Тасқала төрінде 1 қазан – Қариялар күніне орай «Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттық құндылық» атты облыстық әжелер форумы өтті.

Тағылымды шараға аудан әкімі Талғат Шакиров, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, «Әділет» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков, облыстық әжелер алқасының жетекшісі Светлана Мұғалбаева қатысты. Сондай-ақ Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Шыңғырлау, Сырым аудандарынан және облыс орталығынан келген ақ жаулықты әжелер форумның мазмұнын байытып, мән-маңызын арттыра түсті.
Форум басталмай тұрып-ақ мәдени демалыс орталығының фойесінде ұйымдастырылған «Әженің ақ құрты» көрмесі көпшіліктің назарын аударды.

Сахна шымылдығын аудандық әжелер алқасы мен «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблінің әуезді әні ашты. Ақ жаулықты әжелердің орындауындағы сырлы ән зал ішіне ерекше жылылық сыйлады.

Шара барысында аудан әкімі Талғат Шакиров жиналған қауымды Қариялар күнімен құттықтап, ақ жаулықты аналарға ізгі тілегін білдірді.
Аудан басшысы үлкендердің ел өміріндегі орнына тоқталып, олардың өнегелі жолы мен ақыл-кеңесінің жас ұрпақ үшін қашанда қымбат екенін атап өтті. Мерейлі мерекеге орай бірқатар қарияларға алғыс хаттар табыс етті.

Сондай-ақ ауданымыздың үш ардақты әжесіне «Нұрберген» шипажайына жолдама берілді. Бұл – аудан әкімінің бастамасымен ел азаматтарының қолдауымен үшінші жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан игі дәстүр.
Өз кезегінде облыстық әжелер алқасының төрайымы Светлана Қайретденқызы Тасқала ауданындағы әжелер алқасының атқарып отырған жұмысына ерекше тоқталды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне бағытталған тағылымды іс-шаралардың өтуіне қолдау көрсетіп отырған аудан басшылығына ризашылығын білдірді.
Форумның тағы бір маңызды сәті – Тасқала аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әжелер алқасының жетекшісі Аққаным Ислямқызына «БҚО құрметті ардагері» төсбелгісінің табысталуы болды.
Форумның екінші бөлімі ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарына арналды.
Ақ жаулықты әжелер халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен өнегелі тәрбиесін ортаға салып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Қазақ отбасындағы кенже баланың орны, «Келіні керім, енесі есті» қағидасы, күйеу бала мен қайын жұрттың арақатынасы, ұзатылған қыз бен төркіннің байланысы секілді өзекті тақырыптар кеңінен сөз болды.

Тағылымды басқосу аудандық балалар музыка мектебінің балалар вокалдық тобы орындаған Самат Рыспанбеттің «Әжетайым» әнімен қорытындыланды.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы