Үш сағаттан астам уақыт көрермен тікесінен тік тұрып тамашалаған республикалық айтыс өз мәресіне жетті.

Дүбірлі додада еліміздің әр өңірінен арнайы келген сөз жүйріктері суырыпсалма өнердің озық үлгісін көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Айтыс барысында қайны мен жеңге, аға мен қарындас болып сөз қағыстырған ақындар туған жер, ел бірлігі, ұлттық құндылықтар мен қоғамдағы өзекті мәселелерді арқау етті. Елімізге танымал ақындардың бірі қарсыласының сөзін іліп әкетсе, енді бірі астарлы әзіл мен өткір теңеулер арқылы залдағы жұртты күлдіріп, бір серпілтіп алды. Айтысқа шөлдеген қалың көрермен әрбір сәтті шумаққа қол соғып, қиқулап қолдап отырды.

Жолдастық кездесу сипатында өткен айтыстың тағы бір ерекшелігі — додада жеңімпазды анықтайтын қазылар алқасы болмады. Барлық ақынға бірдей 750 мың теңгеден беріліп, өнер иелеріне құрмет көрсетілді.

Осылайша Бөкей ордасында өткен сөз сайысы елдің рухын көтеріп, ұлттық өнердің мерейін үстем етті. Ақындар айтысы көрерменнің ыстық ықыласымен түйінделді.

Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz