5.10.2026, 23:00
Оқылды: 0

Шыңғырлау ауданында егін жинау науқаны қарқынды жүруде

Биыл аудан бойынша 8 893 гектарға дәнді дақылдар, 6 667 гектарға майлы дақылдар, 7 050 гектарға мал азықтық дақылдар егілді.

image-05-10-26-08-07 (2)_edit_153722800898598

Сонымен қатар 12 гектарға картоп, 15 гектарға көкөніс, 10 гектарға бақша дақылдары орналастырылды. Бұған өткен жылдары егілген 30 131 гектар көпжылдық шөп пен 2025 жылдың күзінде себілген 1 935 гектар күздік дәнді дақылды қосқанда, ауданның жалпы егістік алқабы 54 637 гектарды құрады. Бұл – ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек көлемінің ауқымын аңғартатын көрсеткіш.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Елдос Оразғалиевтің айтуынша, биылғы дала жұмыстары алдын ала жасалған жоспарға сәйкес ұйымдастырылып, шаруаларға қажетті жұмыстарды уақытында атқаруға жағдай жасалған.

image-05-10-26-08-07 (1)_edit_153727616798231

- Биылғы егіс науқанына дайындық кезеңінен бастап шаруа құрылымдарымен бірлескен жұмыстар жүргізілді. Егіс алқаптарын тиімді орналастыру, тұқым қорын дайындау, техника мен жанар-жағармай мәселесін пысықтау бағытында тиісті шаралар атқарылды. Қазіргі таңда егін жинау жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Шаруаларымыздың еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз. Ең бастысы – науқанды сапалы әрі ысырапсыз аяқтау, – дейді.

Ауданымызда 8 478 гектар дәнді дақыл бастырылды. Бұл жинауға жататын алқаптың 78,3 пайызына тең. Орташа өнімділік гектарына 29,1 центнерден айналып, жалпы 24 671 тонна астық жиналды.

Майлы дақылдарды жинау жұмыстары да қарқынды. Бүгінгі таңда 5 591 гектар алқаптың өнімі жиналып, орташа өнімділік 10,3 центнерді құрады. Нәтижесінде 5 782 тонна майлы дақыл өнімі қамбаға құйылды. Жинау көлемінің 83,9 пайызы орындалған.

image-05-10-26-08-07_edit_153732365772084

Егін жинау жұмыстары аяқталуға жақындағанымен, шаруаның еңбегі мұнымен тоқтамайды. Ауыл шаруашылығында бір науқан екіншісімен жалғасып жатады. Қазірдің өзінде 2027 жылдың өніміне дайындық басталып кеткен.

Бүгінгі таңда аудан бойынша 2 902 гектар жерге күздік дәнді дақылдар себілді. Оның ішінде 2 197 гектарға күздік бидай, 705 гектарға күздік қара бидай орналастырылды.

Әрине ертеңгі күннің қамын бүгіннен ойлаған диқан қауымының жауапкершілігі де жоғары.

Ел ырысын еселейтін егін науқанының табысты аяқталуы тек шаруалардың ғана емес, тұтас аудан жұртшылығы үшін маңызды. Қамба астыққа толып, диқанның еңбегі берекелі нәтижеге ұласса, оның игілігі елге ортақ.

Светлана Ешматқызы, 

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале