8.10.2026, 12:15
Оқылды: 9

Оралда емхана алдындағы сквер мәселесі қайта көтерілді

Оралда №1 қалалық емхана алдындағы сквердің тағдыры талқыға түсті, - деп жазады Kazinform.

b7c41ddb-a5fa-4147-b5f6-dcb9b724324d
Фото: Kazinform

«Батыс Қазақстан экологиялық географиялық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дархан Сариевтің мәлім еткеніндей, аталмыш шағын саябақты сақтап қалу мәселесі екі жылдан бері көтеріліп келеді.

Оның сөзіне қарағанда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан емханаға қосымша ғимарат сквердің есебінен салынбақшы. Яғни саябақтағы ағаштар кесіледі.

- Басқарма өкілдері ғимарат салу қажеттігін Деркөл кенті тұрғындарының тең жартысы №1 емханаға тіркелгендігімен түсіндіргісі келеді. Алайда бұл емхана орталықта орналасқандықтан, кент тұрғындары үшін қолайсыз. Ендеше, Деркөл тұрғындарын оған іргелес «Ақжайық» шағынауданында салынып жатқан емханаға неге бекітпеске!? Екіншіден, елді мекендерді абаттандыру туралы нормативтік-құжаттық актіге сәйкес ғимарат аумағының 50-60 пайызы жасыл желекпен көмкерілуі тиіс. Сквер есебінен құрылыс салынған жағдайда бұл аталған нормативке қайшы келеді, - дейді Д.Сариев.

Оның айтуынша, мұндай сквер облыстық аурухананың ауласында да бар. Бұл пациенттердің демалып отыруы үшін өте қажет. Аталмыш мәселені басқаша шешуге болады. Мысалы, Құрманғазы көшесі бойындағы екі балалар ауруханасы ғимараты кезінде басқа мекемелерге беріліп кетті. Сол секілді қалада бос тұрған ғимараттар бар. Міне, осыларды облыстық денсаулық сақтау басқармасының теңгеріміне беріп, қайта құрып немесе күрделі жөндеп, емхананы сонда орналастыруға болады.

Аталмыш мәселеге байланысты Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сұрау салған еді.

Әкімдік мәліметінше, емхана аумағында жаңа ғимарат салу жұмыстары жоспарлануына байланысты құрылыс мәселелері облыстық денсаулық сақтау басқармасының құзыретіне жатады.

Ағаштарды кесу мәселесіне қатысты әкімдік жанындағы экологиялық кеңестің тиісті шешімі бар. Жаңа ғимараттың құрылысына байланысты жалпы 15 ағашты кесу жоспарланған, олардың қатарында қураған және ауру ағаштар да бар.

- Кесілген ағаштардың орнын толтыру мақсатында емхана аумағында және қаланың басқа да аумақтарында шамамен 200 түп ағаш отырғызылады. Барлық жұмыстар қолданыстағы экологиялық талаптар мен белгіленген нормаларға сәйкес жүзеге асырылатын болады, - делінген ресми жауапта.

Арнайы сұрау БҚО денсаулық сақтау басқармасына да жолданды. Басқарма өкілдері ақпараттың кейін берілетінін жеткізді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале