Облыстық мәслихат ғимаратында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқу ағарту және корпоративтік мәдениетті дамыту: комплаенс қызметтерінің рөлі» тақырыбында диалог алаңы өтті.

Аталмыш іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов төрағалық етті. Бұл басқосуда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, облыстық, қалалық және аудандық ұйымдардың комплаенс қызметтерінің өкілдері болды. Сондай-ақ облысқа қарасты аудандардағы сала қызметкерлері бейнебайланыс арқылы қатысты. Алдымен Мұрат Сейілбекұлы жиналған көпшілікті диалог алаңының мақсатымен таныстырды. Содан кейін комплаенс қызметі жөнінде спикерлер баяндама жасады. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының БҚО бойынша филиалының директоры Сабыр Түменбаев комплаенс біздің қоғамға енді ғана еніп келе жатқан термин екенін айтты.

– Комплаенс термині латын тілінен қазақшаға аударғанда «сәйкестік» деген мағынаны үстейді. Яғни мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындардың жұмысын сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарына сәйкестігін анықтайды. Комплаенс қызметкері өзі еңбек ететін мекемедегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуі қажет. Ұйымдардағы ішкі талдау жұмысы төрт негізгі қағидатқа сүйенеді. Оның алғашқысы обьективті қағидат. Нақтырақ айтсақ, заңды құжаттарға, цифрлық деректерге, сенімді ақпарат көзіне сүйеніп қана жүзеге асады. Екінші қағидат – сенімділік. Ол ақпарат көзінің дұрыстығын, өзектілігін және ресми расталғанын қамтамасыз етеді. Айқындық қағидаты талдау рәсімдерін интернет ресурстарында жариялап, оған ашық түрде қол жеткізуді көздейді. Келесі төртінші қағидат – жан-жақтылық. Бұл ұйым қызметінің барлық құқықтық құжаты мен басқарушылық үдерістерді толық қамтиды. Заңдылық бойынша талдау жүргізу әр ұйымда жылына кемі бір рет ұйымдастырылуы қажет.
Егер бұзушылықтар анықталса, басшы шешімімен кезектен тыс ішкі талдау жүргізілуі мүмкін. Ішкі талдаудың ұзақтығы жалпы тәртіп бойынша 30 жұмыс күні. Егер бұл аздық етсе, басшы бұйрығымен қосымша 15 күн қосылады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың және басқа да құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді С. Түменбаев.
Іс-шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Хаиров «Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы мүдделер қақтығысын болғызбау, анықтау және реттеу» атты баяндама оқыды. Оның айтуынша, мүдделер қақтығысын болғызбаудың негізгі мақсаты – жеке мүдденің қызметтік шешімдерге ықпалын болдырмау, ұйым қызметінің ашықтығын және қабылданатын шешімдердің объективтілігін қамтамасыз ету.
– Ең алдымен, жеке мүдде мен мүдделер қақтығысының айырмашылығын түсіну қажет. Адамның туыстық, мүліктік немесе өзге де байланыстарының болуы құқықбұзушылық емес. Алайда осы байланыстар лауазымдық міндеттерді бейтарап орындауға ықпал етсе немесе ықпал етуі мүмкін болса, тиісті тәуекел туындайды. Сондықтан алдын алу жұмысының басты өлшемі – жеке мүдденің нақты шешімге әсер ету мүмкіндігі.
2027 жылғы 1 қаңтарынан бастап енгізілетін жаңа нормалар мүдделер қақтығысын басқару және жеке мүдделерді декларациялау рәсімдерін нақтылайды. Сонымен қатар мүдделер қақтығысы туралы жазбаша хабарлау міндеті қазірдің өзінде қолданылады.
Жеке мүдделерді бағалау кезінде заңда белгіленген шекте туыстық байланыстар, бірге шаруашылық жүргізу, сондай-ақ заңды тұлғаның акцияларына иелік ету немесе оны басқаруға қатысу ескеріледі. Бұл мәліметтер қызметкердің өкілеттіктерімен салыстырылып, олардың шешім қабылдауға ықпалы бағалануы тиіс. 2027 жылға дайындықты жүйелі түрде ұйымдастыру қажет. Алдымен ішкі құжаттарды талдап, мүдделер қақтығысын басқару саясатын жаңарту керек. Хабарлау, декларацияларды қабылдау, қорытынды дайындау және шешімдердің орындалуын бақылау тәртібі нақты белгіленуге тиіс. Басшылар мен жұмыскерлерді оқытып, жыл соңына дейін нақты жағдай негізінде рәсімдерді сынақтан өткізу ұсынылады. Бұл олардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін бағалауға мүмкіндік береді, – деді департамент басшысының орынбасары Д. Хаиров.

Кездесу соңында қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен мүдделер қақтығысының алдын алу, комплаенс қызметтерінің жұмысын ұйымдастыру және жаңа талаптарды түсіндіру мәселелері талқыланды.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»