ та егуді шештім. Қызанақтың «Бобкат» деген түрін таңдадым, – дейді Білімжан.

Қазір оның жылыжайынан жиналған өнімнің тұрақты тұтынушылары қалыптасқан. Білімжан қажет болған жағдайда өнімді тұтынушының үйіне дейін жеткізеді.

Өнімдерін былтырдан бері Ақсай қаласындағы «Трнава» сауда үйінің алдында сатуда. Сонымен қатар әр сенбі сайын өтетін жәрмеңкеге де қатысып, көкөністерін тұрғындарға ұсынады.

WhatsApp Image 2026-08-07 at 12.34.00 (1)

Жылыжайдағы таңғы тірлік

Жылыжай шаруашылығы сырт көзге жеңіл көрінгенімен, күнделікті еңбекті, ұқыптылық пен жауапкершілікті қажет етеді. Өсімдікті уақытында суарып, артық жапырақтары мен бұтақтарын кесіп, зиянкестер мен аурулардың алдын алу керек.

Білімжанның айтуынша, оның әр күні жылыжайдағы жұмыстан басталады екен.

- Таңертең ерте тұрып, жылыжайдың ішіндегі жұмыстарды істеп тастауға тырысамын. Күн шыққаннан кейін іші қатты ысып кетеді де, жұмыс істеу қиындайды. Сондықтан таңертеңгі бір-бір жарым сағат уақытымды жылыжайға арнаймын. Өсімдіктердің артық жерлерін кесеміз, ішін жинастырамыз, қажет болса зиянкестерге қарсы препараттар қолданамыз, – дейді ол.

Жылыжайда тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Су арнайы бөшкеге жиналып, кешкі уақытта жүйе арқылы біртіндеп беріледі. Бұл әрі еңбекті жеңілдетіп, әрі суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Кәсіпкердің бұл ісін отбасы да қолдайды. Әкесі, анасы және ағасы қолғабыс етсе, жары мен екі баласы да оның еңбегінің нәтижесін көріп өсіп келеді.

WhatsApp Image 2026-08-07 at 12.33.59

Білімнің пайдасы көп

«Batys AgroHub» жобасы қатысушыларға тек жылыжай салып берумен шектелмей, оны тиімді жүргізудің қыр-сырын үйретуге де басымдық берген.

- Оқыту кезінде тұқымды қалай отырғызу, өсімдікті қалай күту, артық жерлерін кесу сияқты жұмыстардың бәрін үйретті. Сонымен қатар өнімді қалай сатуға болады, бухгалтерлік жұмыстарды қалай жүргізу керек – осының барлығын түсіндіреді. Оқу аяқталғаннан кейін бізге арнайы сертификат та берілді, – дейді Білімжан.

Оқыту барысында қатысушылар қияр, қызанақ, бұрыш және құлпынай өсіру технологияларымен танысқан. Былтыр алғашқы легтен он адам Алматы қаласына барып, осы бағытта жұмыс істейтін шаруалардың тәжірибесімен танысып қайтқан.

- Алматыға барғанымызда осы саладағы шаруалардың жұмысын көрдік. Өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойып, көптеген жаңа нәрсе үйрендік. Мұндай тәжірибе біз үшін өте пайдалы болды, – дейді ол.

Жылыжайға арналған алғашқы тұқымдар наурыз айында үй жағдайында шағын ыдыстарға егілген. Сәуірдің ортасында көшеттер жылыжайға отырғызылған. Білімжанның айтуынша, қияр шамамен 45 күнде өнім бере бастаса, қызанақтың пісіп-жетілуіне шамамен 75 күн қажет екен.

WhatsApp Image 2026-08-07 at 12.34.00

Сұраныс артқан сайын сенім де нығаяды

Білімжанның айтуы бойынша, кәсіптің алғашқы жылы оңай болмаған. Себебі өнімді сатып алатын тұрақты тұтынушылар әлі қалыптаспаған еді.

- Бірінші жылы қиын болды. Себебі біз туралы, жоба туралы халықтың көбі білмейтін. Ал биыл жағдай басқаша. Адамдар өздері біздің нөмірімізді тауып алып, хабарласып, тапсырыс беріп жатыр. Келесі жылы бұдан да жақсы болады деген үміттеміз, – дейді кейіпкеріміз.

Білімжан өнімдерінің сұранысқа ие болуын оның сапасымен байланыстырады. Себебі жоба аясында жылыжайда өсірілген көкөністерге артық химиялық қоспалар қолданылмайды. Сондықтан тұрғындар табиғи әрі жаңа өнімге қызығушылық танытады.

Жоба қатысушыларының өнімдерін өткізуге де жағдай жасалған. Пугачев ауылында «Batys AgroHub» жобасының кеңсесі жұмыс істейді. Қатысушылар жинаған өнімдерін сол жерге өткізеді. Кеңсе қызметкерлері әр адамның қанша өнім тапсырғанын есепке алып, сатылған өнімнің қаражатын белгіленген тәртіппен береді. Ал қажетті тұқымдар мен құрал-жабдықтарды қатысушылар Пугачев ауылында орналасқан «Batys AgroHub» жобасының кеңсесіндегі агродүкенінен сатып алады.

WhatsApp Image 2026-08-07 at 12.34.00 (2)

Бірлескен еңбектің берекесі

Білімжан бүгінде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің (СПК) мүшесі. «Бөрлі агроөнім» деп аталатын бұл кооперативтің құрамында тоғыз адам бар. Аталған кооператив жергілікті фермерлердің өнімдерін тұтынушыларға жеткізумен және жылыжай шаруашылығын әрі қарай дамыту бағытында жұмыс істейді. Кооперативті дамытуға 4 млн теңге көлемінде қаражат берілген. Сонымен қатар өнімдерді тасымалдауға көлік қарастырылған.

- Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің бізге көмегі көп. Егер өнімдеріміз артылып қалса, бәріміз жиналып, қалған көкөністерден түрлі өнім дайындаймыз, мысалы, банкаларға жабамыз. Кооператив арқылы өнімдерді дүкендерге өткізу де ыңғайлы. Себебі барлық құжат заңды түрде рәсімделуі керек. Жеке кәсіпкер ретінде салық мөлшері жоғары, ал кооперативте тиімдірек, – дейді Білімжан.

Сонымен қатар ол жобаның көлігін де жүргізіп, тапсырыс берген тұрғындардың үйлеріне өнім жеткізуге көмектеседі.

«Batys AgroHub» жобасының алғашқы және кейінгі легіне қатысушылардың басын қосқан ортақ мақсат – жылыжай шаруашылығын тұрақты кәсіпке айналдыру. Білімжан да бұл істі бір күндік табыс көзі емес, болашағы бар кәсіп ретінде қарастырады.

Қазір жобаның екінші легінде 25 адам, үшінші легінде 15 адам бар. Қатысушылар маусым аяқталған соң да жұмысты тоқтатпайды. Қазан айында жылыжайларды тазалап, топырағын қопсытып, келесі маусымға дайындық жұмыстарын бастайды.

Білімжанның айтуынша, жылыжай шаруашылығы – үздіксіз еңбекті қажет ететін кәсіп. Бірақ маңдай термен келген өнімнің халыққа ұнап, еңбектің ақталғанын көру – ең үлкен мотивация.

P/S: Бір кездері мұнай-газ саласында ұзақ уақыт жұмыс істеген Білімжан бүгінде өз ауласында еңбек етіп, өз кәсібін дамытып отыр. Жоба арқылы ол алған білімі мен тәжірибесін пайдаланып, жылыжай көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлайды.

Ең бастысы, «Batys AgroHub» секілді жобалар тұрғындарға дайын кәсіп ұсынып қана қоймай, өз еңбегімен табыс табуға, жаңа бағытты меңгеруге және ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде Білімжан – осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланған еңбекқор жандардың бірі.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале