6.10.2026, 15:00
Оқылды: 6

Инфрақұрылымның  жаңғыртылуы  да игілік

Электр энергиясы – кез келген елді мекеннің тыныс-тіршілігі, тіпті экономиканың көрсеткіші.  Сондықтан  электр  желілерінің техникалық  жағдайын  жақсарту, тозған инфрақұрылымды  жаңарту  және  тұтынушыларды үздіксіз энергиямен  қамту – уақыт күттірмейтін міндет. Облыста  осы  бағытта    жүйелі  жұмыс  жүргізіліп келеді.

934836e3-5f4a-4c8f-92a1-c36ec727e3f0

Өңірдегі электр желілерінің жаңғыртылу барысымен танысу мақсатында арнайы баспасөз туры өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ұйымдастырды.

Баспасөз турының негізгі мақсаты – табиғи монополия субъектісі саналатын «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС қызметі, инвестициялық бағдарламасы және электр желілерінің сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстың жөн-жобасын көпшілікке  таныстыру.

Аталған компания облыс аумағында электр қуатын беру және тасымалдау қызметін көрсетеді. Компанияның өндірістік-техникалық әлеуеті мен электр желілерінің қазіргі жағдайы, сондай-ақ оларды жаңғыртуға бағытталған жобалар баспасөз  турына  арқау болды.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Сержан Жаманқұловтың айтуынша, 2023-2028 жылдарға арналған ұзақ мерзімді шекті тарифтер бекітіліп, осы кезеңге арналған инвестициялық бағдарлама мақұлданған.

– Бесжылдық кезеңде саланың материалдық-техникалық әлеуетін жаңартуға 3 млрд 738 млн 135 мың теңге инвестиция бағыттау көзделген. Оның ішінде 2026 жылға бекітілген инвестиция көлемі 640,584 млн теңгені құрайды. Бүгінде оның 338 млн 396 мың теңгесі, яғни шамамен 53 пайызы игерілді. Жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жыл соңына дейін инвестициялық бағдарламада көзделген іс-шараларды толық аяқтау жоспарланып отыр, – деді Сержан Жаманқұлов.

Инвестициялық бағдарламаның басты мақсаты – электр желілерін, ұзақ жыл пайдаланылған жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңарту. Бұл өз кезегінде желілердегі апаттылықты азайтып, электр энергиясының техникалық шығынын төмендетуге, негізгі құралдардың тозуын тежеуге және техникалық қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік  береді.

Бағдарлама ауқымында қосалқы стансаларды жаңғыртуға 38,993 млн теңге қарастырылған. Оның есебінен 110 кВ ажыратқышты элегазды, яғни электр желісіндегі токты қосып-ажыратуға арналған жоғары кернеулі құрылғылы ажыратқышқа, 10 кВ екі майлы ажыратқышты вакуумды ажыратқыштарға, сондай-ақ 35 кВ МВ-35 құрылғысын 35 кВ реклоузерге ауыстыру жоспарланған.

Электр желілерін қайта жаңғыртуға да қомақты қаржы бағытталуда. Жалпы ұзындығы 48,88 шақырым болатын 10-0,4 кВ әуе және кабельдік желілерді қайта құруға 437,672 млн теңге жұмсалмақ. Сонымен қатар 35 және 110 кВ әуе желілеріндегі 116 аралық және анкерлік тірек жаңартылады. Бұл жұмысқа 88,697 млн теңге қарастырылған.

Трансформаторлық  жабдықтарды жаңарту да назардан тыс қалмаған. Жоспарға сәйкес 10 кВ бес ток трансформаторы ТОЛ-10 құрылғыларына, екі кернеу трансформаторы НАМИТ-10 кВ жабдықтарына ауыстырылады. Бұл мақсатқа 5,383 млн теңге бөлінген.

Энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысында байланыс инфрақұрылымының да маңызы зор. Осыған байланысты 49,240 млн теңгеге радиорелелік станса орнатылған. Ал электр энергиясын коммерциялық есепке алудың аутоматтандырылған жүйесін енгізуге 15,624 млн теңге қарастырылған.

Жаңғыртудың нақты нәтижесін Үлкен Шаған ауылындағы серпілістен байқауға болады. Елді мекеннің электр желілері 1976 жылы пайдалануға берілген. Мұндағы 10 кВ желілерінің ұзындығы – 5,7 шақырым, 0,4 кВ желілерінің ұзындығы – 12,643 шақырым. Бірнеше ондаған жыл бойы пайдаланылған инфрақұрылымның тозу деңгейі 92,12%-ға жеткен.

Инвестициялық бағдарлама шеңберінде ауылдағы электр желілерінің бағаналары жаңартылды. Соның нәтижесінде 621 жаңа темірбетон тірек орнатылды. Оның 436-сы – СВ-95, 185-і – СВ-105 ныспылы  тіректер.

Жаңартылған инфрақұрылым игілігін Үлкен Шағандағы 582 абонент көреді. Жаңа желілік нысандардың іске қосылуы апаттық ажыратулардың алдын алып, электр энергиясын тұрақты жеткізуге  жағдай  жасайды.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – жұмыстың басым бөлігін компанияның өз күшімен атқаруы. Яғни сырттан мердігер ұйымдар тартылмай, электр желілерін жаңарту жұмысын жергілікті мамандардың өздері жүзеге асыруда. Бұл, бір жағынан, жұмыс сапасын бақылауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, өңірдегі мамандардың тәжірибесін арттыруға ықпал  етеді.

«Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС өндірістік-техникалық қызмет бөлімінің басшысы Алтынбек Кенжеғалиевтің айтуынша, жаңғырту ісі Орал қаласы мен Үлкен Шаған ауылымен  ғана  шектелмейді.

– Электр желілерін жаңарту жұмысы Сырым ауданындағы Аралтөбе, Бәйтерек ауданындағы Озерный, Казталов ауданындағы Жаңатаң елді мекендерінде де жүргізіледі. Бұл нысандардағы желілерді кезең-кезеңімен жаңартып, олардың техникалық  жағдайын жақсарту жоспарланып отыр, – деді ол.

Электрмен жабдықтаудың тұрақтылығы – әлеуметтік нысандардың, өндіріс орындары мен кәсіпкерлік субъектілерінің үздіксіз жұмыс істеуінің маңызды шарты. Желідегі кез келген ақау жүздеген, тіпті мыңдаған тұтынушыға әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай тәуекелдердің алдын алу үшін электр желілерін жаңарту, апаттылықты төмендету және техникалық қызмет көрсету сапасын арттырудың маңызы айрықша.

Осы мақсатта компания тарапынан желілерге сапалы техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи техника мен жабдықтар да сатып алынуда. Мұның барлығы бір мақсатқа – өңір тұрғындары мен кәсіпорындарын тұрақты әрі сенімді электр энергиясымен қамтамасыз  етуге  бағытталған.

Энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту – біркүндік науқан емес, жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмысты қажет ететін маңызды бағыт. Батыс Қазақстандағы инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асуы тозығы жеткен желілерді кезең-кезеңімен жаңартып, электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Ал бұл, түптеп келгенде, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуының  негіздерінің  бірі.

*  *  *

«Батыс су арнасы» ЖШС-ның  2026  жылға  арналған  инвестициялық  бағдарламасы  ауқымында  сумен  жабдықтау және  су бұру  жүйелерін  жаңғыртуға  376,4  млн  теңге  бөлінді.  Бүгінде  жоспарланған  жұмыстардың 70%-ы орындалды.

Жуырда Орал қаласында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «Батыс су арнасы» ЖШС-ның нысандарына баспасөз турын ұйымдастырды. Шараның мақсаты – инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылу барысымен таныстыру, атқарылған жұмыстың нәтижесін көрсету және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы міндеттерді баяндау.

«Батыс су арнасы» ЖШС – Орал қаласының тұрғындары мен кәсіпорындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп, сарқынды суды бұру қызметін көрсететін табиғи монополия субъектісі. Кәсіпорынның су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 483,5 шақырымды, кәріз желілерінің ұзындығы 377,4 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда су құбыры желілерінің тозу деңгейі 60,4%-ға, кәріз желілерінікі 61,2%-ға жеткен. Бұл коммуналдық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартып, оның жұмыс сенімділігін арттыру қажеттігін көрсетеді. Осы бағытта 2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Ол сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тиімділігін арттыруға, жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге, су шығыны мен электр энергиясын тұтынуға байланысты шығындарды азайтуға, сондай-ақ заманауи әрі энергия үнемдейтін технологияларды  енгізуге  бағытталған.

2026 жылға арналған инвестициялық бағдарламаның жалпы көлемі – 376,4 млн теңге. Оның 204,6 млн теңгесі сумен жабдықтауға бөлінсе, 171,8 млн теңгесі су бұру жүйесін реттеуге бағытталған. Қаржыландыру көзі – кәсіпорын қаражаты, яғни амортизациялық аударымдарынан  шығарылуда.

Бүгінгі күнге дейін жалпы құны 263,5 млн теңге болатын жұмыс атқарылған. Бұл – жылдық  жоспардың 70%-ы. Оның ішінде сумен жабдықтау бағытында 143,2 млн теңгенің, ал су бұру саласында 120,3  млн  теңге  жұмсалды.

– Құрылыс-монтаж жұмысы былтыр қараша айында басталды. Биыл жыл соңына қарай толық аяқталады. Жобалық деректерге сәйкес айтатын болсақ, өнімділігі 14736 текше метрді құрайтын кәріз сорғы стансасының жұмысы реттеледі. Оған қуаты 290 текше метр болатын арнайы үш сорғы агрегаты орнатылады. Бұл жоба Зашаған кентінің су бұру жүйесін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қосымша абоненттерді қосуға және тәулігіне 1414700 текше метр ағын су айдауға мүмкіндік береді, – деді «Батыс су арнасы» ЖШС-ның инженері Ақылбек  Серәлиев.

Одан бөлек коммуналдық инфрақұрылымды, яғни энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы жұмыс жалғасуда. Аталған жобаға жалпы 5,83 млрд теңге қарастырылған. Оның 1,71 млрд теңгесі сумен жабдықтау жүйесіне, 4,13 млрд теңгесі су бұру саласына бағытталған.

Ұлттық жоба шеңберінде бүгінгі күнге дейін 3,7 млрд теңге игерілген. Бұл жалпы қарастырылған қаражаттың 63%-ына жуықтайды. Ауқымды жұмыстың негізгі мақсаты – қаланың су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңартып, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыру. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйі – қала тіршілігінің тұрақтылығына тікелей әсер ететін маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан желілерді жаңарту, жабдықтарды жетілдіру және ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы істің маңызы зор.

Кәсіпорын мәліметінше, есепті кезеңнің қорытындысында 2026 жылға арналған инвестициялық бағдарламада көзделген міндеттемелер толық көлемде орындалмақ. Бұл жұмыстың жүйелі жалғасуы Орал қаласының коммуналдық инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындарды сумен үздіксіз қамтамасыз  етуге  мүмкіндік  береді.

Түгелбай  Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале