7.10.2026, 11:45
Оқылды: 7

БҚО-да жастардың кітап оқу мәдениетін арттыруға бағытталған «Оқырман ұрпақ» жобасы басталды

«Әділет» партиясының Жастар қанаты жастар арасында кітап оқуды насихаттап, тұрақты оқырман ортасын қалыптастыруға бағытталған «Оқырман ұрпақ» жобасын іске қосты.

WhatsApp Image 2026-10-07 at 12.33.25

Жоба аясында жастар кітап клубтарына бірігіп, «Бір ай – бір кітап – бір кездесу» қағидаты бойынша әр айда бір шығарманы таңдап, оқып, кейін бірге талқылайды. Бұл формат жастардың әдебиетке қызығушылығын арттырып қана қоймай, өз ойын еркін жеткізуге, пікір алмасуға және сыни ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларымен үндеседі. Бүгінде жобаға еліміздің 17 облысы мен 3 республикалық маңызы бар қаласынан шамамен 1500 жас қатысуда.

WhatsApp Image 2026-10-07 at 12.33.25 (1)

«Қазіргі таңда жастардың күнделікті өмірінде смартфон мен түрлі цифрлық технологиялардың орны ерекше. Біз осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқуды заманауи форматта насихаттауды көздеп отырмыз», – деді «Әділет» партиясы Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Ерлік Шамғали.

WhatsApp Image 2026-10-07 at 12.33.26

Батыс Қазақстан облысында жобаның алғашқы кездесуі Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінде ұйымдастырылды. Кездесу барысында жастар алғашқы шығарманы талқылап, кітап оқу дәстүрін бірге қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Жоба алдағы уақытта өңір жастарын тұрақты түрде кітап оқуға тартып, әдеби пікірталас алаңдарын қалыптастыруды жалғастырады.

 

«Әділет» партиясы БҚО филиалының баспасөз қызметі 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале