5.10.2026, 16:30
Оқылды: 16

Тайпақтан табылған бриллиант

Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдени және өнер орталығында  жас ақын  Абылайхан Мақсұттың «Тайпақтан табылған брилиант» атты поэзия кеші өтті. Іс-шараның бұлай аталуы «Мөлдір өлең» поэзия жобасының жетекшісі Мөлдір Айтбаева жыр-мүшәйрада «Тайпақтан бриллиант тауып  алдым» деген сөзінен туған еді.  Өнер ордасында ине шаншыр оры болмады. 

DSC06318

«Абылайхан деген қыр қазағы, Аңғалдығы бар – бір ғажабы» деп кештің тізгінін ұстаған Жарқынбек Шынтай ақынды қошеметтеп ортаға шақырды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп хәкім Шәкәрім жырламақшы, поэзия кеші жаңа бағытта өрбіді. Бұл жолы өнерсүйер қауымның, әсіресе жас өрендердің пейілін ескеріп, мінберден ұзын-сонар сөз сөйлемей, барынша ақынның өзін әмбе асыл өлеңін тыңдауға арнады. Өлең мен ән қатар өрілген іc-шараның мақсаты – жас дарынды қолдай отырып, поэзияны халықтың құлағына құю, қазақ әдебиетін заманның бейнесіне сай насихаттау.

«Қадыр аялдамасы» жобасының алғашқы қонағы болып келген Абылайхан Мақсұт қазақтың қара өлеңін сыйлап келген көпшілікке «Қош келдіңіз!» айтты. Жүргізуші іс-шараның шарты бойынша Қадыр Мырза Әлидің афоризмі, өлеңі яки қағытпа әзілінен бір шумақ мысал келтіруге қолқа салғанда, Ақжайықтың ақыны «Бір жақсы, бір жаман» атты өлеңін бернелеп жырлады.

«Тайпақтың табиғаты, әлде Оралдың оттары яки әдеби орта, осылардың қайсысы саған шабыт береді?», – деген сауалға, жас ақын: «Шабыт – көңілің тебіреніп, сүйсінгенде, қуанғанда, қайғырғанда келетін тылсым дүние. Өз басым, «Талант топырақтан» дегенді аса құптамаймын. Ақынның ақын болуы – Құдайдың берген дарыны, қала берді тайдың тасындай болған алдыңғы буын аға-апалар мен жас ақындар жиналатын әдеби ортадан деп білемін. Сары даламызда бұйығып, буырқанып жатқан дарындылар көп. «Мөлдір өлең» менің ғана емес, дәйім осындай жастардың жұлдызын жақты», – деп Ақ Жайықтың жас ақыны жобаға қатысуға тілеулес болған ақын Дариға Мұштанова мен ел-жұртқа  алғыс  білдірді.

Мазмұнды іс-шарада ақынның болмыс-бітімін ашу үшін қызықты ойындар ойнатылды. Осы орайда кеш иесінің суырыпсалмалық қыры мен тапқырлығын тексеру мақсатында «Қадырдың ізімен», «Сөз құдіреті» атты Қадыр Мырза Әлидің өлең шумақтары мен дәйексөзін жалғастыруға тапсырма берілді. «Таланттарды тау-тастан іздеу керек, Талантсыздар өздері-ақ табылады», «Сен махаббатпен ойнасаң, сезім сенімен ойнайды» деп Абылайхан Қадыр ақынның ойын өз ой ұшқырына салып аяқтады. Ақжайықтың Қадырқұлынан ат терлетіп келген ақын «Әже», «Ауыл», «Күз жылаған», «Жантақ гүлдеген», «Сәулесіндей жұлдыздың», «Мен деген...» сынды «Жансенбіл» кітабына топтастырылған бірсыдырғы өлеңдерін төгілтіп оқыды. Бриллиант өңдеген сайын жарқырай беретін секілді ақын да сазгерлік қырын танытып, домбыраны күмбірлетіп  ән  шырқады.

Поэзия кешінде Қадыр орталығы жанынан құрылған «Иірім» шығармашылық ұйымының өнерпаздары Абылайхан Мақсұтов өлеңдерін мәнерлеп оқып, ән шырқады.

– «Қадыр аялдамасы» кешінің алғашқы іс-шарасында лық толы залды көріп, ерекше қуанып, көңілім толқып отыр. Осыған дейін Қадыр орталығының төріне талай алдыңғы буын өкілдерін қошеметтеп шақырдық. Ағыны
қатты заман адамның бойындағы асыл қасиет – сабырды ұрлап бара жатқандай. Сол себепті кештің мазмұнын өзгертіп, бір сағаттың көлемінде басы артық адам сөйлемей, уақытты кеш иесіне арнадық. Бұл жоба болашақта жалғасын табады. Абылай – басы ноқтаға сыймайтын асау ақын, – деп өнер орталығының директоры Талғат Мықи кеш иесіне алғысхат пен сыйлық табыс етті. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының директор-өкілі Дариға Ғазезқызы көзіндегі отты, бойындағы табиғи мінезді, тазалықты, сәулені өлеңге «орап берген» жас ақынға сәттілік тіледі. Жырларында буырқанған даланың тазалығы, сағымға толы сағынышы, адалдық, биіктік есіліп тұратынын тілге тиек етті.

DSC06368

«Абылайдың өлеңін тыңдаймыз» деп алыстан ат шалдырып, жолсоқты болып шаршап келген ақынның жерлестері сахнаға шығып сөз алды. Айтыскер ақын Сағынтай Бисенғалиев «Абылайдан кейін өлеңді қоюуымыз керек сияқты» деп, дарынды ақын арынынан Махамбет бабамыздың рухы  сезілетіндігін  баса айтты.

– Бриллиант әр салада бар. «Талантты топырақ бермейді» дегенге көне қоймаймын дейсің... Махамбет бабамыздың тұлпарының тұяғы тиген қасиетті Тайпақ жерінен Жиембет жырау, тана Сүгір, жүре берсек Жұбан, Сағынғалилар шықты. Топыраққа тіл тигізбе. Неге қарбыз Тайпақтан басқа жерге өспейді?! Бойдағы талант Тайпақтан бөлек, Ақ Жайық, алты Алаш, қала берді күллі қазақ елінің рухынан беріледі. Поэзия дегенде үйде жата алмай, ілекерлеп ауыл халқы келіп отыр. Ауылда булығып, тұншығып жатқан талант баршылық. Сондықтан нағыз дарынды ауылдан іздеу керек, – деді С. Бисенғалиев ақын інісіне ақжолтай тілегін арнап, Ақжайық ауданы әкімінің алғысхатын табыстады.

Перизат Сариева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале