8.10.2026, 11:00
Оқылды: 10

ЖРВИ мен тұмау көбейді: Үйдегі дәрі қобдишасында қандай дәрі болғаны дұрыс?

Мамандар антибиотикті өз бетінше қабылдамауға кеңес берді. Күз келгенде тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) көбейе түседі. Осы кезеңде дәріні өз бетінше қабылдамай, ауру белгілерін дұрыс бағалау маңызды. Қазақстандық медицина мамандары үй жағдайында қандай шараларға мән беру керегін және қай кезде дәрігер көмегіне жүгіну қажет екенін түсіндірді - деп жазды baq.kz.

Sick little schoolgirl coughs and blows nose wiping with white paper napkin.

Сурет: istockphoto.com

Үйдегі дәрі қобдишасында не болғаны жөн?

ЖРВИ кезінде дене қызуының көтерілуі, бас пен бұлшықеттің ауыруы, мұрынның бітелуі сияқты белгілер жиі кездеседі. Мұндай жағдайда симптомдарды жеңілдету үшін үйде мына құралдардың болғаны жеткілікті:

  • парацетамол 500 мг – дене қызуын түсіріп, ауырсынуды басу үшін;
  • ибупрофен 200–400 мг – қызуды төмендету, ауырсыну мен қабынуды азайту үшін;
  • мұрынды шаюға және шырышты қабатты ылғалдандыруға арналған натрий хлоридінің изотоникалық немесе тұзды ерітіндісі;
  • мұрын қатты бітелген кезде қолданылатын тамыр тарылтатын дәрі;
  • ағзадағы сұйықтық пен электролит тапшылығын толықтыруға арналған регидратациялық ерітінді;
  • дене қызуын өлшейтін термометр.

Дәрі сатып аларда оның атауына ғана емес, құрамындағы әсер етуші затқа, мөлшеріне, қолдану көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдеріне де назар аударған жөн.

Вирусқа қарсы дәрілерді өз бетімен ішуге бола ма?

Мамандар рецептімен берілетін вирусқа қарсы препараттарды дәрігердің кеңесінсіз қабылдауға болмайтынын ескертеді.

Мұндай дәріні тағайындау кезінде дәрігер науқастың жасын, аурудың белгілері мен ауырлығын, сондай-ақ асқыну қаупін арттыратын факторлардың бар-жоғын ескереді.

Тұмау кезінде антибиотик көмектесе ме?

ЖРВИ мен тұмаудың көпшілігі вирустардан туындайды. Ал антибиотиктер вирустарға әсер етпейді.

Сондықтан бактерияға қарсы дәрілерді өздігінен қабылдау дұрыс емес. Бұл антибиотиктерге төзімділіктің қалыптасуына, жағымсыз әсерлерге және басқа да асқынуларға себеп болуы мүмкін.

Антибиотикті тек бактериялық инфекция немесе оның асқынуы бар деген медициналық негіз болған жағдайда дәрігер тағайындайды.

Бірнеше дәріні қатар қабылдағанда абай болған жөн

Суық тию мен тұмауға арналған кейбір кешенді дәрілердің құрамында парацетамол болуы мүмкін. Егер мұндай препаратпен бірге парацетамолды бөлек қабылдаса, дәрінің ұсынылған тәуліктік мөлшерінен асып кету қаупі бар.

Сондықтан бірнеше дәріні қатар қолданбас бұрын олардың құрамын тексеру керек. Бірдей әсер етуші заты бар препараттарды медицина маманымен кеңеспей бірге қабылдамаған жөн.

Кімдерге дәрі тегін беріледі?

Қазақстанда дәрі-дәрмекпен тегін немесе жеңілдікпен қамтамасыз ету заңнамада белгіленген тәртіп бойынша жүргізіледі. Бұл мүмкіндік ЖРВИ немесе тұмаумен ауырған барлық адамға автоматты түрде берілмейді.

  • Амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмек медициналық көрсетілімдері бар азаматтардың белгілі бір санаттарына және диспансерлік есепте тұрған, нақты аурулары немесе жағдайлары бар пациенттерге беріледі.
  • Препаратты алу үшін, әдетте, дәрігердің тағайындауы мен электрондық рецепт қажет.
  • Ал стационарда ем қабылдап жатқан науқастар дәрі-дәрмекпен тиісті медициналық көмек пакеті шеңберінде қамтамасыз етіледі.
  • Яғни маусымдық тұмау немесе ЖРВИ-мен ауырудың өзі барлық дәріні тегін алуға негіз болмайды.

Дәріханадағы баға неге әртүрлі?

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу жүйесі бар. Дегенмен оның талаптары барлық препаратқа бірдей қолданылмайды. Кейбір дәрілердің құны нарықтық тетіктер арқылы қалыптасады.

Сондықтан бірдей әсер етуші заты бар препараттардың бағасы өндірушісіне, дәрілік түріне, мөлшеріне, сауда атауына және дәріханаға қарай өзгеруі мүмкін.

Қаражатын үнемдегісі келетін азаматтарға бірнеше дәріханадағы бағаны салыстырып, мүмкіндік болса, препаратты халықаралық патенттелмеген атауы бойынша таңдаған жөн.

Қай кезде дәрігерге қаралу керек?

ЖРВИ жеңіл өтсе, көбіне тынығып, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішіп, симптомдарға қарай ем қабылдау жеткілікті болуы мүмкін.

Алайда мына белгілердің бірі байқалса, медициналық көмекке жүгіну қажет:

  • дене қызуы ұзақ уақыт жоғары болып, дәрімен де төмендемесе;
  • тыныс алу қиындаса немесе ентігу пайда болса;
  • кеуде тұсы ауырса не қысылса;
  • әлсіздік күшейсе;
  • сана бұзылса;
  • адамның жағдайы күрт нашарласа;
  • жағдай жақсарғаннан кейін қайтадан нашарласа;
  • бұрын болмаған немесе ерекше белгілер пайда болса.
  • Кішкентай балаларға, егде жастағы адамдарға, жүкті әйелдерге және созылмалы ауруы бар пациенттерге ерекше назар аудару қажет.

Аурудың алдын алу үшін не істеу керек?

Тұмау мен ЖРВИ-ден қорғану үшін қарапайым профилактикалық шараларды сақтау маңызды. Мамандар:

  • қолды таза ұстауға;
  • бөлмені жиі желдетуге;
  • респираторлық инфекция белгілері бар адамдармен жақын араласуды шектеуге;
  • өзінде ауру белгілері байқалса, өзгелермен байланысты азайтуға;
  • медицина қызметкерлерінің кеңесін орындауға;
  • тұмауға қарсы вакцинация жөніндегі ұсыныстарды ескеруге кеңес береді.

Үйде көп дәрі жинаудың қажеті жоқ

Мамандардың айтуынша, үйдегі дәрі қобдишасын көптеген препаратпен толтыру міндетті емес. Көп жағдайда дене қызуын өлшейтін термометр, қарсы көрсетілім болмаған жағдайда қызу түсіретін дәрілердің бірі, мұрынды шаюға арналған ерітінді және ағзадағы сұйықтықты толықтыратын құрал жеткілікті.

Ал антибиотиктерді, рецептімен берілетін вирусқа қарсы препараттарды және басқа да рецептілік дәрілерді тек дәрігердің тағайындауымен қолдану керек.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале