Бүгін Батыс Қазақстан облысында Бөкей ордасының құрылғанына 225 жыл толуына орай Хан Ордасы ауылында тарихи-мәдени мұраны дәріптейтін ауқымды «Хан жәрмеңкесі» фестивалі ұйымдастырылды.

Фото: Мәди Салық
ХІХ ғасырдағы сауда-саттық пен қолөнер дәстүрлерін заманауи форматта жаңғыртатын бұл этно-мәдени алаңға облыстың 12 ауданы мен Орал қаласы қатысты.

Іс-шара барысында әр аудан мен қала делегациясын аудан әкімдері бастап келіп, арнайы тігілген 12 қанатты ақшаңқай киіз үйлерді орналастырды. Киіз үйлердің сыртқы аумағы мерекелік нақыштармен безендіріліп, іші ХІХ ғасырдағы жәрмеңке үлгісінде жабдықталды. Жәрмеңкеде бау-бақша өнімдері, маталар мен тоқыма бұйымдары, жүн өнімдері, қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдар, ат әбзелдері, ет және тері өнімдері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құралдары мен ұлттық киімдер көпшілік назарына ұсынылып, келушілерге оларды сатып алуға мүмкіндік берілді.

Мерекелік шарада аудан әкімі Нұрлыбек Даумов тұрғындар мен қонақтарды құттықтап, тойдың маңыздылығын атап өтті.

Жәрмеңке алаңында күйшілер, дәстүрлі әншілер, термешілер өнер көрсетіп, қолөнер шеберлері шеберлік сағаттарын өткізді. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен аламан бәйге, құнан бәйге, тай, топ бәйгелері, арқан тартыс, қой көтеру және қазақ күресі ұйымдастырылып, театрландырылған қойылым мен мерекелік концерт көпшілікке зор көңіл күй сыйлады.



Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz