«Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында Ардақ негізгі мектебінде абаттандыру және жас ұрпаққа табиғатты аялауды үйрету бағытында игі шаралар ұйымдастырылды.

Тазалық тек қоршаған ортаның көркі ғана емес, ол әр адамның бойындағы мәдениет пен жауапкершіліктің көрінісі. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық жобасы аясында Ардақ негізгі мектебінде мектеп ауласын көркейту, абаттандыру және оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Аталған игі бастама аясында мектеп аумағын ретке келтіру, айналаны көркейту және жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарына мектеп мұғалімдері мен техникалық қызметкерлер белсенді түрде атсалысты. Ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек еткен ұжым мектеп ауласының тазалығы мен көркін жақсартуға өз үлестерін қосты. Мұндай жұмыстар білім ордасының сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, оқушыларға еңбектің қадірін ұғындырып, туған жерге жанашырлықпен қараудың маңызын көрсетеді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды ерте жастан бастаудың маңызын ескерген мектеп ұжымы оқушыларыды гүлдерді күтіп-баптау және табиғатты қорғау тақырыбында танымдық тәрбиелік шара өткізді. Сабақ барысында бүлдіршіндер бөлме гүлдеріне күтім жасаудың қыр-сырымен танысып, өсімдіктерді уақытылы суару, топырағын қопсыту, жапырақтарын күтіп ұстау және оларға ұқыптылықпен қарау жөнінде мағлұмат алды. Сонымен қатар қоршаған ортаны таза ұстау, жасыл желекті көбейту мен табиғи байлықтарды қорғаудың адамзат үшін маңызы түсіндірілді.
– Табиғатты аялау мен тазалыққа үйрету бала тәрбиесіндегі маңызды бағыттардың бірі. Біз оқушыларға қоршаған ортаны қорғау туралы айтып қана қоймай, оны іс жүзінде көрсетуге де мән береміз. Гүлдерді күтіп-баптау арқылы балалардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік, ұқыптылық сияқты қасиеттер қалыптасады. Әрбір бала өз қолымен отырғызған немесе күтіп-баптаған гүлінің жайқалып өскенін көргенде, табиғатқа деген сүйіспеншілігі де арта түседі. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай шаралар оқушыларды қоршаған ортаға жанашыр болуға, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруға тәрбиелейді, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жайдарлы Қайырханқызы.
Шын мәнінде, тазалық пен табиғатты қорғау бір күндік науқан емес, үздіксіз атқарылатын ортақ міндет. Мектеп ауласын абаттандыруға ұстаздар мен техникалық қызметкерлердің бірлесе қатысуы, ал оқушылардың жасыл желекке қамқорлық танытуы осы жауапкершіліктің нақты көрінісі. Үлкендердің өнегелі ісін көріп өскен жас ұрпақ та қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарап, тазалықты сақтауды өз міндеті санайтыны сөзсіз.

Ардақ негізгі мектебінде ұйымдастырылған бұл екі шараның түпкі мақсаты білім алушыларға экологиялық тәрбие беріп қана қоймай, ортақ іске жұмылу мәдениетін қалыптастыру. Өйткені таза мектеп таза ортаның, ал табиғатты аялайтын саналы ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі. Мектеп ұжымының игі бастамасы осындай ізгі істердің жалғасын тауып, әр баланың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен табиғатқа деген қамқорлықты қалыптастыруға бағытталған.
Сара Шакрат
Шыңғырлау ауданы